1.09.2021, 17:02
Оқылды: 199

Орал қаласында «Fizmat Primary Uralsk» мектебі ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Орал қаласында «Fizmat Primary Uralsk» мектебі ашылды. Білім нысаны «Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының желісі бойынша іске қосылды.

3

Бұл жобаны акционерлік қоғам өңірлер арасында тұңғыш рет БҚО-да жүзеге асыруда. М. Өтемісов атындағы БҚУ-ға тіке алып шығатын Некрасов көшесінде бұрын № 38 мектеп-лицейге тиесілі болған еңселі ғимарат енді жаңа мектеп меншігінде. Қыркүйек айының жайма-шуақ күнінде мектептің алғашқы толқыны – 1 және 2-сынып оқушылары тарихи ғимарат алдында қаздай тізіліп тұрды. Білім әлеміне қадам басқалы тұрған бүлдіршіндер мен олардың ата-анасын және мектеп ұжымын облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

– Облыс бойынша сегіз жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Күрделі жөнделіп жатқан білім нысандары көп. Бірнеше жыл бұрын ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен білім жүйесіне өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жеке мектептерді ашу көпке тиімді екені күннен-күнге айқындалуда. Бүгін Орал қаласында республикалық физика-математика мектебінің филиалының ашылу салтанаты өтуде. Мектеп басшылығымен былтыр жасасқан келісімшарт нәтижесін көріп отырмыз. Алматы мен Нұр-Сұлтан мегаполистерінен басқа өңірлерге қарағанда, жаңа білім нысанының  Батыс Қазақстан облысында іске қосылуының өзіндік мәні бар. Республикалық физика-математика мектебінің негізін салушылардың бірі – академик-ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Асан Тайманов Бөкей Ордасының топырағында туған. Халықаралық деңгейде танымал білім ошағы мемлекет қайраткерлері мен білікті ғалымдарды, басқа да көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Енді Ақ Жайық өңірінің бүлдіршіндері де сапалы білім алады деп сенемін. «Fizmat Primary Uralsk» мектебіне биыл 65 бала қабылданса, келесі жылы онда 300-ге тарта оқушы білім алады, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа жобаға қолдау білдірген компания акционерлеріне алғыс білдірді.

1

«Республикалық физика-математика мектебі» КЕАҚ басқарма басшысы Ғабит Бекахметов РФММ «Fizmat Primary» авторлық бағдарламасы бойынша оқытатынын айтты. Мектеп ұжымы жасақтаған бағдарламаға сәйкес математика пәнін сингапурлық әдіс жүйесімен оқыту, STEAM үлгісімен өнерге баулу, одан бөлек Scratch блок түрінде бағдарламалау тілі қолданылады. Ақылы мектеп 1-6 сынып оқушыларын қабылдайды. Олардың дүниетанымына «Primary school» білім беру үлгісі сайма-сай келеді. Жаңа мектепке қабылдау конкурсына 358 бүлдіршін қатысты. Олардың арасынан білімқұмар 65 бала іріктеліп алынды. Негізінен, РФММ-ның тарихы тереңде. Білім ошағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1972 жылғы 16 қазандағы № 555 қаулысы негізінде салынды. Ел егемендік алар қарсаңда Қазақстан ұлттық академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Орымбек Жәутіковтың есімі берілді. 2015 жылы коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылды.

4

– Оқушылардың Оралдағы осындай әдемі, тарихи ғимаратта оқитынына қуаныштымын. Академик Асан Тайманов республикалық деңгейде дәрежесі жоғары мектептің іргетасын нығайтуға зор үлес қосты. Әрине, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тарихы өте тереңде. Алтын Орда билеушісі Берке хан дәл осы Батыс Қазақстан облысы аумағында 1240 жылдар шамасында көшпенділер үшін мектеп салдырған. Одан кейін отырықшыларға арналған мектеп-медреселер бой көтере бастады. ХIХ ғасырда Жәңгір ханның қазақ даласында арнайы мектеп ашуы ел үшін елеулі жетістік болды. Міне, Ақжайық өңірінде білім саласындағы дәстүрлі сабақтастық үзілмей келе жатқанын айқын көруге болады, – деген Ғабит Бекахметов РФММ-ның тың бағыттағы нәтижелерін атап өтті. Ол баласына жаңа педгогикалық ұжым сапалы білім береріне сенім білдірген ата-ананың ой-пікір, ұсынысын, айтқан сынын елеп-ескеруге дайын екенін айтты.

2

Мектепте бастауыш сыныптар ересек оқушылардан бөлек оқытылады. 2016 жылдан бастап 1-6 сынып оқушыларына арналған «Fizmat Primary» бағдарламасы іске қосылды. Міндетті пәндерден бөлек, оқушылар білім олимпиадаларына, ғылыми жобаларға, шығармашылық үйірмелерге қатысады. Мұғалімдер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ бермек. «Fizmat Primary Uralsk» мектебіне Орал қаласының тұрғыны Жәнібек Ғалиев егіз ұл – Алмас пен Нұртасты жетектей келіпті. «Зайыбым Жазирамен балаларымызды қайда оқытатынымыз туралы ұзақ ақылдастық. Жыл басында республикалық физика-математика мектебіне қарасты жаңа білім нысанының іске қосылатынын естіген едік. «Fizmat Primary Uralsk» мамандары балаларымызды сыннан өткізген соң бірінші сыныпқа қабылданды. Болашақта ұлдарымның зейіні ашыла түсетініне, талапты, талантты болып өсетініне сенемін», – деді ол. Алғашқы қоңырау салтанатында «Fizmat Primary Uralsk» мектебінің директоры Әсет Алтыбаев пен 1-сынып оқушысы Адия Асқар қоңырау соқты. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған бүлдіршіндер балғын тілмен шаттана өлең оқыды. Облыс әкімі атынан барлық оқушыға теледидар мен кітаптар сыйға берілді.

6

5

8

7

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале