Орал қаласының NIS оқушылары Ақтау қаласында өткен «CASPIAN STARTUP – 2023» халықаралық стартап жобалар байқауының II орын жүлдегері атанып, 100 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
«Өмірді жақсартатын IT-стартаптар» тақырыбында өткен байқауға 200-ден аса оқушы ниет білдіріп, оның 17-сі соңғы кезеңге жолдама алған.
Мектеп зияткерлері – Нұрсұлтан Зинуллин, Нұрдәулет Базарғали, Ораз Қайыржан және Махамбет Өтепқали «Ауыл шаруашылығына арналған көпфункционалды «DEO-1» дронын ұсыну арқылы үздіктер қатарынан табылды.
Тағы бір сүйінші жайт – оқушымыз Нұрсұлтан Зинуллин Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 100% грантына ие болды.
Оқушыларымыз ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарын жеңілдететін, оның ішінде егістікке арналған көпфункционалды дрон жобасын ұсынды. Жасанды интеллектімен жұмыс істейтін дрон бірнеше функциядан тұрады.
– Біздің жобамыз арқылы егін шаруашылығының жұмысын жоспарлау үшін ауа райын алдын ала болжауға болады. Алқаптағы өскіндердің әр бөлігін сканерлеп, ішкі күйінен хабар алуға мүмкіндік бар. Сонымен қоса тыңайтқыш пен улы заттарды шашатын және алқаптағы қозғалыстарды қадағалайтын функциялары бар. Келешекте ауыл шаруашылығындағы басқа да қиындықтардың шешімін табатын тың жобаларды ойлап табу бағытында жігер жұмсай береміз, – дейді грант иегері Нұрсұлтан Зинуллин.
Сонымен қоса шараның басты қонағы – Qazaqedu.com онлайн академиясының директоры, TECHPRENEURS ASTANA HUB түлегі Дина Фатих аталған шәкірттерімізге кітап тарту етіп, стартапты алға жылжыту бойынша жұмыс жүргізуге ықылас білдірді.
Оқушыларға мектебіміздің физика пәнінің мұғалімдері Нұрболат Дагаров пен Сакен Утегенов жетекшілік етті.
Мөлдір Латифова,
Орал қаласы NIS мектебінің
баспасөз хатшысы