24.02.2023, 9:15
Оқылды: 367

Бұл мерейтой бұрынғыдан өзгерек немесе «Жайық Пресс» 20 жылдығын тойлады

Ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы бар, облысымыздағы баспасөздің қара шаңырағы саналатын бәсі биік медиахолдинг – «Жайық Престің» құрылғанына биыл – 20 жыл. Серіктестіктің мерейтойын жайықпрестіктер сәрсенбі күні «Атамекен» өнер ордасында сән-салтанаты жарасқан рухани сазды кеш ұйымдастырып, атап өтті.

 

IMG-20230224-WA0052

Өнер ордасының фоесіне медиахолдингтің мұрағатындағы жәдігерлер қойылып, көрме жабдықталды. Көрмеде облыстың үнжариясы – «Орал өңірі» және «Приуралье», сондай-ақ 12 аудандық газеттердің тігіндісі, осы басылымдарда қызмет еткен аға буын журналистердің тұтынған жазу машинкасы, фотоаппараты, сөмкесі, қаламсабы және журналистердің жарқын сәттерінен түсірілген фотосуреттер, спорттық жарыстардан алған жүлделерінің кубоктары қойылған. Сонымен қоса көрмеге 2004 жылы шыққан «Жайық дәрігері», «Жайық ардагері», «Жайық арулары», «Әділет», «Жайық жастары» секілді салалық басылымдардың тігінділері де шығарылды.

ЖП 20 жыл (3)

Салтанатты жиын басылымдардың тарихы, медиахолдингтің еңсерген белесі мен жеткен жетістігі баяндалған арнайы бейнефильммен басталды.

IMG-20230224-WA0049

– Қайырлы күн, қадірлі қолына қалам ұстаған ағайын, сала қызметкерлері мен ардагерлері! Бүгін – Батыс Қазақ-стан облысындағы бұқаралық ақпарат саласы үшін айтулы күн. Өңір баспасөзінің қара шаңырағы – екі облыстық және 12 аудандық газеттерді біріктірген «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі се-ріктестігінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Өздеріңізге мәлім, еліміз егемендік алғаннан кейін  бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңға өзгерістер енгізілді. Басылымдардың бағытын, сипатын, құқықтық мәртебесін өзгерту қажеттілігі пайда болды. Бұрынғы мемлекеттік басылымдар жекеге өтіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кету қаупі туындады. Сол өтпелі кезеңде республикада алғашқылардың бірі болып біздің облыста «Жайық Пресс» деген атаумен іргелі серіктестік құрылды. Серіктестіктің негізгі мақсаты – журналистер-дің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау, редакциялардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту және кадрлық әлеуетін арттыру болатын. Уақыттың өзі бұл құрылымның өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде «Жайық Престің» үрдісімен құрылған медиахолдингтер еліміздің барлық облысында және орталықтан шығатын басылымдарда тиімді жұмыс істеуде. Жалпы бүгінде ақпарат құралдарының ықпалы өте зор. Соның ішінде ақпаратты тез тарататын әлеуметтік желілердің ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен адамға ой салатын, дұрыс құндылықтарға үндейтін, барынша тексерілген, шынайы деректерді ұсынатын газеттердің орны айрықша. Өйткені газет – адамның дүниетанымын, ой-пікірін, қоғамдық сананы қалыптастыратын идеологиялық жұмыстың мықты құралы. Сондықтан оны мемлекеттік мүдде жолында пайдалану өте маңызды. «Жайық Пресс» медиахолдингінің материалдық-техникалық әлеуеті жыл өткен сайын нығая түсуде. Алғашында екі миллион теңгеге құрылған серіктестіктің капиталы  20 жылда 280 миллион теңгеге жетті. Биыл жыл басында қызметкерлердің айлық табысы 30 пайызға, облыстық газет тілшілерінің қаламақысы екі есе,  аудандық газет тілшілерінің қаламақысы үш есе өсті. Кез келген газеттің тірегі – оқырман. Бүгінде облыстық газетті 17 мыңға жуық, аудандық газеттерді 26 мыңға жуық оқырман жаздырып алып, оқуда. Құрметті, «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы, сіздерді 20 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Тұшымды мақала-материалдарыңыздан сусындаған ойлы оқырмандарыңыз көп болып, таралымдарыңыз арта берсін. Билік пен бұқара арасында алтын көпірге айналып, мәртебелеріңіз биіктесін, - деді жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

IMG-20230224-WA0054

Содан соң өңір басшысы БАҚ-тың бір топ өкіліне БҚО-ның «Үздік ақпарат қызметкері» төсбелгісін табыстады. Олардың қатарында «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің техникалық сектор меңгерушісі Жанат  Есполаева мен газет тілшісі Гүлсезім Бияшева, «Приуралье» облыстық қоғамдық-саяси газетінің техникалық сектор меңгерушісі Ренат Күсенов пен газет тілшісі Галина Каренских, сондай-ақ «Сырым елі» аудандық қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев, «Жайық таңы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Әлия Шарапиева және «Сырым елі» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Мұстафиев бар.

IMG-20230224-WA0053

Мерекелік жиын барысында «Орал өңірі» газетінде қызмет атқарып, зейнетке шыққан, «Ақпарат саласының үздігі»,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын-журналист Ұлдай Сариева әріптестерін мерейтоймен құттықтап, қарымды қалам иегерлеріне алғысхат табыстады. «Үздік тілші» аталымымен «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тіл-
шісі Камелия Қарекесова, «Шұғыла» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Асқар Құсайынов, «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Қыдыр Абдрахманов марапатталды.

IMG-20230224-WA0050

Сондай-ақ іс-шарада «Жайық Пресс» ЖШС-да сегіз жыл басшылық қызмет атқарған  Жантас Сафуллин ұжымды мерейтоймен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Жантас Нәбиоллаұлы қызмет еткен жылдары оның жетекшілігімен мекеме жанынан баспасөз тарихын зерттеу орталығы ашылды.

IMG-20230224-WA0051

Өңірдің баспасөз тарихы зерттеліп, «Ұран», «Дұрыстық жол», «Қазақстан», «Хабар-Известия»  газеттерінің көшірмелері жинақталды және олар кітап болып басылды. Қос газеттің электронды нұсқасы дайындалып, zhaikpress.kz сайты іске қосылған еді.

– Біз жеткен жетістіктердің бәрі – ұжымда жұмыла қызмет еткен әріптестерімнің арқасы. Әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Медиахолдингтің материалдық-техникалық әлеуетінің артуында, қызметкерлердің жалақысының өсуінде бас директор Табылғали Сатқали-ұлының ықпалы зор. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев «Істің нәтижесі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деген еді.  Мен жас маман болып қызметке орналасқанда «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Қаршыға Қосанов болды. Ол кісі өте еңбекқор, шыншыл азамат еді. Сол кезде аумалы-төкпелі сәттер болды. 80 жылдан астам тарихы бар облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерін бір серіктестіктің аясына біріктіру өте қиын еді. Қаршыға Ғалиасқарұлы сонда ұжымға бір серіктестікке бірігудің тиімділігін түсіндіріп, оларды толғандыратын мәселелерді білу үшін ашық сөйлесетін. Шыңғыс Мұқан бас директор болып тұрған кезде сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қолдауымен серіктестікке қаланың қақ ортасынан басыбайлы жеке ғимарат берілді. Облыстық биліктің осындай нақты қолдауының бір мысалы, «Жайық Преске» берілген ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде серіктестік облысымыздағы баспасөздің қара шаңырағы болып отыр, – деді  Жантас Нәбиоллаұлы. Сондай-ақ ол бірқатар қызметкерді аталымдармен марапаттады. Айта кетсек, «Орда жұлдызы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Ұлпан Жакинаға «Үздік редактор» аталымы берілсе, «Приуралье» облыстық қоғамдық-саяси газетінің дизайнері Анна Бахирева мен аудандық газеттердің дизайнері Асқар Кенжеғалиев «Үздік дизайнер» аталымын иеленді.

Салтанатты жиында өңір өнерпаздары мен медиахолдингтің өнерлі жастары ән айтып, өлең оқып, жиналғандарға керемет көңіл күй сыйлады. «Сырым елі» аудандық газетінің директор-
редакторы Бауыржан Ширмединұлының «Жайық Преске» арнауын, Жаскелең Ғайсағалиевтің орындауындағы «Жайық Пресс» әнін, күй тартыс, балдырғандардың періште пейілімен айтқан ақ тілектерін, Галина Калашникованың аккардионмен айтқан әнін жиналған халық ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Алтынбек Ермекқалиев пен «Теректі жаңалығы» аудандық газетінің редактор-директоры Әділет Орынбасаровтың ұжымға арнаған жырлары мен Қыдыр Харесовтың «Жайық Пресс» әні де кештің  көркін қыздырды.

Мерекелік іс-шара соңында жайықпрестіктер мен кеш қонақтарына ақ дастарқан жайылып, ақ тілектер мен марапаттар легі жалғасын тапты.

InShot_20230224_092916604

Cвета Ғаниева,

облыстық мәдениет, тілдерді дамыту  және архив ісі басқармасының  бөлім басшысы:

– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 жылға ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Өңіріміздегі белді басылымдардың бірі – облыстық «Орал өңірі» газеті. Мемлекеттік тіл саясатын жан-жақты насихаттау, мәдениетті сөйлеу, ана тілдің беделін арттыратын танымдық мақалалар және осы бағытта өткізілген іс-шаралар «Орал өңірі» газетінің «Тіл – тұғыр» бетінде жыл сайын жарық көріп келеді.  Сондай-ақ аталмыш бетте  мемлекеттік тілге қатысты күрделі мәселелер де жарияланады. Мемлекеттік тілдің маңызын насихаттауды мақсат тұтқан газетке жүктелер жауапкершілік те зор екенін білеміз. Ендеше, ұлттық мүддені көздейтін, отандастарымызды мемлекеттілікті нығайта түсуге жұмылдыратын, салт-дәстүрді асылдың сынығындай сақтайтын, ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай аялайтын, ұрпағына ұлағатты тәрбие беруді көздейтін «Орал өңірі» газеті әр қазақтың рухани серігі болса екен, әр шаңырақ төрінен орын алса екен деп тілеймін.

InShot_20230224_092902693

Нұртас Сафуллин,

Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– «Жайық Пресс» медиахолдингіне қарасты «Орал өңірі» облыстық газетінде 2010-2019 жылдар аралығында қызмет еттім. Газет тілшісі, кейін гуманитарлық бөлімнің меңгерушісі болдым. Алғаш қызметке орналасқанда «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы  мені сол кездегі бөлім меңгерушісі  Тоқтар Ғабдірешұлының тәлімгерлігіне бекітті. Тоқтар ағадан жазудың қыр-сырын меңгердім. Іссапарларға бірге алып барып, репортаж  жазуды үйретті. Кейін  Бауыржан Файзоллаұлы бастаған кәсіби білікті Есенжол аға (Қыстаубаев), Сырымбек аға (Тұяқов), Қазбек аға (Құттымұратұлы) секілді журналистерден тәлім алдым. Журналистік қызметте  әр сала бойынша жетістікке жеткен, елге сыйлы, танымал тұлғалармен кездесесің, олармен сұхбаттасып, өнегелі өмірін халыққа жариялайсың және өзің де ондай жандардан үлгі-өнеге аласың. «Жайық Пресс» ЖШС-да қызмет еткен жылдар мен үшін жемісті болды. Рухани, адами тұрғыда дамып, жетілуіме септігін тигізді. Жоғарыда есімін атап кеткен ағаларды өзіме өмірлік ұстаз деп санаймын және оларға деген құрметім ерен.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

ЖП 20 жыл (8) ЖП 20 жыл (7) ЖП 20 жыл (6) ЖП 20 жыл (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале