13.06.2024, 12:10
Оқылды: 474

Оралда жаңа комикс оқырманға жол тартты

Оралда Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, балаларға арналған «Алшы», «Тіл-тамыр», «Ақ кептер» жинақтарының авторы Талап Қуаныштың «Ер-Қара батыр» комиксінің тұсаукесері өтті.

1A8351F4-A970-4122-9969-07C035EA7A83

Аталмыш комикс кітапқа жас ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелеу, олардың таным көкжиегін кеңейту және ой-санасына әсер етіп, қиялын ұштау мақсатындағы шағын сюжетке құрылған шығармалар, яғни аңыз-мысалдар еніпті. Ал кітап ішіндегі суреттерді салған ақтөбелік мұғалім әрі жас суретші Диана Аманкелдиева екен. Іс-шара барысында мұның эстетикалық маңызы бар екені, сондай-ақ қазіргі уақытта комикстің қазақ әдебиетінде енді-енді қанат жая бастағаны айтылды. Сонымен қатар тұсаукесер кешінде жарыққа шығып жатқан «Байғазы» және «Мысалдар» жинақтары туралы да кеңінен таныстырылды. Ал «Ер-Қара батыр» комиксінің тұсауын кескен өңірге белгілі ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріков жаңа жобаның болашағы барына сенетінін білдірді.

Адамның бойына берілген талант, дарынды біреулер сезіп, әріқарай ұштай береді де, енді біреулер сезбестен өтеді немесе онымен айналыспайды. Сөйтеді де көкірегіндегі жарықты өшіріп алып жатады. Киелі Қаратөбе топырағында талай таланттың дүниеге келгені белгілі бізге. Менің білуімше, Талап бірден бұзып-жарып шыққан ақын емес, ол өзін үздіксіз қамшылаудың һәм дамытудың, ой еңбегіне тынымсыз оралудың арқасында осындай жетістіктерге жетіп, шығармашылығында айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүр. Ол ой-қиялын еркіндікке самғатып, өзіне ешқашан тыныштық бермейді. Қаламгерлерге осы қасиеттің керек екені сөзсіз, - деді ақын Айтқали Нәріков.

723A88DC-FF61-46F7-B191-A4427E98BDA6

Талап Таймасұлы іс-шара барысында комикске қадам басуы жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Ер-Қара батырдың өмірдегі прототипі жоқ, яғни бұлқиялдан шығарылған кейіпкер. Сондай-ақ шығармада жер-су атауларын қазақы қалыпта еске түсіретін және соны жас ұрпақтың бойына сіңіретін мақсат та жоқ емес. Қазақ жеріндегі түрлі мекендердің тарихы болатынын да оқырман балалардың санасына мықтап бекітеді екен. Яғни балғындардың ерте жастан ұлт ерекшеліктерінехалықтың дүниетанымына қанық боп өсуіне ықпал етеді. Ақ Жайық өңіріне есімі таныс ақын Сағынтай Бисенғалиев кеш иесінің бала психологиясын тануда аз еңбек етпегеніншығармашылыққа құштар жеткіншектерді «Ақберен» жас ақындар мектебінде тәрбиелегенін тілге тиек етті. Әрі қарай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Ақмарал Лұқпанова авторды жаңа туындының жарыққа шығуымен құттықтап, жас оқырмандарға уақыттың қадіріне жетіп, көп оқып, іздену керектігін айтты. Талап Қуаныш өзінің осы балалар әдебиетіне 2016 жылдан бастап көңіл бөлгенін жеткізді.

Қадыр ағамыздың «Тоқ ақында тоқырау болады» деген сөзі бареді. Сол ойды үнемі естен шығармай, үздіксіз ізденуге тырысыпжүрміз. Балаларға арналған түрлі шығармалар жазылып жатыр. Дегенмен осы заманауи үлгідегі, яғни комикстік туындылар жаңа-жаңа қолға алынуда. Біз де бұл бағыттағы жұмысымыздың алғашқы жемісін оқырмандарға ұсынудамыз. Жалпы қазіргі уақытта балаларды қызықтыру қиын болып отыр. Олар қабілетіне қарай тыңдап ұғатын және көзбен көргенде ғана танып-білгісі келетін болып бөлінеді. Біз қай жағынан да оларды әдеби шығармаларға қызықтырудан жалықпауымыз қажет, - деген ойын ортаға салды автор.

Іс-шараға қатысқан бүлдіршіндер ақынның шығармашылығы, алдағы жоспарларына қатысты және түрлі бағыттағы сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале