Рахман Түркияға жолдама алды
18 Сәуір 2021

Рахман Түркияға жолдама алды

Жәнібек полиция бөліміне жаңа бастық тағайындалды
18 Сәуір 2021

Жәнібек полиция бөліміне жаңа бастық тағайындалды

Бөрліде «Қазақстан Барысы» турнирінің аудандық кезеңі өтті
18 Сәуір 2021

Бөрліде «Қазақстан Барысы» турнирінің аудандық кезеңі өтті

БҚО-да санитарлық-экологиялық айлық жалғасуда
17 Сәуір 2021

БҚО-да санитарлық-экологиялық айлық жалғасуда

Жәңгір хан университетінің ұжымы абаттандыру жұмыстарын жүргізуде
17 Сәуір 2021

Жәңгір хан университетінің ұжымы абаттандыру жұмыстарын жүргізуде

Жәнібек ауданының әкімі ардагер журналист Асқар Құсайыновты мерейлі жасымен құттықтады
17 Сәуір 2021

Жәнібек ауданының әкімі ардагер журналист Асқар Құсайыновты мерейлі жасымен құттықтады

19.02.2021, 18:12
Оқылды: 2274
Асау үйреткен ару

Әдеттегідей жұмыстан кейін үйде телефон шұқылап, жаңалықтар оқып отырғанымда ватсабыма жеке хабарлама түсті. «Кеште мазалап жатқан кім болды екен?» деп аштым. Жақын араласатын досым видео жіберіпті. Ол жүктелгенше «Мына ару сіздің ауылдыкі екен, танымайсың ба?» деген сауалын тағы жолдады. Бейнені ашып қарағанша асықтым. Әйтеуір ашылды. Рух берер ән қосылды. Артынша шашын түйген бойжеткен атқа секіріп мініп, тұрқы келісті жануарды бір қарғытты. Шаба жөнелді де кері айналып, «Мені көрдіңдер ме?!» дегендей камераға барынша тақалып өтті. Атқа мінген қыз көрмедік дегеніміз өтірік болады. Бірақ, дәл мына қыздай қарғып мініп, құлағында ойнағандарды кезіктірмегеніміз рас.  

IMG-20210217-WA0100

Бірден досыма «Бұл қыз Асанда немесе Октябрьскийдегі атшабарда айналысатын қыз болар?» деп топшылаған жауабымды бердім. Ол «Жоқ, бұл сенің туған ауылың Алмаздың қызы екен. Атбегілер тобында солай деп жатыр» деген жауабын жазып жіберді. Содан, бейнені ауылдастар тобына салып, мазалаған сұрақтың жауабын алдым. Ат мініп, көпшілікті таңғалдырып жүрген ару Шыңғырлау ауданы, Алмаз ауылдық округіне қарасты Аққұдық елді мекенінде тұратын Сердәрі Қаратаевтың Диляра есімді қызы екен. Бұдан бөлек, ат мінген қарындасымыздың тағы бірнеше видеосы келді. Көпшілікке жаға бермейтін тик-токқа түсіріліпті.

Осылайша әлеуметтік желі арқылы ұлттық спортымызды дәріптеп қана қоймай, қызықты контент ұсынған атбегі аруды іздеуге көштік. Біледі-ау деген жанның бәріне хабарласып, алдымен әкесі Сердәрі мен анасы Гүлнәрдың, артынша Диляраның нөмірін таптық. Телефон шалғанымызда олар отбасымен бірге Орал қаласы маңындағы ауылдардың бірінде тұрып жатқанын білдік. Дереу атқа қонып, сұхбат алуға асықтық.

дил

Барысымен Диляра өзі қарсы алды. Әкесі мен анасы да үйде екен.

- Бала күнінен бері атқа әуес. Қатарлас құрбылары қуыршақ ойнап жатқанда Диляра әкесіне еріп, мал қуалап, атқа мініп жүретін, - деп әңгімесін бастады Гүлнәр жеңгеміз. Ол сөзін қарындасымыздың әкесі мен ағасы Мирлан да растады. Диляраның өзі де атқа неліктен құмар болғанын түсіндіре алмай, күлімдей берді...

Қарындасының ұялып отырғанын сезсе керек, осы кезде оның тағы бір ағасы Ануарбек әңгімеге араласып:

- Қыз бала әкеге жақын болады ғой. Диляра да кішкентайынан әкесінің жанынан бір елі қалмайтын. Ал Сердәрі қызымызды атқа мінгізіп, еркелетіп өсірді. Қазір міне ол атқа жай мініп қана қоймайды. Асау үйретіп, бәйгеге де шапты, - деді Ануарбек.

Диляраның өзі 7 жасынан бастап атқа міне бастағанын айтады. Талай құлағанын да жасырмайды. Анасы қызының денсаулығына алаңдап, атқа мініп шаба бергенше, үйдің шаруасымен айналысу керектігін де айтқан. Бірақ, арғымаққа отырып, желмен жарысқанды ұнататын ару төрт қабырғаға сыя алмайды. Осы күні әкесінің мотоциклі мен ескі «Нивасын» да тізгіндеп үлгерген. Бүгінде кей ауылдастары Диляраға келіп, мінгі көрмеген жылқысын үйретіп беруін өтінеді екен.

- Бұрындары тек тайларды ғана үйрететін едім. Қазір бір-екі жастағы құнандарды да тақымыма баса аламын. Әрине, ағаларым мен әкем қадағалап тұрады. Асау үйреткенде ең бастысы – жылқыға қорыққаныңды көрсетпеу. Ал менің алдыма қандай асау келсе де қорықпаймын. Мүмкін оларға деген махаббатымды сезетін шығар. Әйтеуір тез үйренеді, - дейді Диляра.

Бүгінде Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің І курсында оқитын Диляра қалаға көшіп келген жылдары армрестлингпен айналысқан. Спорт шеберлігіне үміткер деген атағы да бар. Басқа құрдастары секілді қала өміріне қызығып, әдемі көйлектер алуға да онша құмар емес екен. Қолы қалт етсе, ауылға асығатын көрінеді.

- Қалада барлығы бар. Ештеңеге мұқтаж емеспін. Әкем мен анам, ағаларым қажеттінің барлығын алып беруде. Бірақ, соның ешқайсысы сайын даланың бетіңді өпкен желіне татымайды. Атқа мініп, шет-қиыры жоқ далаға шаба бергің келеді. Міне нағыз бақыт та, нағыз еркіндік те сол, - дейді атбегі ару.

Осы күні сабақ онлайн өтетін болғандықтан Диляра көп уақытын ауылда өткізеді екен. Шыңғырлаудың қиырындағы Аққұдықта малды қарап, әкесіне қолғабыс қылғанды жаны сүйетін ару педагогикалық сараманнан өту үшін қалаға келіпті. Анасы Гүлнәр жеңгеміз де қызының қалаға келгеніне қуанып жүр. «Әйтеуір қолыма түсті. Әйтпесе ауыл-ауыл деп, мүмкіндік туған бойда ауылға кетіп қалады» деп күледі ол.

Ал Диляра болса, ауылға өзінің сүйікті жылқыларын сағынатындықтан асығатынын айтады. Ауылдағы көп жылқының ішінен өзіне ең жақыны – әкесі сыйлаған Аспанқара екенін айтқан Диляра ханым өз атын түрлі тәттілермен еркелетеді. Қызға әбден бауыр басқан жануар қасына Дилярадан басқа ешкімді жуытпайды екен. Тіпті ол ауылға шықтым деп әкесіне хабарласқан күні Аспанқара сүйікті қожайынының келетінін сезгендей, тыпыршып қоя беретін көрінеді.

- Аспанқара, Намыскөк және Құлсары деген үш сүйікті жылқым бар. Қалада жүрсем, соларды қатты сағынамын. Құлсарыны бәйгеге қосып көрдім. Бірақ, бабы келіспегендіктен жүлде ала алмадық, - дейді Диляра.

Ат, атбегілікке қатты қызығатын Диляра болашақта еліміздің үздік атбегілерімен танысып, жылқы баптауды үйренгісі келетінін айтады. Сондай-ақ жылқыны емдеуді де үйренсем деген жоспары бар бойжеткеннің.

- Атқа мініп шабу кез келген адамның қолынан келеді. Ат баптау, үйрету де оңай. Бірақ жылқыдай сезімтал жануар ерекше бапты, ерекше күтімді талап етеді. Сондықтан ер қанаты туралы білгенімді одан сайын жетілдіріп, білмегенімді үйренгім келеді. Кей атбегілер жылқының көзіне қарап, оның көңіл-күйі мен не мазалап тұрғанын оқи алады. Менде сондай болғым келеді, - дейді ол.

Бар болғаны бірінші курста оқып жүрсе де, оқуын аяқтап, ауыл мектебіне барсам, әкесімен бірге жылқы шаруашылығын дамытып, бәйге аттарын баптасам деген мақсаты бар Диляра туралы айтпағымыз осы.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz