11.02.2021, 16:16
Оқылды: 206

Өндірістік жобалар өрісті

«Бизнестің  жол  картасы – 2025»  бизнесті қолдау мендамытудың  мемлекеттік бағдарламасы»   –    мемлекет тарапынан  кәсіпкерлерді қолдаудың ең  нәтижелі жобасы. Бағдарлама  2010 жылы іске қосылды. Содан бергі уақытта бағдарлама ел дәулетін еселеуге, жас  кәсіпкерлердің аяғынан тік  тұруына көп септігін тигізіп келеді.  Бағдарлама іске қосылған он жыл   ішінде батысқазақстандық  кәсіпкерлерге 134 млрд. теңге  қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде  өңірде 30 мың жұмыс орны сақталып, 7  мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылғаны мәлім. Өткен жылы аталмыш  бағдарламаны іске асыруға 1,8  млрд. теңге бөлініп, толықтай  игерілді.

15EFDE45-0E55-4B40-9117-7FBAF47FEBEB

-Бөлінген қаржының 1,5 млрд. теңгесі несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға, 150 млн. теңгесі несиелер бойынша кепілдеме беруге, соның ішінде гранттық қаржыландыруға 86 млн теңге қарастырылды. Коронавирус пандемиясы кезінде төтенше жағдай жариялануына байланысты дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен облысқа қосымша 1,8 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржы-қаражаттың барлығы игерілді, - деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекші маманы Мейрам Қабдығалиев. Оның айтуынша, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға жалпы құны 336 млн. теңгенің 80 гранттық жобасы қолдауға ие болған. Осы жобалардың ішінен құны 89 млн. теңгені құрайтын 22 жобаны жас кәсіпкерлер іске асыруда.

– «Трансформаторды айырып-қосу құралы өндірісі», «Гидрошланг өндірісі», «Акустикалық жүйе өндірісі», «Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және майын алу», «Арахис пастасын өндіру», «Киіз үй өндірісі», «Роботтық техникаға оқыту», «Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу» – өткен жылы мақұлданған озық жобалар. Олардың ішінде өндірістік бағыттағы соны жобалар баршылық. Бұл жобалардың алды 2 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант алды. Енді сол жобалардың іске асырылуы маңызды, – деді М.Қабдығалиев.

Былтыр «Еңбек»  бағдарламасы бойынша облысқа 500 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы бағдарламаға қатысушыларға берілді. Орал қаласынан 59 жоба мақұлданды. Елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін жоба облыста қарқын алуда. Осы бағдарлама бойынша жобалық кеңсе құрылды. Бүгінде жобалық кеңсе жалпы құны 31 млрд.  теңгенің 252 жобасын сүйемелдеуде. Соның ішінде 24 млрд. 886 млн. теңгенің  240 жобасы мақұлданды. Қазіргі уақытта жалпы құны 295 млн теңгені құрайтын  үш жоба қаралуда.

Өткен жылы бес инвесторлық кеңес отырысы өткізілді. Онда 45 млрд. теңгенің 18 жобасы мақұлданды. Осы жобалардың іске асырылуының нәтижесінде 920 жаңа жұмыс орны ашылды. Мақұлданған 18 жобаның ішінен 7 жоба («Орал жылыжай комбинаты», «Кублей» ЖШС-ның жобалары) «жандандырылды». Басқа жобалар биылғы жылы жүзеге асырылады.

Елді алқымнан алған «жаман» індетке қарамастан, оралдық Галина Вольнова эстетикалық-гинекологиялық клиника ашты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында 6%-бен жеңілдетілген несие алғанын айтады. Несиелік қаржыға ғимарат пен қажетті құрал-жабдық сатып алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ашқан кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Биыл облысқа «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,9 млрд  қаржы бөлінді. Соның 88 млн теңгесі гранттық жобаларға бағытталмақ. Гранттық қаржыға өтінім қабылдау шамамен наурыз-сәуір айларында басталады деп жоспарланған.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале