27.06.2022, 15:16
Оқылды: 210

«Бәйшешек» бүр жарғанда

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада журналист, жас жазушы Жәмилә Бақтиярқызының «Бәйшешек» атты кітабының таныстырылымы өтті.

2 (8)
Кітапхананың оқу залында оқушы, студенттермен қатар арнайы шақырылған құрметті қонақтар да болды. Олардың қатарында қазақтың лирик әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев жарымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PHD доктор, профессор Асхат Маемиров зайыбымен, жас қаламгердің әкесі мен анасы және облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бар. Жиынның модераторлық қызметін «ТДК-42» телеарнасының тележүргізушісі Жандос Хамза атқарды.

– Армысыздар, қадірлі меймандар! Орал қаласына жасаған сапарларыңызға ризашылығымды білдіріп, қош келдіңіздер деймін. Біздің Ақ Жайық өңірі ақын мен жазушыға кенде емес. Сол себепті сөз өнерін ерекше бағалайтын жұртпыз. Жәмилә Бақтиярқызы, сіздің алғашқы туындыңыздың ғұмыры ұзақ болып, қазақ әдебиетінде өз қолтаңбаңыздың қалуына тілектеспін. Оқырманы мол шығармаға айналсын, - деп Бақытжан Хаберұлы тілегін жолдап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан жас жазушыға алғысхат табыс етті.

1 (27)

«Бәйшешек» атты алғашқы жинағында Жәмилә он жыл ішінде басынан кешкен ауыр күндерін суреттей келе, жас та болса, өмірден алған сабақтарын, түйген орамды ойларын жазған. Кітап үш бөлімнен тұрды: «Күрестен» басталған оқиға, шексіз «Сенімге» ұласып, соңында жас жүректің «Жеңісімен» түйінделеді. Сонымен қатар жас аутор дәрігерге, ұстазға, ата-ана мен ағайын-туысқа және Отанға деген  құрметтің қандай болуы керек екенін өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып қағазға түсірген.

Жас қаламгердің «тұңғышын» таныстыру мақсатында ұйымдастырылған жиын болғандықтан, ол жерде әдебиетте, өнерде, мәдениет саласында қыруар қызмет қылған тұлғалардың пікірлері мен лебіздері «Бәйшешекті» жазған аруға кезек-кезек жолданды. Сонымен қатар Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық коледжінің бір топ студенті Жәмиләнің балғын өлеңдерін жатқа оқып, аутордың жүрегін елжіретіп, көрермен көңіліне ой салды. Сондай-ақ кітапхананың тұрақты оқырмандары, №40 мектептің бірқатар оқушысы аталмыш кітап туралы пікірлерін бөлісті.

– Мен бүгін ерекше толқып тұрмын. Себебі иығыма жауапкершіліктің зілдей жүгі артылды. Шынайы ықыласты сезіп, көңілім босап тұрғанын жасыру қиын. Оралдай көркем қаланың жайсаң халқына дән ризамын. Талай дарын жерін басып, ауасын жұртқан Жайық өңірінде менің де бір атаулы күнім өтіп жатқаны зор қуанышқа бөлейді. Кеудемді мақтаныш кернейді. Бұл кітапты жазып бастағанымда бірінші курста оқитын студент едім. Ол кезде дәл бұлай құрметке бөленем деген ой да, мақсат та болмаған. Қазір де бестселлерге айналмаса да, өзіне деген сенімі азайған, құдайдан алшақтай бастаған бір адамға әсер етсе, қуанар едім. Мен әуелі мені қайта өмірге әкелген дәрігерлерге және осы тырнақалды туындымның өмірге келуіне атсалысқан барша тума-туысқа, өнердегі ағаларым мен апаларыма шын алғысымды айтамын, - деді жас қаламгер.

Кеш соңында жас жазушыға гүл шоқтары мен сыйлықтар тарту етілді.

Асхат Маемиров,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері, PHD доктор, профессор:

– Негізінен «Бәйшешек» кітабын аутордың замандастары, студенттер мен оқушылар көбірек оқуы керек. Адам қандай кітаптарды жиі оқыса, сондағы өмір салты, түсінігі, пайымы, тіпті көңіл күйі де санасына сіңе бастайды. Жиырма бірінші ғасырдың басынан бері жазылып келе жатқан мотивациялық кітаптардың жастарға берер пайдасы зор. Жәмиләның осы туындысы да үзілуге шақ қалған үміттің қайта бекуі жайлы жазылған. Қарындасым өмірде томаға тұйық мінезді, ұяң. Кейін оның бойындағы жасырын жатқан осыншама энергияға таңдандым. Сөйтсем, ол үнемі терең ойдың құшағында, іштей дайындықта жүргенін осы кітап жарық көргеннен кейін түсіндім. Асылында, өнер кеудемсоқтықтан емес, ұлы үнсіздіктен басталмақ. Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебегін» жазғанда он сегіздегі бозбала еді, Күләш Байсейітова жиырма төртке өтер шағында Кеңестер одағының халық әртісі атағын иемденген, ал Сәкен Сейфуллин жиырма жеті жасқа жеткенде қазіргі тілмен Премьер-министрдің қызметін атқарды, «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеймін» деген алаш гимнін Сұлтанмахмұт Торайғыров жиырма бір жасында жазған еді. Бұл тізімді соза берсек болады. Яғни айтқым келгені - адам ұлы істерді жастықтың жалынымен, тап-таза жүрегімен істеуі керек.

Нұрлан Өнербаев,

әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұл кітап – әдебиет әлеміндегі қарлығашымның алғаш рет қанат серпуінің нәтижесі. Атауының өзіндегі тасты жарып шыққан бәйшешек гүлі Жәмиләнің өміріне дәл символика іспетті. Кітапқа айналған қолжазбасының сюжетін қайталап айтып беру біз үшін тым ауыр. Мен оның атасы ретінде бәріне куә болдым. Жан жүрегімнен өткіздім. Осы туындысы жарық көргенде, қызыма: «Он жыл бойы қайтуы қиын дертпен арпалысқан кездеріңді, қайтадан есіңе алып, көз алдыңнан өткізіп, оны сюжетке айналдырып жазып шығу - өте азапты дүние. Сенің жүрегіңнің күшіне тәнтімін» деген болатынмын. Шынашақтай қыздың бойындағы жігердің, қуаттың, бойындағы дарынның негізі - тегінде жатыр. Себебі біз – қазақтың төбе биі саналған Төле бидің өз кіндігінен тараған жетінші ұрпағы едік. Оған қоса өз талантын шыңдауға, оқуға арнаған уақыты мен еңбегі...

Бауыржан Ғұбайдуллин,
жазушы, «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

– Жәмилә қарындасымыз сырт көзге өз қатарынан айырмашылығы жоқ сияқты көрінеді. Алайда тәңірі оған талант дарытты да, сынақ берді. Осындай бақ пен азаптың арасынан өтіп, ол тең құрбысының алды болып отыр. Әдебиетке әркім түрліше жолмен келеді. Көп жағдайда қиындық арқылы келмек. Өзімнің «Көресіңді көрмей, жазушы бола алмайсың» деген көзқарасым бар. Өмірдің қиындығы мен қасіреті жас талғамайды ғой. Жәмиләнің бойындағы қажыр-қайратына тәнтімін. Бұның бәрі де әуелі тәңірдің, аруақтардың қолдауы және өзінің еңбегі. Адамзатқа ортақ жазушы, интеллектуалды пайғамбар атанған Лев Толстой «Талант дегеніміз - ешкім жүрмеген жолдармен жүру» дейді. Қарындасым да әдебиет әлемнің өзінің ауыр дертін жеңу арқылы, қиындықтар мен азап жолымен келіп отыр. Сөзімді Амандос Ершуовтың шумағымен түйіндеймін.

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса, даналық бар,

Біреуде қарт та болса, шалалық бар...».

Нұртілеу Қадырқұл,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале