30.07.2021, 9:18
Оқылды: 1478

Екі бағытқа маршрут ашылды

Орал қаласының автобекетінде ауданаралық (облысішілік) Федоровка-Орал-Федоровка және Жәнібек-Орал-Жәнібек автобус маршруттарының ашылу салтанаты болды. Іс-шараның  ашылуында құттықтау сөз сөйлеген БҚО жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айгүл Отарғалиева бұл маршруттың облыс жұртшылығы үшін тиімді болғанын айтты.   

1 (17)

 –Біздің басқарма бойынша биыл екі конкурс өтті. Конкурс нәтижесі көрсеткендей, 2018 жылдан шешімін таппай келе жатқан «Федоровка-Орал-Федоровка» маршруты бүгін іске қосылып отыр. Федоровка жұртшылығы үшін бұл қуанышты жайт. «Автотранс» жеке кәсіпкерлігі конкурстың жеңімпазы болып танылды. Ал Жәнібек ауданына былтырдан бері күніне бір автобус қатынайтын. Дәлірек айтқанда, автобус бірінші күні Оралдан келетін де, екінші күні Жәнібекке кететін. Бүгіннен бастап аталған ауданға автобустар күнде жүретін болды. Бұдан бұрын облыстағы 12 ауданның кейбірінде маршруттар жоқ еді. Биыл Сайқын, Жымпиты, Тасқала, Орда, Жаңабұлақ, Қалдығайты, Пятимар ауылдарына автобус маршруттары ашылып, қызметін бастады. Бүгінгі таңда басқарма бойынша 25 автобус жүреді.  Әлеуметтік маңызы бар аудан, ауылдарға биыл 175 млн субсидия бөлінді. Қазір тасымалдаушылар 9 маршрут бойынша субсидия алып отыр. Субсидия жолаушылар үшін тиімді. Мысалы, Жәнібекке бару үшін жолаушы таксиге 6-7 мың теңге төлесе, біздің автобустың құны 2 мың теңге. Алдағы уақытта тағы да басқа маршруттарға субсидия қарастырылуда,-деді ол.

1 (8)

Федоровка-Орал бағытындағы маршруттың ресми өкілі Дастан Күзенбаев осы беталыстағы маршруттың бағасы 300 теңге екенін, ал аудан орталығының бері жағындағы ауылдарға сәйкесінше билет құны арзандай беретінін баян етті.

 –Автобус күніне 4 рет қатынайды. Облыс орталығына жақын орналасқасын, қаладан Федоровкаға келіп, жұмыс істейтіндер көп. Орал қаласында тұрып, Федоровкада жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер де кеште жұмыс біткесін маршруттық автобуспен әп-сәтте қалаға жетіп қалады,-деді Дастан.

«Жәнібекстройсервис» ЖШС механигі Жасұлан Хасайынов Жәнібек жұртшылығы үшін  ашылған маршруттың ыңғайлы болғанын айтады.

 –Серіктестің техникалық базасы жақсы. Жақында жаңа автобус алдық. Жыл соңына дейін тағы бір көлік аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа маршрут жолаушыларға өте қолайлы болып тұр. Бұрын 500 шақырым жерден келгенде, екінші күні автобус болмайтын. Ал мына маршрут бойынша жолаушы Оралға келеді де, жұмысын бітіріп, қалаған уақытында ауылға қайтады,-деді ол.

 –Әрине, бұл жаңалықтың өзі халыққа жайлы тиеді. Барып, келіп жұмыс істейтін жастар да қуанулы. Осынау жағымды жаңалықты жұртшылық көптен күтіп жүретін. Қалың көпшілікке жайлы жағдай тудырғаны үшін облыс әкімдігіне, облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасына ризашылығымызды білдіреміз,-деді Теректі ауданының тұрғыны Асылай Шалиева өз сөзінде.

                                                                               Нұрым Нұрманов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале