«Ақжайық» ән-би ансамблін алғашқы ұйымдастырушы Әбден Қоспанов 1947 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмірге келген. Өзінің айтуынша, отбасында ерке өскен, мектепті бітірмей тастап кеткен. Жанұясының асыраушысы болады деп үміттеніп жүрген баласының мына әрекетіне риза болмаған әкесі кешкі мектепте болса да оқытуын өтініп, колхоз басшысына барған. Колхоз басшысы мен мектеп директоры ақылдасып, Әбденмен сөйлесіп, кешкі мектепте оқуын жалғастыруға келістірген. Кешкі мектепті өте жақсы бағалармен аяқтап, әскери борышын өтегеннен кейін А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың даярлық бөлімін үздік бітіріп, жаратылыстану-география бөліміне оқуға қабылданған.
Фотосурет: inform.kz
Әбден өтірікті ұнатпайтын, қамқорлығын аямайтын, оқығанын ұмытпайтын, көп сөйлемейтін, шашы тас бұйра, талдырмаш жігіт болды. Бокс үйірмесіне қатысты, бокстан спорт шеберлігіне үміткер, 60 келі салмақта облыс чемпионы атанды. Өзінің биік адамгершілігімен зор беделге ие болды. Жоғары стипендия алып, оқуды үздік бітірді.
1973 жылдың сәуір айында сол кездегі пединститут ректоры Қ. Кенжеғұлов Әбден Қоспанұлына студенттер ән-би ансамблін құру жөнінде тапсырма берген. Тапсырманы орындауға шұғыл кіріскен Әбден Қоспанұлы студенттер күніне арнап физика-математика факультетіндегі студенттердің күшімен пединститут акт залында мерекелік концерт ұйымдастырды. Бұл концертте Әбден Қоспанұлының қолқа салуымен мен де ән айттым. Екеуміз жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Ол менің ән айту өнерімді жақсы бағалады. Сол күні концерт соңында Әбден замандасым Орал педагогикалық институты жанынан бүгін ән-би ансамблі құрылды, аты «Ақжайық» болады деп жариялады.
Сөйтіп, «Ақжайық» ән-би ансамблінің құрылған күні 1973 жылдың сәуірі болып тарихқа енді. Әбден Қоспанұлының осы еңбегін елемей, білмегенсіп, «Ақжайық» ән-би ансамблінің құрылу тарихын бұрмалап жүргендер бар. Ансамбльдің би жетекшісі Ғаббасов Құрамыс ағай мен зайыбы Айсұлуды іздеп тауып, жұмысқа орналастырып, отбасына жатақхана бергізген де Әбден Қоспанұлы болатын. Әрине, Құрамыс ағамыз осы жақсылыққа лайық, қажырлы еңбек етті. Би өнерін керім меңгерген, тамаша өнер адамы еді ғой. Би үйретіп жатқан кездегі ағайдың шебер үйлестіретін қимыл-қозғалысына таң-тамаша болатын едік.
Ансамбльдің бишілері мен әншілеріне таңдау жүргізілді. Алғашқы кезде әнші жігіттер арасында үш жеңімпаз болды. Шайқолла Елемесов қазақтың халық әндерін тамылжыта шырқады. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Бөкей ордасы ауданы Бисен ұжымшары Жиекқұм бөлімшесінде ұзақ жыл мектеп директоры, бөлім меңгерушісі, қожалық меңгерушісі қызметтерін атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы қазіргі кезде Орал қаласында тұрады.
Сырымдық Бауыржан Раянов эстрадалық әндерді айтты. Қазіргі уақытта зейнеткер болса да, әншілік өнерін Орал қаласында жалғастыруда. Барлық концерттік бағдарламаларды Е. Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен мен ашып жүрдім. Ерекше дауысымен есімде қалған термеші қыз Жұмақиза Жұмағалиева. Осы ансамбльдің құрамында Алматы қаласында ән шырқады. Биші Шәрбану Айекешева Бәйтерек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Ансамбльде Нина Воробева эстрадалық әндерді шырқаса, Ю. Хахлачев, С. Наумов, В. Понамареев эстрадалық аспаптарда ойнады. Айтпақшы, ансамбльде Райса Әбдірахманова, Сәнекеш Мағзомова, Сағира Жолдыбаева ән айтса, концертті Нарымбек Мамаев жүргізді. Кейін ансамбль мүшелеріне концерттік костюмдер тігіліп, Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Казталов, Жәнібек аудандарының мәдениет үйлерінде және қыстақтарында концерт қойдық.
Курстасым Әбден Қоспанұлы 1975 жылдың қараша айында отбасын құрды. Зайыбы Райса Қоспанова 1954 жылы Сайқында дүниеге келген. Мамандығы физика пәнінің мұғалімі. Аян, Асылбек, Абай есімді ұлдары да өмірден өз орындарын тапты. Еңбегімен ел мерейіне бөленген курстас досымыз ұзаққа созылған аурудан қайтыс болған еді. Тірі кезінде де еңбегі бағаланды, әсіресе, өртеніп кеткен пединститут үйін қайтадан қалпына келтірудегі еңбегін білмейтін адам аз шығар. Орал қаласында бокстың дамуына да зор үлес қосқан азамат еді. Пединститутты үздік бітіргеннен кейін Әбден Қоспанұлы аталмыш институт ректорының шаруашылық жөніндегі проректоры қызметін ұзақ жыл атқарды.
Адам Имашев,
«Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі
zhaikpress.kz