2.08.2021, 11:58
Оқылды: 196

Озат жүргізуші

Әскери жүргізуші деген мамандық иесін – әскерде әмбебап маман деуге болады. Өйткені олар бронды көліктерді, ауыр ұрыстық танктерді, сонымен жауынгерлерді және басқа да әскер өміріне қажетті тұрмыстық заттарды тасымалдайтын жүк көліктерінің барлығын да басқара алады. Сондай-ақ бұзылып қалған жағдайда қалыпқа келтіріп, сапқа қоятын шебер де өздері. Көбінде жеке құрамды тасымалдауға арналған жүк көліктерінің жүргізушілері үшін жауапкершілік тіптен жоғары. Өйткені олар көлікте отырған жауынгерлік қызметке тағайындалған қаншама жауынгердің өміріне жауапты. Сол үшін де бұл қызметке өтудің сүзгісі қиындау.

Бүгін біз сол жауапты қызметке қаншама сынақтан өтіп тағайындалып, бірнеше жылдан бері әскери техниканың нағыз маманы болып қызмет етіп келе жатқан 5546 әскери бөлімінің әскери жүргізушісі, ефрейтор Рауан Сейтмағанбетов туралы айтуды жөн көрдік.

IMG-20210726-WA0023

Ефрейтор Рауан Шынболатұлы 1989 жылы 29 мамырда Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Талдықұдық ауылында дүниеге келген. Әкесі мен анасы ауылдық мектепте бірі шаруашылық істері меңгерушісі, бірі кітапхана меңгерушісі болып қызмет істейді. Отбасының тұңғышы Рауан және өзінен кейін ізін басып келе жатқан інілері Радик және Ғаділбек. Әкесі мен анасы қызмет еткен ауылдық мектептің алғаш табалдырығын 1995 жылы аттап, 2006 жылы жақсы бағамен аяқтап шықты. Тұңғыштарына үкілеп үміт артқан ата-анасының сеніін ақтап Рауан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне «заңгер» мамандығына оқуға түседі. 2010 жылы оқу орнын тәмамдап, «заңгер» мамандығын алып шыққанымен қызметке тұру мәселесі біраз қиындықтар туғызады.

Сөйтіп жүріп, 2010 жылы көктемде әскер қатарына шақырту алып, Көкшетау қаласына 5510 әскери бөліміне мерзімдік қызметін өтеуге аттанады. Әскерде жүріп әскери қызметтің қыр-сырын түсінеді.

«Алайда әскери қызметке барып жүргізуші боламын деп мүлде ойламадым,- дейді біздің кейіпкеріміз. Әскерден оралған соң тұрақты қызмет болмай құрылыс саласында майлау, сырлаудан бастап әртүрлі қара жұмысты атқарып жүрдім. Менің алдағы өмірімдегі қызметім қандай болмақ, тепсе темір үзетін жастамын, қазіргі қызметімнің уақытша екенін сезіп жүріп, шын ойлана бастадым. Өйткені жоғары білімге қол жеткізіп беріп, осы уақытқа дейін жағдайымды жасаған ата-анамның алдында жауапкершілігім бар ғой»,- деп Рауан Шынболатұлы әңгімесін жалғастырды.

Сонау 2015 жылы Атырау қаласында 5546 әскери бөлімге қызметке қабылдау болып жатқанын естіп, Атырау қаласына жол тартады. Сәттілік серік болып әскери бөлімге жүргізуші қызметіне тағайындалады. Алғашында

техникадан қарапайым жүргізуші ретінде ғана хабары бар Рауан үшін әскери техниканың қыр-сырын түсіну қиынға соғады. Алайда өзіне қажетті жүргізушінің категорияларын алу үшін қосымша курсқа жазылып, білімін жетілдіреді. Әскери техниканың ең жауаптысы жауынгерлік қызметтің жүк көлігі «ГАЗ-3307 АЗ» маркалы арнайы техникасының жүргізушісі болып орналасады. Бұл техниканың ерекшелігі қылмыстық атқару жүйесінің мекемелері арасында арнайы контингент яғни сотталғандар мен сотталушыларды тасымалдайды. Ең аса жауапкершілік әскери техникаға жүктелетіні анық, себебі ондағы қылмыскерлердің тиісті орынға ешқандай кедергісіз уақытында жеткізілуіне бірінші жүргізушісі жауапты.

6 жыл бір көліктің техникалық жағдайы мен әрдайым сапта тұруына жауапты болып жүріп, өз мамандығының қас шебері болып алды. Жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін жас жүргізушілерге де үйретуден жалыққан емес. Өзіне бекітілген техника жоспарлы түрде сапарға шығатын болғандықтан әскери бөлімнің паркінде жүріп кез-келген іске араласып, көмектесіп жүреді. Іздесеңіз парктегі автокөліктерді жөндеу шеберханасынан табасыз, себебі ол сол ортаның нағыз маманы.

- Мен ефрейтор Сейтмағанбетов Рауан туралы көп нәрсе айта аламын. Бұл әскери қызметшімен мен взвод командирі болып жүрген кезімнен таныспын. Ең бір жақсы қасиеті ашулануды білмейді, мінезі ашық. Өз қызметін анық білетін, бұлжытпай орындайтын жауынгер деп мақтанып айтамын. Оның жауынгерік қызмет алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін анық түсініп, айына 4 рет болатын шығуға ескертусіз тыңғылықты дайындалады. Жоғары лауазымға тағайындалуға лайықты қызметкеріміздің бірі. Алайда оның осындай тас-түйін қызмет атқаратынына үйреніп қалғанбыз, оның орнын ешкім баса алмайтындай болып тұрады, - дейді атқыштар ротасының командирі капитан Бектурсунов Бекжан.

лейтенант Малика Шынжигитова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале