15.09.2021, 21:14
Оқылды: 87

Марабай мұрасын жаңғыртты

14 қыркүйек күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР Журналистер одағының мүшесі, «DANAgaz» журналының редакторы Нұрлан Сәдірдің «Марабай» музыкалық драмалық композициясын Бөрлі ауданы халықтық «Мұрагер» театрының әртістері сахналады. Спектакльдың режиссері – «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, «Мұрагер» театрының жетекшісі Әсел Молдағалиева, ал суретшісі – Нұрлан Оразғалиев.

  м2

Марабай Құлжабайұлы шығармашылығын көпшілікке насихаттауға арналған бұл музыкалық драмалық композицияда жыраудың жігіттік шағы мен өмірінің соңғы жылдары суреттелген. Қойылым шағын диалогтардан құралған және көп бөлігі жырдан тұрады. Ыбырай Алтынсаринді Өтепберген Қарасаев, Марабай жыраудың ізін жалғаушы жас баланы Жарқынбек Шынтаев сомдады. Театр әртістері Айболат Какимов, Зәуре Ерғалиева, Ернар Төлеуов, Эльдар Құдабаев, Альбина Жолсарина, Айжамал Нажимова, Наргиза Қажыгерей, Виктория Суханова, Ерасыл Мәлік өз рөлдерін жақсы алып шықты.

м3

Режиссер Әсел Нағымқызы дәстүрлі әнші Кенесары Болғанбаевтың Марабайды жоғары деңгейде сомдағанын, басқа кейіпкерлердің де жыраудың бейнесін ашу үшін барынша еңбек еткенін, аз ғана уақыттың ішінде осындай қойылымды сахналап, көрерменнің көңілінен шыққанына қуанышты екенін айтты.

м1

– Ұлы Марабай жырау қайтадан ұлықталып жатыр. Сыншыл Абай: – «Қазақта Марабайдан асқан ақын жоқ», – деді. Толғау айтып, тоғыз ханды түзеткен Сыпыра жыраудан жалғасқан алтын артқан керуеннің нарлары шөгіп, әр қырдың астында қалып жатыр. Аруағы қалған даңқымызды, шаңдағы қалған жұртымызды қайтадан көктету үшін Марабай мұрасын әлі де зерттеуіміз керек. Үш қиянның еліндегі ұлы дүбір басылмасын және қазақтың пайдасына ғана шешілсін, - деді Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының және әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан.

м0

 

Марлен ҒИЛЫМХАН,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале