3.08.2021, 10:53
Оқылды: 202

«Ауыл ажарланса, халықтың әл-ауқаты артады»

Өткен апта соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі және Ақжайық аудандарына іссапармен барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар мен шаруалардың жағдайымен танысты.

aqjaiyq (2)
Өңір басшысы алдымен Теректі ауданының Шаған ауылындағы «Миронов Н. В» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Қожалық иелері Владимир мен Анна Мироновтар көкөніс өсірумен 2006 жылдан бері айналысып келеді екен. Егістіктерінің көлемі 44 гектарды құрайды. Оның 0,5 гектарына картоп, қалғанына қызанақ, қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз,
бұрыш, қияр, баялды егіпті. Ал былтыр 335 тонна көкөніс, 15 тонна бақша дақылдары өнімін
жинаған.
– Көкөніс өсіру – біздің отбасылық  бизнесіміз. Осыдан 30
жыл бұрын әкем картоп егіп бастап еді. Сол кезде біз қасында көмектесіп жүрдік. Кейін осы кәсіпті біз де меңгердік. «Барбастау фермерлері» брендін қалыптастырғымыз келеді. Өнімді өндіргенімізбен сатуда бірқатар мәселе туындайды.

Өйткені Орал қаласында көтерме бағамен сататын базар жоқ. Бұрын «Ел ырысы» базарына апарып сатып көрдік. Бірақ базар маңындағы Жұмысшы көшесінде көкөніс сататын жүк көліктері толып тұрғандықтан, тұрғындарқаланың шетіне барғысы келмейді. Екінші мәселе – жұмыс күшінің жоқтығы. Көкөніс егудің машақаты көп.
Еңбегіне сай ақша төлесең де жергілікті тұрғындар жер жыртып, арам шөбін жұлып дегендей шаруалардан қашады. Кей ер-азаматтар жұмыссыз жүрсе де
еңбек еткісі келмейді, – дейді Владимир Миронов. Облыс әкімі Подстепныйауылдық округіне қарасты «VITAMIN» шаруа қожалығының
жұмысымен де танысты. 2015 жылы құрылған қожалық 15,5 гектарға таңқурай мен 3 гектар жерге бау-бақша өнімдерін еккен. Бау-бақшаны тамшылатып суарудың технологиясын жетік меңгерген қожалық иесі 20 гектар жерге алма бағын өсірмек.
Айта кетсек, Теректі ауданында биыл 970 га жерге бақша дақылдары мен көкөніс егілген.

aqjaiyq (3)
Оның 661 гектары шаруа қожалықтарының, 265 гектары жеке аулалардың және 44 гектары ұжымдық бау-бақшаның еншісінде екен. 1635 түп жеміс-жидек көшеті (193 түп алма, 294 түп таңқурай, 38-і шие, 67-сі өрік, 50-і қарақат пен 60-ы жүзім, 853-і құлпынай және 75 түп алмұрт) отырғызылған.
* * *
Бұдан кейін Ғали Нәжімеденұлы аталмыш ауданның
Ұзынкөл аулындағы су қоймасының жұмысымен танысты.
Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов Қабылтөбе – Федоров каналы құрылысын жүргізу арқылы Ұзынкөл су қоймасының жұмысын оңалту қажеттігін айтты. Қабылтөбе ауылынан Социализм ауылына дейін Барбастау өзені бойында 51 шаруа
қожалығы орналасқан. Барбастау өзенінен шаруалар суару маусымында 2 253 450 текше метр су пайдаланады екен. Барбастау өзені бойында бірнеше су тоғандары барын ескерсек, олардың да бүгінгі жағдайы мәз емес. Егер Ұзынкөл каналы қалпына келсе, «Жайық – Шалқар» каналына да қолдау болмақ. Бұл су қоймасының негізі 1982 жылы қаланған. Содан 2015 жылы ғана дамбаны жөндеу жұмысы (шандор орнату, плита төсеу, болат тұрба салу) жүргізілген. Су қоймасының қуаттылығы 85 миллион текше метр. Оған кететін су көлемі 20 млн текше метрді құрайды. Су қоймасы қалпына келтірілсе, суармалы жер учаскелерінің көлемі мен ауыл шаруашылығы дақылдарынан алынатын өнім артпақ.

Өз кезегінде өңір басшысы су мәселесі бір ауданның ғана емес, облыс деңгейіндегі күрделі мәселе екенін, бұл болашақта шешімін табатынын және облыс аумағындағы су қоймалары мен каналдарды жөндеуді қолға алғанын жеткізді.
* * *
Минералды суының баламасы жоқ «Ақжайық» шипажайы Теректі ауданының аумағында, Жайық өзенінің жағасындағы
тұмса табиғаты тамсандыратын мүйісте орын тепкен. Былтыр шипажайда кәсіподақ қаражаты есебінен қосалқы жүзу ғимаратының құрылысы басталған.

Алайда пандемияға байланысты 100 млн теңгеге жұмыстың тек 30%-ы ғана (іргетас, бассейн және темір қалқан орнату жұмысы аяқталды) орындалыпты. Құрылыс жұмыстарымен танысу үшін Ғали Нәжімеденұлы «Ақжайық» шипажайына арнайы барды. Демалушылармен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрады.

terekti (1)

Шипажайдың директоры Альберт Сафуллиннің айтуынша, шипажай 160 орынға арналған. Мұнда үш дәрігер және 12 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Жай және жартылай люкс жабдықталған бөлме, люкс жабдықталған нөмірлер бар. Жай жабдықталған бөлмелер бір келушіге күніне 13000 теңге болса, жартылай люкс – 14000 теңге, люкс нөмірі 15000 теңгеден екен. Шипажай 2008 жылы жөндеуден өтіп, табиғи газ кіргізілген.

Десе де, шипажай күрделі жөндеуді қажет етеді.
– Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан келіп ем қабылдап жүрмін. Жасым 72-де.
«Ақжайық» шипажайына жыл сайын келемін. Соңғы жылдары шипажайдың жағдайы жақсарып келеді. Бұрын шипажай ғимараты мазутпен жылытылатындықтан, бөлмелер салқындап кететін. Қазір көгілдір отынмен жылытылады. Ауа температурасы бірқалыпты. Тамақтары да құнарлы. Шипажайдағы минералды судың елімізде баламасы жоқ. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Ақтау, Қызылордадан демалушылар жиі келеді. Тіпті көршілес Ресейден де келушілер бар. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді ғой. Осы орайда емдеу бөлмелеріне күрделі жөндеу қажеттігін айтқымыз келеді, – деді Әнуар Гайсин есімді демалушы.
Өз кезегінде өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы шипажайдиректорына кәсіподақ қаражаты есебінен бой көтеріп жатқан қосалқы жүзу бассейні бар ғимараттың құрылыс сапасына жіті мән беру қажеттігін ескертті.
* * *
Содан соң облыс әкімі «Жайық – Шалқар» каналының жөндеу жұмыстарымен танысты.
Жобаның жалпы құны – 4,2 млрд теңге. Биыл каналдың құрылыс жұмыстарына «Жол картасы» бойынша 1029,478 млн теңге бөлінген. Мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ. Бұл жоба аясында Солянка – Азнабай –
Тайпақ каналы мен Ақжайық ауданының аумағындағы Азнабай – Тайпақ суару жүйесі қайта жаңартылмақ. Өкінішке орай,
дәл қазіргі уақытта «Жайық – Шалқар» каналы жобасының геодезиялық бөлігінде бірқатар мәселе туындаған. Соған байланысты каналдың жобасына өзгерістер енгізілмек. Жобаға өзгеріс енгізу үшін аталмыш жобаны сызған Шымкент қаласындағы «Синтез» ЖШС бас инженері, жобалаушы және геодезист шақыртылуда екен.
«Жайық – Шалқар» каналының құрылысы келесі жылы аяқталмақ.
* * *
Облыс әкімі жұмыс сапарын Ақсоғым ауылындағы «Мұра» шаруа қожалығында жалғастырды. Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Мирлан Батырғалиев жетекшілік ететін қожалықта 121 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 58-і аналық мал
бағылуда. Сондай-ақ 89 жылқы мен 4000 етті бағыттағықұс өсірілуде. Кәсіпкер азамат
бройлер өсіруді қолға алумен қатар, құрылыс материалдарын дайындайтын шағын цех та ашқан. Ғали Нәжімеденұлы Мирлан Батырғалиевтың өркендей бастаған кәсібіне оң бағасын беріп, ақ жол тіледі.
Шағатай ауылдық округі маңындағы «Барбастау – Ақжайық – Индер» тас жолы жөнделе бастады. Жоба 2026 жылы аяқталмақ. Өңір басшысы іссапар барысында аталмыш тас жолдың құрылысымен де танысып, жұмыстарын қадағалады. Мердігер мекеме «Uniserv» ЖШС-ның директоры Дәурен Ерғалиевтің айтуынша, «Барбастау – Ақжайық – Индер» тас жолы жобасының келісімшарт бағасы
5,9 млрд теңгені құрайды. Биыл 15 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Құрылыс жұмысына 30-дан астам техника жұмылдырылуда. 60-қа жуық жұмысшы еңбек етсе, оның 30-ы жергілікті тұрғын көрінеді.
* * *
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің
Ақжайық ауданындағы іссапары Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты «Ихсан» шаруа қожалығында жалғасты. Қожалық 2009 жылы құрылған. Жер көлемі 3011 гектарды, соның ішінде жайылымы 3003 гектарды құрайды. «Ихсан» шаруа қожалығы 2017 жылдан бері қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруде. 2019 жылы Ресейден 53 бас таза қанды қазақтың
ақбас тұқымының қашарларын сатып алған. Былтыр мал шаруашылығын дамытуға Үкімет тарапынан 1 600 мың теңге субсидия алыпты. Қожалық төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шаруашылық басшысы Даурен Ғиззатұлы – ауылдастарына үлгі болып жүрген азаматтардың бірі. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында

Қарауылтөбе ауылындағы саябақты абаттандыруға, яғни саябақтың 800 метр қоршауларының жаңартылуына қаржылай
көмек көрсеткен. Жыл сайын Құрбан айт мерекесінде құрбандыққа мал сойып табыс-кірісі аз отбасылар мен көп балалы жанұяларға ет таратуды дәстүрге
айналдырыпты. Ауылға Мешіт тұрғызып беру жолында жұмыстануда. Ауылдың қарадомалақтары үшін Қазақ күресі залының ашылуына атсалысқан.
Сондай-ақ ол өңір басшысына малға судың тапшылығын, «Азнабай – Тайпақ» суландыру жүйесі жөнделсе, шаруаларға
қолайлы болатынын және ауданда мал шаруашылығы дамитынын жеткізді.

Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Шадиярұлының айтуынша, былтыр ауданда 820,9 га жерге 57 шаруа қожалығы көкөніс, бау-бақша еккен. Барлығы 6900 тонна бақша өнімдері алынған. Ал биыл 60 шаруа қожалық иелері 890 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егіпті.
* * *
Ғали Нәжімеденұлы іссапар барысында әбден тозығы жеткен Базартөбе дәрігерлік амбулаториясын да көрді. Дәрігерлік амбулатория 1965 жылы салынған. Қабырғалары саманнан. Амбулатория ауданның санитарлық-гигиеналық нормативтеріне сәйкес келмейді. Ғимарат салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. 2005 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілгенмен, жылыту жүйесі апатты жағ-
дайда. Су құбыры да тартылмаған, кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Амбулатория жалпы екі мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді екен. Өңір басшысы амбулаторияның орнына жаңадан модульдік дәрігерлік амбулатория салынатынын және құрылыс жобасының құны 171 387,0 теңгені құрайтынын айтты.
Базартөбе ауылындағы жалпы орта білім беретін мектеп те күрделі жөндеуді қажет етеді.

1976 жылы негізі қаланған мектепте 171 оқушы оқыса, мектеп жанындағы «Балдәурен» шағын орталығында 40 бала тәрбиеленуде. 40-қа жуық ұстаз еңбекетуде.
Салынғалы күрделі жөндеу көрмеген мектепте жауын-шашынды күндері төбесі мен жарларынан су ағады екен. Акт залы 15 жылдан бері пайдалануға жарамсыз. Қысқы аяз кезінде терезенің астынан соққан салқын желдің ызғарынан және жылыту жүйесінің тозуына байланысты мектептің ішкі температурасы +12С тан көтерілмейтін
көрінеді. Кәріз жүйелері де әбден тозған. Облыс әкімі білім ұясы ғимаратына күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде екенін айтты. Жоба құны мемлекеттік
сараптамадан кейін анықталатын көрінеді.
* * *
Облыс орталығынан барған делегация Ақжайық ауданының Алмалы ауылдық округіне қарасты «Жігер» шаруа қожалығында да болып, қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты. «Жігер» шаруа қожалығы былтыр асыл тұқымды қазақтың ақбас тұқымының 55 бас қашарын сатып алған. Соған сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға арналған 290 мың теңге субсидия алса, биыл 945 мың теңге субсидия алған. Шаруа қожалық мал шаруашылығымен қатар көкөніс егіп, бақша да салуда. Биыл үш гектар жерге көкөніс, 24 гектарға бақша өнімдерін еккен. Қожалық жеті ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Өңір басшысы жұмыс сапарын Мойылды ауылындағы таза ауыз су құбырының құрылысымен танысып, қорытындылады. «QazConstruction» ЖШС-ның мердігерлігімен қолға алынған құрылыс биыл желтоқсан айында аяқталып, мойылдылықтар таза ауыз суға қол жеткізбек. Іссапар барысында өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы Теректі және Ақжайық аудандарындағы әлеуметтік нысандар мен суландыру каналдарының және тас жолдарды төсеп жатқан мердігер компаниялардың басшыларына құрылыс барысында сапаға мән беру қажеттігін және жобаны уақтылы яяқтауды нығыздап тапсырды. Ауыл ажарланса, халықтың әл-
ауқатының артатынын жеткізді.

terekti (2)


Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале