27.06.2022, 11:15
Оқылды: 211

Сағынтайдың сара жолы

Республикаға танымал  ақын, Қазақстан Жазушылар және ақын-жыршылар одағының мүшесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, Жұбан, Қадыр, Байбарақ батыр, Жанғали атындағы  медальдардың иегері, талант  төріндегі орны айшықты, аудан,  облыс көлеміндегі іс-шаралардың жетекшісі, «Кешігіп келген  көктем», «Жадырап жеткен жаз», «Күрең  күз» атты жыр  жинақтарының авторы Сағынтай Орынғалиұлы 65 жасқа  толды. 

сагынтай

Мен Сағынтайды бұдан 40 жылдай бұрын танығанмын. Ол кезде ол Базартөбенің Қадірқұлында тракторист еді. Ептеп домбыра шертетін. «Әу» деп өлең айтатын. Елімізде «Тіл туралы» заңның  осы кезде қабылдануы әр ұлттың өзін-өзі тануына үлкен жол ашты. Сөйтіп, ұлттық өнеріміздің жұлдызы жарқырай бастады. Соның бірі – айтыс  еді. Алғаш айтысты біз сол кездегі аудан  орталығы Калмыковта өткіздік. Қазіргі Тайпақ ауылы. Маған екі жұпты айтысқа әзірлеуді тапсырды. Сол төрт ақынның бірі – осы Сағынтай еді. Сағынтайдың сөз тапқырлығы бірден көзге түсті...

Алланың кешірімін алған еді,

Күнәдан ары таза Хауа Анамыз.

немесе

Сөзіммен айтарымды сездірдім  бе,

Қадалған қарасанға оқтай болып, болмаса

Болармын епсіз бала қолындағы

Киіктің қызықтырған  асығындай, –  деп талай айтыс көрген әккі ақындай түйдек-түйдек төгіп жібергенде аузымызды ашып қалдық.

Сол айтыста осы Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, Ұлықпан Елеуов сияқты тайпақтық жастар жарқырай көрінді. Ал олар бұған дейін облысқа танымал болған Шолпан Қыдырниязова, Қатимолла Бердіғалиев, Дариға Мұштановалардың қатарын толықтырды. Осы аталғандар сахна төрінде бір-бірімен талай кездесті. Сөз сайысымен өмірдің өзекті тұстарына бойлап, екшеп ой қозғады. Әдептен озбай-ақ, олқы тұстарымызды тілдерімен тілгіледі.

Сағынтайдың еркелігі де, тапқырлығы да өзіне жарасып тұратын. Оның артық айтар тұсы әзілге, батыл айтар сөзі шындықпен ұштасып жататын. Әр кез аузын ашса, көмекейі көрінген, бұқпасы жоқ, ұққаны көп ақын болып атағы шықты. Ешкімнің сағын сындырып, бағын байламайтын. Жеңілсе, жеңістен үмітін үзбейтін, жеңсе, желікпейтін жан.

Бір басымнан өткенменен талай мұң,

Жанымды ұқсаң, сырласуға жараймын.

Сапарласты шаңға көміп кетпей-ақ,

Бұл өмірде бір жүргенді қалаймын, – деп жырлауы аңғалдығы емес, жүрек айнасының тазалығын көрсететін. Міне, қарапайымдылық. Ақынды астамшылықтан сақтайтын, менмендіктен қорғайтын да осы мінез.

Түсіндің бе, қайталаймын туысқан,

Дәметпеймін тиын шыққан уыстан.

Қара нанды қанағат қып отырмын,

Арым сатып ақ нан жеуге тырыспан, –

деуі осындай ел алдындағы азаматтық борышты түсінуден тұрғандай.

Қай ғасыр, қай қоғамда болмасын болашақ өмір тұтқасы жастар туралы жанайқай қашанда басым,  батыл шығады. Ал осының өзі басқамыздан гөрі ақын жүрегіне ауыр тиеді. Санасын сығымдаған салмақты сауал, шырмауы көп, шешуі жоқ дүниені алдына көлденең қояды. Әсіресе, бүгінгі жастардың тәрбиесі бітеу жарадай болып, баршамызды қатты алаңдатып отырғаны шындық. Міне, осы күрделі ойдың толғауын талай қозғаған ақынның бірі – осы Сағынтай.

Бүгінгі ұл-қыздарың Елім, –  десін,

Әйтеуір халық қаны төгілмесін.

Аулақтап ала ауыздық, бірлік болып,

Еңсеміз көтерілсін, езілмесін, -

немесе  батылдау айтса,

Кей қазақ жыр сатады, ән сатады,

Бір күні бүйте берсе ар сатады.

Көзіміз, құм құйылғыр көріп жүр ғой,

Арулар айыл жимай тән сатады, – деп өкініштен өзегі өртенсе, соңы ақ тілегі ақтарылған шумаққа ұласады.

Жортқанда жолың болсын жас ұландар,

Жырымнан бүгінгі ұрпақ жасын аңғар.

Төскейін туған жердің түлетіңдер

Күтіп тұр ұлы дүбір, ғасыр алдан, – деп кемел келешекке иек артады.

Сағынтайдың өлеңнің бітім-болмысына аялап қарау, көрінгенге қолжаулық етпеу, санап-сақтана жүру табиғатына сіңісіп кеткен асылдық деп білемін. Осы жолда шаршап сілесі қатуы, жанкештілік танытуы нанымды-ақ. Ақын өлеңнің бағасын басынан асыра отырып, өз басының да бағын баянды етпек болады. Сөз патшасы-падишасы аузына түспесе, қолына қалам алып, қауқарсыз тіршілік кешуді өзіне ар санайды. Жалпы, ақындардың бәріне ортақ тақырып – заман тынысы екені даусыз. Зымыраған заманға салиқалы ой қосу, пікір түю –  түпкілікті мұрат.

Жана алмай жүрмін, жана алмай жүрмін,

Өртеніп ой-хой бір маздай.

Сөзіме патша таба алмай жүрмін,

Кетем-ау, сірә, жыр жазбай, – дейсің. Жазасың, Сағынтай, жазасың. Мына өмірде аярлықтан адамдық жасқанатын болса, шындықтың қанаты күйіп, өтіріктің өрісі ашылып, өңеші кеңісе, тым-тырыс жатасың ба?  Ұлы атасынан бері қарай астан да, алтын-күміс тастан да тау тұрғызарлықтай болған адамзаттың Абайы түсіңе тегіннен-тегін енбеген  болар. Ол да өз ортасында рухани жетімдіктің, аштықтың арбасына жегіліп, жалмауыз тірліктің жемтігі болар болған соң жанын салды. Тарихта қалайын деген жоқ. Жетесіздік пен жолсыздықтың жолында тұрсам деді. Жетті ме мақсатына, жеткен жоқ. Сөйтіп, сен де өз ғасырыңның індетін арқалап, жанкешті сапарға шықтың. Бұл сапарың толғана тірлікті, турашылдықты, әділдікті әлдилейтін сапар. Мен білетін Сағынтай болсаң, ат басын тартар жөнің жоқ. Қолың жыр жазбағанмен, ойың жыр жазбай отыра алмайды. Көзің ұйқыда болғанмен, көңілің ояу, әлдебір нәрсені жоғалтқандай қарманып жүрерің хақ.

Беттеген соң бекініп ізгі арманға,

Не жетеді мақсатың бүр жарғанға.

Ақ ниеті адамға дәрі болар,

Не жетеді шіркін-ай, жыр жазғанға, – деуің орынды-ақ.

Көмескі жыр көңілдің кептері емес,

Болашаққа бармаса сызылмай ма?

Келер ұрпақ көсем жыр жазбапсың деп

Аруағымды аунатып ызыңдай ма? – дей келіп, өзі-ақ келер ұрпақ алдындағы борышын айқындап алған сияқты.

Қолына қалам ұстап өлең-өмірді жырлайтын қай-қай ақын да туған жер деген киелі өңірді аттап кете алмасы анық. Ол қашанда қырынан қырмызы ауа жұтып, ойынан оймақтай ой өретін, ақындарымыздың бірі болып жүр. Өзгені көшірген жоқ, қайталаудан ада. Көңіл төрінен туған жерге деген бір шумақ өлең тудырса, ол сағыныштың сазынан шығады. Көзінен жас шықпағанмен, көкірегі жылап  жүрері хақ. Ақжайықты жыр еткендер көп, жыр етпекшілер қаншама? Туған жер – киелі жер. Талай – талай ұлы қырғындар туған жерді  қорғаудан туған. Тарихтың бастауы да – туған  жер. Әр перзент өз туған жерін жалаң мақтаныш етпей, жан шуағы етсе ғана жаныңды маздатар жаңа өлең өріледі.

Жігіттерім қайрат қылып жай тасын,

Аруларым мекен еткен ай қасын.

Ақжайыққа бір келе алсаң, бауырым,

Арт жағыңа қарай-қарай қайтасың, –  деуі сондықтан. Ақжайығын арқаланып жүретін ақынның жазары әлі алда. Оқырмандарына талай  олжа саларына көңіліміз сенімді.

Тілес Жазықбай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале