10.08.2022, 10:59
Оқылды: 65

Атырауда халықаралық шахмат фестивалі өтеді, жүлде қоры - 13 млн теңге

Атырауда алғаш рет халықаралық «Atyrau Chess Festival 2022» шахмат фестивалі өтеді. Фестивальдің жүлде қоры 13 млн 257 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220720204317031e

Сурет: ҚазАқпарат

Халықаралық шахмат фестивалін Атырау қаласында 15-24 тамыз аралығында өткізу жоспарланып отыр. Оны шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы Динара Сәдуақасова негізін қалаған шахмат академиясы ұйымдастырады.

- Біздің фестивальдің мақсаты – Қазақстанда шахматтың спорт түрі ретінде жан-жақты дамуына үлес қосу. Турнир түрлі елдер мен жас өкілдерінің басын қосатын елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Шара аясында әрбір шахмат жанкүйері өзінің күшін «шайқас алаңында» тәжірибе жүзінде сынап көре алады. Фестивальдің барлық қатысушыларына тек сәттілік пен жеңіс тілеймін! - дейді фестивальдің ұйымдастырушысы, бірнеше дүркін әлем чемпионы, 2019 жылы әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық Динара Сәдуақасова.

Оның айтуынша, фестивальға 300-ге жуық шахмат жанкүйері қатысады. Қазір 260 қатысушы тіркелген. Оның ішінде Қазақстаннан өзге 9 елдің – АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь пен Ресейдің танымал халықаралық гроссмейстерлері мен халықаралық шеберлері бар.

Фестивальдің ресми ашылу салтанаты 16 тамызда өтеді. Бағдарламада Atyrau Open, Atyrau Juniors және Atyrau Blitz деп аталатын үш негізгі турнирді өткізу жоспарланған. Оның әрқайсысының нәтижелері швейцариялық жүйе бойынша бағаланады. Сондай-ақ, шеберлік сабағы мен ойын сеансы бір мезгілде өткізіледі. Фестиваль аясында төрешілер емтихан тапсырып, FIDE төрешісі атағын ала алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинарын өткізу көзделген.

Қазақстан-Британ техникалық университетінен бакалавриат пен магистратураға арнайы гранттар бөлінеді. Грант иегерлерінің есімдері турнирдің жабылу рәсімінде жарияланады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Tartyl Fest турнирі мәреге жетіп, рекорд жаңармағанын жазған едік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале