«Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклі «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестивалінде ГРАН-ПРИ иегері атанды.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Қырғызстанда Халықаралық «Арт Ордо» фестивалі өтті. Биылғы фестиваль КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналды.
Фестивальде 6 шетелдік және 8 қырғыз театры өз бақтарын сынап, өнер көрсетті. «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестиваліне әр елден театр қайраткерлері мен театр зерттеушілері шақырылды.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білгені үшін, әділ қазылар алқасының шешімімен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ұжымы «БАЯН СҰЛУ – ҚОЗЫ КӨРПЕШ» спектаклі үшін ГРАН-ПРИ жүлдесімен марапатталды.