16.03.2021, 21:01
Оқылды: 1499

Баспанаға деп жиған миллион теңгесін бала еміне арнады

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Мәдениет және өнер» факультетінің 4-курс студенті Серік Мукашев мәрт екенін дәлелдеді. Баспана алам деп жинаған миллион теңге қаражатты сәби еміне жұмсауға бел буыпты. Екі апта бұрын ақсайлық балдырған Эмирге арналған шотқа қаражат аударғанын Шахмаровтар отбасы растады. E4126DD7-77E7-4445-B195-C9207D658786

22 жастағы Серік Мукашев волонтерлік қозғалыста жанкештілігімен де көзге түскен. Былтырғы жаз айларында коронавирус індетінің «алғашқы толқыны» шарықтау шегіне жетіп, адам өлімі көбейді. Шілденің шіліңгір ыстығында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында белсенді жігіт өз еркімен санитар қызметін атқарған. Өмір мен өлім арасында арпалысқа түскен науқастарға жанұшыра көмектескен.

204393F2-8EFA-46ED-9951-E3EE5237922A

Жомарт жігіт Эмирге қаражат жинап жатқан қарбалас шақта да тосылып қалмады. Серік Мукашевтың сәбиге көмектесем деген алғаусыз ниеті туралы жан досы жұртшылыққа хабарлаған екен. Тағдырдың ащы дәмін ерте татқан ол бұрын облыстық балалар үйінде тәрбиеленген. Өмірдің бұралаң соқпағында адасып қалмай, тура жол тапқан жайсаң жігіттің жүрегі мейірімге толы болып шықты. Университеттегі оқуымен қатар, жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген Серік тірнектеп жинаған қаражатты сәбидің ем-домына арналған шотқа аударып, екінің бірінің қолынан келмейтін мәрттік жасады.

2B2D8FDE-0375-45AD-A3E5-6476C48C5E16

Айта кетейік, ақсайлық Шахмаровтар отбасы Instagram emir_sma_aksay парақшасы арқылы аса сирек ауруға шалдыққан Эмир балақайға қаражат жинауда. Дертіне дауа болатын дәрі-дәрмек құны миллиард теңге шамасында. Наурыздың 15-і күнгі есеп бойынша қаражаттың 60 пайызы жиналған. Эмирді құтқаруға тура 35 күн қалыпты. БҚО-да 1 жасар сәбиге арналған қайырымдылық шаралары өткізіліп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жанашырлық танытып жатқандар баршылық.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале