29.07.2021, 22:51
Оқылды: 261

«Аутобус емес, консерві  банкісі  секілді»

Шаһар  тұрғындары  тарапынан  үнемі  сынға  ұшырап  келе  жатқан  7  маршруттағы  аутобусқа  өткен  жұма  күні  отыруға  тура  келді.

7-авт2

Сағат 11:25 шамасында базар аялдамасынан мемлекеттік нөмірі  079 AQ   аутобусына  он шақты жолаушы жайғасты. Деркөл кентіне бағыт алған аутобуста көпшілігі тұмшасыз, тұмша кигенінің өзі  иегіне түсіріп қойып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрып отырды. Аталмыш маршруттың «Ураллес» соңғы аялдамасына жеткенше  халық анау айтқандай көп болмады. Алайда орталыққа кері шыққанда, аялдама сайын жолаушылар мініп, иін тіресіп, ине шаншыр орын қалмады. Базарға жеткенше «қақталып», тіпті бір кішкентай қыз баланың «аутобус емес, консерві банкісі секілді» деген сөзі, сол жердегі көріністі дәл сипаттаған еді. Олай демегенде ше, адам көп,  ауа тапшы. Бір айта кетерлігі, тұмшасыз отырған кондуктор жолаушыларға тұмша киюді талап етпеді. Өзі біздің «Неге тұмша кимегенсіз?» деген сауалымыздан кейін ғана су жаңа тұмша киіп алды. Жүргізуші мен кондукторды сөзге тартқанымызда: «Тұрғындарға тұмша киіңіздер деп айтқанмен, тыңдамайды»,  – деп қысқа қайырды.

Адам  көп  шоғырланатын  базар  аялдамасында  өмір қайнап жатыр. Тұрғындар  діттеген жеріне жету үшін  қажет аутобустарына қарай жапатармағай ұмтылады. №7 маршруттың 053 AQ 07 нөмірлі аутобусының кондукторының сөзінше, тұмша киіп, санитарлық талаптарды ұстанатын жолаушылар бар. «Алайда  тұмшаны біз талап еткенде ғана киетіндер, тіпті бізді тыңдамай, ұрыса  жөнелетіндер де жетерлік», – деді ол.

– Тұрғындардан  тұмша  киюлерін  сұрасақ, байбалам салып,  айқайласады. Түсетін аялдамаларына дейін ұрысып отырады. Ол аздай, аутобустың іші-сыртын, алды-артын,  жүргізуші мен кондукторды фотоға түсіреді. Біз оларды фотоға түсірмейміз. Ондай талап та жоқ. Әрине, маған да ұрыс шығарған жолаушыны видеоға түсіріп немесе дауысын жазып алуыма болады. Бірақ артық проблема керек емес. Маған тиіспесе, соқтықпаса болды. Қазір адамдардан бәрін күтуге болады. Тұрғындар   өздерінің құқықтарын білмейді, – деп ағынан жарылды  №33 маршрутта жүрген аутобустың кондукторы (есімін айтқысы келмеді).  Шынында да, мұндай айқайдың көкесіне бір жолы №43 маршрутта  да  куә болғанбыз...

Қалай десек те, қоғамдық көлік көпшіліктің сұранысына ие. Мәселен, «Ақжол-авто» ЖШС директоры Эльдар Вагапов: «Бүгінде №7 маршрутта 24 аутобус жүр. Дәл қазіргі уақытта бұл бағытта аутобус жеткілікті. Бір жарым жылдан бері интервал 8 минуттан сақталып келеді. Карантин аяқталған кезде маршруттағы аутобустар санын 32-ге жеткіземіз. Биыл  бұл бағытта жүретін маршрутқа 11 жаңа аутобус сатып алмақпыз. Әрине, час-пик кезде тек №7 маршрутта  емес, басқа қоғамдық көліктерде де жолаушы көп болады. Біз жүргізушілер мен кондукторларға санитарлық талаптарды сақтау жөнінде үнемі айтып отырамыз. Олар да жолаушыларға ескертеді. Бірақ  тұрғындар әр түрлі ғой. Бірі түсінеді, бірі талапқа көнбей,  ұрыс шығарады», – деді бізбен телефон арқылы  әңгімелескенде.

Қаладағы қоғамдық көліктердің «жүріс-тұрысын» қадағалап, тәртіпке салып отыратын бірден-бір мекеме – Орал қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі. Аталмыш бөлімнің  бас маманы Нұрбол Сабыржановтың сөзіне сүйенсек, қазір қалаішілік 29, саяжайға жүретін 10 және  қала маңындағы ауыл-кенттерге қатынайтын  6 маршрут бар.  Жалпы,  300-ге жуық қоғамдық көлік қызмет көрсетіп жүр. Маршруттардың қозғалыс интервалын азайту жөнінде тасымалдаушы кәсіпорындардың барлығына хат жолданған. Интервал  маршруттардың  ұзақтығына байланысты анықталады. Мысалы, №2, 5, 7 маршруттар жүру қарқынын бұзбаған. Ал қалған бағыттағылар  бөлім бекіткен кестеге сәйкес  жүруде.

–  Коронавирус індетінің көптеп белең алуына байланысты маршруттар саны күрт азайды. Себебі жұмыс ағымы да  төмендеді. Көптеген үлкен нысандардың жабылуына байланысты жұмысқа баратындардың саны сиреді. Көліктердің азайып кетуіне жүргізушілердің жетіспеушілігі, аутобустардың бұзылып, істен шығуы да  себеп болуда. Өйткені қазір жеке аутобустардың жүргізушілері жұмыс қарқынының азаюына байланысты вахталық жұмыстарға кетуде. Ал бұл білікті жүргізушілердің тапшылығына әкелді. Айта кету керек, қалалық алты тасымалдаушы кәсіпорын жүргізушілерді және жалға алатын аутобустарды өз құзыреті шегінде жұмысқа қабылдайды. Биыл қоғамдық көліктердің паркін жаңартуды  мақсат етіп отырмыз. Тасымалдаушыларға аутобус парктерін жаңарту үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 210 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Тасымалдаушы кәсіпорындар 100 шақты жаңа аутобус сатып алуды жоспарлап отыр.  Мәселен, «Батыс Қазақстан аутобус паркі»  ЖШС-ы жуырда 30  жаңа аутобус сатып алды. Басқа да тасымалдаушы кәсіпорындардың көліктерін жаңартуға мүмкіндіктері бар,  – деді  бас маман.

Оралда қоғамдық көліктердің тазалығына, интервалына қатысты сын бұрыннан айтылып келеді. Ал қазіргі пандемия кезінде  мұндай сын-пікір артпаса, кеміген жоқ. Аутобустар  қарбалас шақта  әлі де  «аузы-мұрнынан» шығып жүр. «Жол мұраты – жету» деп жанталасқанымызбен, сақтық шаралары әркімнің өзі үшін қажет. Сондықтан «консервіде» қақталмауға  тырысайық.

 

Айна  Имашева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале