Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин Ұялы ауылының шаруа қожалық иелерімен кездесіп, аудандағы бірқатар шаруаларының жазғы шабындық науқанға дайындық барысы және екпе шөп егу жұмыстарымен танысты.

Ұялы ауылының тұрғыны «Жасмин» шаруа қожалығының жетекшісі Есенгелді Жолдығалиев полигон жерінің белгілі бір бөлігін мал азығын дайындау мақсатында қолдануға рұқсат беруді сұрады. Егер аталған мәселе оң шешімін тапса, өз тарапынан ауыл халқын мал азығымен қамтамасыз етуге атсалысып, шөпті қолайлы бағада сатуды көздеп отырғанын жеткізді. Осы орайда аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Руслан Карин ол жерлерді алу жолында қандай құжаттар әзірлеу керектігін, туындайтын мәселелер туралы түсіндірді. Сөз соңында аталған мәселе бойынша алдағы жұмыс күндері арнайы жұмыс тобымен келетінін жеткізді.

Одан әрі жұмыс тобы Қитан қыстағын мекендеген «Нарын» шаруа қожалығына барып, шөп шабу науқанының өту барысымен танысты.
- Жылдағыдан қалың түскен қар суы мен ерте көктемде жауған жаңбырдың жерге дем бергені белгілі. Биыл шөптің шығымы жақсы. Осыны пайдаланып іске кірісіп кеттік. Енді сәтін салып техника сыр бермей, қыстық қорымызды уақытында жинап алу қажет, – дейді науқанның басында жүрген Әлібек Қитанов.
«Қыстың қамын жазда ойла» деген бабамыздың қанатты сөзін құп көрген «Боранбаев» шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаев 647 гектар жерге егілген мал азығы дақылдарының шығымы жақсы екенін жеткізді.
– Екпе шөп – табиғи шабындыққа қарағанда әлдеқайда құнарлы, табиғи шөппен салыстырғанда оның өнімділігі 2 еседен 5 есеге дейін жоғары болып келеді. Бүгінде ауданымызда екпе шөп егуге қызығушылық танытатын шаруалар жоқ емес. Егер ниет қылса білгеніммен бөлісіп, қол ұшымды созар едім, - дейді Мырзабай Боранбаев.

Егін алқабын аралаған сала басшылары жасыл желекке оранған егістікті көзбен көріп шаруаның еңбегі зая болмағанына куә болды. Сонымен қоса «Сисенғалиев Р» шаруа қожалығының 500 гектар жерге егілген судан шөбі де бірер айда жайқалған шабындыққа айналып шыға келетіні байқалды.

Алдыңғы жылдарға қарағанда биыл аудан көлемінде шөптің шығуы жаман емес. Енді тек шаруалар шашау шығармай ерте жаздан қамданып, қысқы қорын жинап алса игі.
Әділет Абдиров
суретке түсірген автор
Бөкей ордасы ауданы