Бәйтерек ауданының Трекин ауылында халықтық «Әже сәлемі» вокалды тобының концерті өтті. Ауыл қонақтарын осындағы «Көңілашар» әжелер ансамблі мен жергілікті тұрғындар өзіндік сән-салтанатпен қарсылап, дәм ұсынды.
Одан әрі құрылғанына 20 жыл толып отырған аталмыш өнер ұжымы һәм вокалды топ ауыл сахнасында өнер көрсетті. Сержан Құбаевтің баянмен сүйемелдеуімен «Әжелер бесік тербейді», «Гүл-гүл жайна», «Айқаракөз», «Халаулім», «Бір шәугім шай», «Жолыққан қандай жақсы», «Айналдым, елім!» және «Бейбітшілік сақталады» әндері әуелеп, тыңдаушыларды тербетті. Бұдан бөлек Асылғаным Қажетова мен Салтанат Танабаева «Шолпан», Ақжонас Ғұмарова мен Жансұлу Ғабдоллина «Жолың болсын, жолаушы!», Асылғаным Сметова «Туған жер» әндерін тамылжытты.
Топ жетекшісі Мәнзиля Нұрмұханбетова «Күлкі» атты туындысын оқып берді.
Айта кетейік, 2003 жылы құрылған бұл «Әже сәлемі» тобы бірнеше рет облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығымен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан вокалды топ бүгінде жастар тәрбиесіне де белсене атсалысуда.
Сонымен шара соңында Бәйтерек аудандық мәслихатының депутаты Нұрлыбек Хайруллин мен Трекин ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтов өнер ұжымына ізгі тілектерін жеткізіп, естелік-сыйлық тарту етті.
Марлен Ғилымхан,
Орал қаласы