3.08.2021, 16:36
Оқылды: 192

«Бұлқыныстың» тұсауы кесілді

Бүгін Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында аталмыш ұжымның ұйымдастыруымен, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының оқытушысы, «Руханият» еріктілер тобының жетекшісі Қайыржан Таубаевтың «Бұлқыныс» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

kitap (1)
Іс-шарада аталмыш кітаптың авторы Қайыржан Бақытұлы өзінің шығармасын жиналғандарға қысқаша таныстыра келіп, мүмкіндігі шектеулі болғанмен, мүмкіндіктері мол, қиындыққа төтеп беретін батыл да өжет жандардың өмірге деген құлшынысы мен қайратын қайраған бұлқынысын туындысына негіз еткенін мәлім етті.

kitap (2)

Бұдан соң Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров оқырманға жол тартқалы отырған «Бұлқыныс» кітабының жұртшылықты спортқа, саламатты өмір салтына тәрбиелейтінін, шығарма кейіпкерлері - мүмкіндігі шектеулі жандардың қол-аяғы балғадай болса да, масылдық әдеттен арылмаған қайсыбір азаматтарға үлгі боларлықтай екендігін айтып, жиналған қауымды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, тұсау кесу рәсімін жасады.

kitap (3)

Жиында сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Софья Ізмұханбетова, «Бұлқыныс» кітабының кейіпкерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар Гүлмира Батпақұлова мен Азон Шаймарданов сөз сөйлеп, аталған шығарманың мұғалімдер, жалпы қалың оқырман үшін маңызы мен мәні зор, оқылымды туынды болатынын баяндады. Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жасөспірімдер тұсауы кесілген кітаптың авторы Қайыржан Таубаевтың өлеңдерін оқыды.

kitap (5)

Нұрым Нұрманов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале