22.06.2021, 10:15
Оқылды: 270

Ойын алаңы – ортақ арманы

Деркөл кенттік округі – жыл санап тұрғыны көбейіп, іргесі кеңіп, қанат жайып келе жатқан Орал қаласының болашағы зор құрамдас бөлігі. Аумағы 24 мың гектардан астам аталмыш округтің бүгіндері 30 мыңнан астам тұрғыны бар. Алдағы күзге салым халық саны және әжептәуір көбейері кәміл. Өйткені жылдағыдай биыл да қар еріп, жер кебісімен жеке тұрғын үй салу күрт қарқын алды. Бұрынғының кісілеріндей елге ел қосылғанын құт санап, құп көреміз, әрине. Дегенмен, шаһар басшылығының назарына ұсынар қордаланған мәселелер де баршылық. Сондай мәселенің бірі – Деркөл кенттік округіне қарасты Ветелки ауылы мен «Өскен», «Көкжиек», «Жаңа құрылыс» («Новостройки») және «Сарыарқа» шағынаудандарында балалар ойын алаңы мен спорт қалашықтарының тапшылығы.

ор2

Соның кесірінен мысалы, «Көкжиек» шағынауданында ұлы бар, қызы бар, көше жолының үстінде ойнайтын бала атаулыдан көз тұнады. Бұл Деркөлдің өзге құрамдас бөліктеріне де тән жағдай. Бұған қарап, кент һәм қала әкімдігі мәселеден мүлдем бейхабар деуден аулақпыз. Сөйте тұра ойын баласының басқа ойнайтын жер болмағандықтан жол үстінде ойнауы кез келген уақытта қайғы-қасіретке ұрындыруы әбден кәдік жағдай екендігін естен шығаруға болмайды. Сол себепті де Деркөл кенттік округінің үлкен-кішісі үшін ойын алаңы ортақ арманға айналған. Егер тап осы мәселеге терең зер салып, байыппен қарар болсақ, халық тығыз қоныстанған елді мекендерде қазіргі заман талабына сай балалардың ойын алаңы мен үлкен-кіші бірдей тұтынар спорт қалашықтарының жеткілікті болуы, ұлтымыздың демографиялық тұрғыдан дәуірлеуіне оң ықпал етер елеулі фактор екендігіне көз жеткізу қиын емес.

жубан жумагалиев

– Былтыр Ветелки ауылы мен «Үміт», «Жаңа құрылыс» ықшамаудандарында балалардың кішігірім ойын алаңдарын жасақтап, балдырғандарды қуанышқа кенелттік. Ал биылғы жылдың соңына дейін Ветелкиге қоса, «Жаңақұрылыс», «Өскен», «Көкжиек» (ПДП1), «Сарыарқа» (ПДП2) шағынаудандарында кешенді, яғни балалардың ойын алаңдары және үлкен-кішінің бірдей кәдесіне жарайтын спорт қалашықтарын жергілікті жұрттың ортақ игілігіне айналдырмақ ниеттеміз, - деді бізбен әңгімесінде Деркөл кенттік округінің әкімі Жұбан Жұмағалиев.

ор3

Интернет байланысы нашар   

«Көкжиек», «Сарыарқа» шағынаудандарына ортақ тағы бір түйткілді мәселе – интернет байланысының нашарлығы. Мұндай әттегенай әсіресе, Деркөл кентіндегі дәрігерлік амбулаторияға тән жағдай. Ғаламтор байланысының шабандығынан ем-дом қабылдауға ділгер тұрғындардың күн ілгері тапсырған анализдерінің қорытындылары дәрігерлерге уақтылы жетпейді. Бұл онсызда денсаулығы сыр беріп, мазасы болмай жүрген науқастардың жүйкесін онан сайын жұқарта түсер жайт екендігіне ешкім дауласа қоймас. Осы тұста тағы бір айта кетер түйткіл, дәрігердің сырқат адамға тағайындаған дәрі-дәрмегіне медбикелердің рецепті тым ұзақ, орта есеппен 3040 минуттың о жақ, бұ жағында жазатындығы. Өзіміз бірнеше рет куә болған осы олқылық медбикелердің жұмысы жеткілікті дәрежеде жүйелі ұйымдастырылмағандықтан-ау деген ойға келдік. Осы уәжімізге тағы бір дәлел, биыл 26 сәуірде учаскелік терапевт Г.Сағалиева тағайындаған тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті мамыр айының он жетісінде төртінші рет барғанда әрең алдым. Осы жайттың өзі-ақ науқастарға тегін дәрі-дәрмек беруі тиіс жүйенің жұмысында кінәрат бар екендігінің нақты дәлелі. 17 мамыр күні емделушілер тегін алуы тиіс дәрі-дәрмек неге кешіктіріліп берілетіндігін білмек оймен амбулатория меңгерушісі Айнұр Нұрғалиеваға жолықпақ болғанбыз, ол кісі орнында болмай шықты. Аға медбике Динара Есмағұлова меңгеруші №1 емханаға жиналысқа кеткендігін айтты. Бір сағаттан аса күткенімізбен меңгерушінің төбесі көріне қоймады. Ал жиналыс атаулы пандемия кең етек жайған былтырғы наурыз айының бел ортасынан бері онлайн сипатта өтпеуші ме еді? Демек, меніңше, Орал қалалық №1 емханаға қарасты Деркөл дәрігерлік амбулаториясында жұмысты ұтымды ұйымдастыруға қатысты жетілдіретін мәселелер баршылық. Бұған қоса, осыдан біраз жыл бұрын пайдалануға берілген емхана ғимаратының шатырына көгершіндер қысы-жазы емін-еркін кіріп шығып жүр. Көп кешікпей емхананың төбесі көгершіннің қиының кесірінен сыр беруі әбден ықтимал. Тап осы жоғарыдан нұсқау күтіп отыратын шаруа ма енді?..  Біздің бұл айтқандарымызға облыстық денсаулық басқармасының басшылығы мен №1 емхананың әкімшілігі уақтылы құлақ асып, тиісті қорытынды шығарар деген үміттеміз.

ор1

Мектептер қазірдің өзінде тарлық етуде

Орал қаласының тұрғындары жыл санап табиғи өсімге қоса, аудан, ауылдардан облыс орталығына қоныс аудару, яғни ішкі урбанизация есебінен де көбейген үстіне көбейе түсуде. Әрі үшбу үдерістің жуық маңда күрт бәсеңдеуі немесе сап тыйылуы да неғайбіл.

Орал қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Оспанның бізге берген мәліметіне қарағанда, Деркөлдің «Көкжиек» шағынауданының бүгіндері 2548 тұрғыны, ал «Сарыарқаның» 8053 тұрғыны бар көрінеді. Аталмыш қос ықшамауданның әрқайсысында 600 оқушыға арналып салынған бір-бір мектептен бар. Осы білім ошақтары осыдан екі-үш апта бұрын мәреге жеткен 2020/2021 оқу жылын 22,5 есе жүктемемен аяқтады. Нақтырақ айтсақ, күні кеше аяқталған оқу жылында №48 мектепте 1200 оқушы, ал №49 мектепте 1600 оқушы оқып шықты. Бұған екі мектептегі әрқайысысы 100 балдырғанға тәлім-тәрбие беріп отырған қос шағын орталықты және қосыңыз. Оның үстіне «Көкжиек» пен «Сарыарқадағы» жеке балабақшаларға барып жүрген бүлдіршіндер де көп ұзамай тілге тиек, сөзге өзек болып отырған №48 бен №49 мектептердің табалдырығын аттары анық. Егер осы жайттарды ескерсеңіз, оқушы саны жыл өткен сайын көбейе түспесе, кемімесіне түпкілікті көз жеткізесіз. Аталмыш қос мектептің қазірдің өзінде тарлық етіп отырғандығын біз жақында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке  де айтқанбыз.

– Бұл жағдайдан әрине, мен хабардармын. Деркөлдің «Көкжиек», «Сарыарқа» аудандарында балабақшаға сұраныс өте жоғары. Соған орай, біз таяу келешекте ол жақта балабақшалар салуды жоспарлап отырмыз. Сонда №48, №49 мектептердегі шағын орталықтардың міндет-миссиясы жаңадан ашылған балабақшаларға беріліп, жаңағы қос білім ошағында оқушыларға орын кеңи түседі. Жалпы алғанда «Көкжиектегі» мектепке қатысты жағдай жақсы деуге негіз бар. Ал «Сарыарқада» алдажалда мектеп салу керек болса, ол жақта жаңа білім ошағын салатындай жер телімі баршылық, - деді Абат Абайұлы.

Халықтың талап-тілегіне орай, балабақша салған да дұрыс қой, бірақ аталмыш қос мектептің бүгінгі күннің өзінде бірі 2 есе, ал екіншісі 2,5 есе жүктемемен жұмыс істеуде екендігін ескерсек, жаңа білім ошақтарының жай-жапсарын, яки жоба-жоспарын қазірден қамдай берген жөнау, сірә...

Бағытты көрсетер сілтемелер орнатылса...

Деркөл кенттік округінің аумағы 24 000 гектардан астам екендігін сөзіміздің басында айтып кеттік. Округ құрамындағы шағынаудандар мен көшелерге ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің талабына сай атаулар берілуде. Тек бір әттегенайы, күрежолдан ықшамаудандарға бұрылар тұстарға «Көкжиек», «Сарыарқа» деп атаулары жазылған сілтемелер орнатылса, керім болар еді. Әйтпесе, біраз кісінің жөн сұрап, сабылып жүргенін жиі көреміз.

Тұрғындарға базына

«Көкжиек» шағынауданында көше жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдары, сондай-ақ еріген қар мен жауған жаңбыр суы ағар арықтар сапалы салынған. Қар еріп, жер кебісімен жарияланатын сенбіліктерді де кент әкімдігі жылма-жыл ұтымды ұйымдастырып келеді.

– Негізі біз сенбіліктерді «Жаңғыру жолы», «Жасыл ел» сықылды жастар ұйымдарының және біздің кенттік округте тұратын Ауғанстан – Тәжікстан шекарасында әскери борышын өтеген азаматтардың күшімен өткізіп келеміз. Жалпы алғанда, жергілікті тұрғындардың сенбілікке қатысу белсенділігі төмен. Есесіне бүгін  тұрмыстық қалдық-қоқыстан арылтып, тазалап кеткен жердің ертеңіне қайтадан қоқып жатқанын көріп, еріксіз қынжыласың. Елді мекендер мен көше тазалығына қатысты ортақ мәдениетті түпкілікті қалыптастыру билікке қоса, халықтың да тікелей міндеті емес пе? - деп орынды ренішін білдірді Деркөл кенттік округінің әкімі Жұбан Жұмағалиев.

Ит әлі өріп жүр...

Кент әкімінің сөзіне қарағанда, ветстанса қызметкерлері аптасына бір рет Деркөлдің аумағын шолып шығатын көрінеді. Көше кезіп жүрген ит атаулыны бұрынғыдай бас-көз жоқ, атып аулауға болмайтындығы бізге де мәлім. Алайда ит адамның өмірі мен денсаулығынан бетер қадірлі емес қой. Ендеше ит-мысық асырайтын тұрғындар осы мақұлықтарды ұстауға қатысты ереже талаптарын бұлжытпай орындауы шарт. Әйтпесе, жергілікті билік буындары мен құзырлы құрылымдардың заңға сәйкес айыппұл салуларына толық құқығы бар.

Биылғы ақпан айында Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында анасы дүкенге жұмсаған алты жасар қыз баланы көше кезіп жүрген бұралқы иттер талап өлтірген оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Уақтылы алдын алмасақ, мұндай қайғылы оқиға кез келген елді мекенде орын алуы әбден мүмкін...

 

Бауыржан Файзоллаұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале