30.07.2021, 9:06
Оқылды: 265

Отан үшін от кешкендер

Михаил  Абдолов

Туған жерін шексіз сүйіп, қадір тұтқан Ақжайықтың қаһарман ұлы  Бимағанбет (Михаил) Абдоловты жерлестері елі үшін туған ер деп ардақтайды. Кеңес Одағының Батыры 1918 жылдың 1 мамырында Бітік ауылында дүниеге келіп, осында бастауыш білім алады. Бала жастан өр мінезі, батылдығы, қайсарлығы, бірбеткейлігі оны өзгеден ерекшелеп тұрыпты. Қолына қамшыдан басқа қару ұстап көрмеген балаң жігіт 1938 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Латвия, Балтық жағалауында өтейді. 

абдолов

Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап майданның алғы шебінде болған ардагердің өмір жолы ерлікке толы. Ол алғашында Мәскеуге жанталаса ұмтылған жау әскеріне Можайск тасжолы бойында тойтарыс беруге қатысады. Кейін атақты Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы құрамында соғысып, иықтан ауыр жарақат алады. Көп кешікпей қайта сапқа тұрған сарбаз жау тылынан «тіл әкелу», көпір, теміржол, тіпті қару-жарақ қоймаларын істен шығару сынды жауапты тапсырмаларды тігісін білдірмей, асқан сақтықпен, бірге шыққан серіктестерінің де өмірін қауіп-қатерге ұшыратпай, шебер атқарды. Әрі жеті адамнан тұратын, ол басқаратын шағын диверсиялық топ нағыз ерлерден іріктелген-ді. Қарсыласынан қалай да айласын асырып, оларға күтпеген тұстан тап беру – олардың  үйреншікті дағдысына айналған. Бірде  барлаушылар бөлімшесінің командирі Михаил Абдоловқа Дунай өзенінен өтіп, жағалауды барлау, плацдармды басып алып, ол жерге бекіну туралы тапсырма жүктеледі. Осылайша  балықшы қайығына мінген барлау тобы Дунайдан өтеді. Жер мен көк күңіренген бұл шайқаста Абдоловтың бөлімшесі жаудың төрт ұшағын, қару-жарақ қоймасын жояды. Майдан  даласында жетінші рет ауыр жарақат алады. Жанқиярлық  ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Аға сeржант Михаил Абдолов одан кeйін дe талай рeт eрлік жасап, бұрынғы жауынгерлік наградалары  Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз және  І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және ондаған медальмен толығады.

Туған жерге оралысымен, батыр енді бейбіт еңбекке білек сыбана кіріседі. Алдымен Бітік ауыл-
дық кеңесінің төрағасы болса, одан кейін тұтыну кооперациясында жауапты қызметтер атқарады. Жоқ-жітікке барынша пана болуға тырысады. Бертінде басшылық қызметпен қоштасып, зейнет жасына дейін мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Баһадүр азаматтың жүрегі 2006 жылдың  дәл 9 мамыры күні соғуын мәңгі тоқтатты.

 Айта кетелік, Венгрияда М. Абдолов атын иеленген мектеп пен мәдениет үйі болса, Орал қаласында кескінді мүсіні орнатылған. Сондай-ақ бүгінде туған топырағы Жамбыл ауылында ескерткіші бой көтерсе, түлектеріміз Абдолов атындағы білім  ошағынан  тәлім-тәрбие  алуда.

  Аида  Асылбек, Бауыржан  Махутұлы

Мақаланың толық нұсқасын облыстық «Орал өңірі» газетінің 30 шілдедегі №61 санынан оқи аласыздар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале