8.11.2022, 10:00
Оқылды: 18

Паллиативті көмек орталығы

Орал қаласында қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға паллиативті көмек көрсететін «Аманат» орталығы ашылды. 

1 (64)

Облыстағы алғашқы паллиативті көмек орталығында (хоспис) айықпас дертке шалдыққан, төсек тартып қалған немесе есін білмейтін науқастар өмірінің соңғы күндерін өткізeді.

– Осыдан үш жыл бұрын облыстық онкология диспансерінің директоры паллиативті көмек көрсету мәселесін көтерген еді. Сол кезде Facebook әлеуметтік желісі арқылы өңірімізде осындай хоспис салу қажет екенін айтып, инвесторларды іздеген едік. Бүгін осы идея жүзеге асты. Облыста алғаш рет жеке хоспис ашылып отыр. Ең алдымен, орталықтың ашылуына мұрындық болған жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісұлы Тілемісовке батысқазақстандықтардың атынан алғысымды білдіремін. Жаны жомарт жан  апатты жағдайдағы  ғимаратты сатып алып, толықтай қайта жөндеуден өткізді. Орталықты медициналық заманауи құрал-жабдықпен  қамтамасыз етті. Осы игі іске 400 млн теңгеге жуық қаражатын жұмсады. Паллиативті көмек – денсаулық сақтау жүйесінің көпшілік біле бермейтін қызметінің бір түрі.  Хоспис жаман ауруға шалдыққан науқастар мен олардың тума-туыстарына психологиялық, рухани көмек көрсетеді. Дертіне дәру іздеуден, шипасы жоқ кеселмен күресуден шаршаған науқастарға өмірінің соңын жайлы өткізуге мүмкіндік береді. Науқастарға жан күйзелісі мен тән азабын жеңілдетуге барынша қолдау білдіреді. Біздің облыста әр салада мүмкіндігінше көмек қолын созып жүрген жомарт жандар көп. Бірақ бүгінгі жоба ауқымды мәселені жүйелі шешудің нәтижесінде жүзеге асты. Бұл – бір-екі адамға емес, көп жанға қолдау, демеу болатын жоба. Кәсіпкердің игі ісі көпке үлгі деп білемін. Облыстағы кәсіпкерлерді осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Осындай жобалар арқылы біз тұрғындардың, елдің мәселесін шешіп, алға дами береміз деген үміттемін, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

176b3008-8b3f-4934-9f83-983818ed2780

Медициналық қауымдастық атынан облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Тайман Аманов сөз алды. Ол  облыс әкімі мен жомарт кәсіпкерге диспансердің ұжымы атынан алғыс айтты. Оның сөзінше, соңғы отыз жылда онкологиялық аурулар 25-30 пайызға артқан. Соған байланысты бүкіләлемдік стандартқа сай қатерлі дертке шалдыққандарға 4 түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Соның бірі осы паллиативті көмек екен.

– Өзім көптен бері әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жөнінде ойлап жүр едім. Осы қалада ержеттім, бүгінде кәсіпкермін. Маған қарасты бірнеше нысанда 1500-ден астам адам жұмыс істейді.

a899ec09-0bfe-441f-988d-83dbddc5ade1

Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлына осындай ұсыныс айтқаны үшін ризашылығымды білдіремін. Хоспис жөнінде түрлі ақпараттармен танысып шықтым. Осылайша, ел игілігіне арналған орталық іске қосылды. Науқастар мұнда өмірінің соңғы күндерінде сапалы күтім, рухани демеу көреді деп сенемін. Біз, кәсіпкерлер, халықтың арқасында көтеріліп, бизнесімізді дөңгелетіп отырмыз. Енді біздің де халыққа қолдау көрсетуіміз керек, – деді Тұрарбек Тілемісұлы. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі жомарт жүректі меценатқа дәрігерлер мен кәсіпкерлердің халыққа біртұтас көмегін білдіретін естелік сыйлық, ал облыстық онкологиялық диспансердің директоры Зейл Мағзомовқа символдық мүсінше табыс етті. Облыс басшысы жаңа нысанды аралап, жұмысымен  танысты.

Кәсіпкер Тұрарбек Тілемісұлы жеке қаражатына салған «Аманат» орталығын облыстық онкологиялық орталыққа қайтарымсыз пайдалануға беріп отыр. Аталмыш орталықта өз-өзіне күтім жасай алмайтын ауыр халдегі науқастарға тәулік бойы медициналық, психологиялық көмек беріліп, рухани қолдау көрсетіледі. Ескі ғимаратты еуростандартқа сай жөндеген. Автономды жылыту қазандығы жұмыс істейді. Үш кісілік әр бөлмеде тоңазытқыш, жылу баптағыш, ванна мен әжетхана бар. Орталық 31 науқасқа есептелген, 3 кісілік 9 палата бар. Сонымен қатар әрқайсысы бір кісілік 4 сервистік палата жабдық­талған. Онда ақылы ем алатындар жата­ды. Науқастарға күтім жасайтын туматуыс­қа арналған үш орындық палата бар. Орталықта 20 қызметкер жұмыс істейді.

Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 936,8 шаршы метр. Енді онкологиялық диспансердегі 25 науқасты  осында  көшіреді.

Облыстық онкологиялық диспансердің мәліметінше, жыл сайын облыста 1400-1450 адам қатерлі ісікке шалдығады. Олардың кем дегенде 15,3%-ы дәрігерге дерттің асқынған сатысында қаралуда.

IV клиникалық топтағы барлық науқасқа пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында паллиативті симптоматикалық көмек тағайындалады. 2013 жылдың наурыз айында онкологиялық диспансерде 10 төсекорны бар паллиативті көмек бөлімшесі ашылған. 2021 жылдың ақпан айында бөлімшедегі кереует саны 25-ке дейін артқан. Бүгінгі күнге дейін осында 3030-дан астам науқас ем алған. 2021 жылы паллиативті төсек-орындарда емделгендердің саны 2020 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өскен. 2021 жылы паллиативті көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінді. Биыл паллиативті көмек көрсетуге 46 млн теңге бағытталды. Биылғы 10 айда 560 науқас емделсе, былтыр бұл аралықта 475 науқас ем алған.

2013-2021 жылдары онкодиспансерде емделген науқастардың саны

2013 ж. 2014 ж. 2015 ж. 2016 ж. 2017 ж. 2018 ж. 2019 ж. 2020 ж. 2021 ж.
247 249 282 319 344 408 257 356 568

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале