26.01.2023, 17:15
Оқылды: 48

Босанғанға дейінгі жәрдемақыны алу мерзімі 15 күннен бір сағатқа дейін қысқарады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Көрінбейтін үкімет» тұжырымдамасы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

IMG-20230126-WA0008

«Бізге «Invisible Government» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен және бизнеспен өзара әрекеттесетін цифрлық инфрақұрылым құру міндеті қойылды. Адам өмірінің әрбір кезеңінде – туған сәтте, балалық шақта, жоғары оқу орнына түскенде, отбасын құрғанда мемлекетпен өзара іс-қимыл жасайды. Сондықтан біздің стратегиялық міндетіміз – әрбір өмірлік кезеңдегі әрбір жағдайды талдау, тұрғындарға барлық процесті қалыпты, түсінікті және ыңғайлы ету. Ол үшін фокус-топтар жиналып, нақты мемлекеттік органдар, цифрлық вице-министрлер тартылатын болады», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін оларды барынша проактивті қызметтерге көшіру жоспарлануда.

«Мысал ретінде өмірге бала әкелуді айтайын. Бұл процестегі негізгі проблемалар – кеңес алу үшін қайда бару керектігі, қалай тіркелу және босануға дейінгі жәрдемақыны алу туралы түсінік жоқ. Бұл мәселелер 50 адамнан тұратын фокус-топта анықталды, оның құрамында жүкті және босанған аналар болды. Түсініксіз процестер көп, ал ананың базалық қажеттіліктерін қанағаттандыру керек. Сондықтан туу туралы куәлікті алу және жәрдемақыны автоматтандыру ғана емес, басқа да процестер жүріп жатыр. Мысалы, босануға дейінгі төлемді алу үшін 15 күн кетеді. Биыл оны бір сағатқа дейін қысқартамыз», - деді министр.

Сонымен бірге, жас босанған аналардың тағы бір мәселесі – патронаттық медбикені шақыру болған.

«Ережеге сәйкес, қамқоршы медбике үш күнде келуі керек, бірақ кей жағдайда медбикелер кешігеді немесе мүлдем келмейді. Сондықтан, біз де бұл процестерді автоматтандырамыз, осылайша кімнің барғанын, кімге бару керектігін және басқаларын көруге болады», - деп түсіндірді Б. Мусин.

Айта кетейік, елордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр, онда министрлік жетекшілік ететін бағыттардағы жұмыстың қорытындылары мен басымдықтары талқыланбақ.

Фото: Getty Images

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале