30.07.2021, 8:48
Оқылды: 294

Салтанат сарайында дұға дастарқаны...

Бұдан 8-9 жыл бұрын Орал қаласында Салтанат сарайы бой көтеріп,  тұрғындар оның 400 адамдық залына  үйлену, шілдехана-бесік тойлары мен мерейтойлар және банкеттер өткізуге сұраныстар бере бастады. Бұлай болуының өзі оны жалға берушілердің қызмет көрсету шеңберіне толықтай  сәйкес  келеді. Әрі мұндай басқосулар мен жақсылықтар салтанат ұғымымен төркіндес түседі. Тіпті о баста Салтанат, яки неке сарайын тұрғызған кезде оның ішінен аталмыш залдың қоса жобалануы да дәл осындай мақсатты  көздегені  аян.

53520

Солай дей тұрсақ та, белгілі бір уақыт өткен соң, мұнда салтанатты іс-шаралардан гөрі өмірден өткен адамдардың қаралы жиындарын, солардың рухына Құран бағыштау жоралғыларын өткізу көріністері кездесіп қалып жүр. Әлдебір дәулетті ақшаның мөріне қарамайтын тұлғалардың өмірден өткен тума-туысқандарының белгілі бір жылдығына арнап ас беру рәсімдері де осы орында арагідік бой көрсетіп тұратыны жасырын емес.

Ең бір қынжылтарлығы, Салтанат сарайының қызмет көрсету бағытын белден басып, оны әкесінен қалған мұрадай пайдаланып жүргендердің дені табысы аз, тұрмысы төмен тұрғындар емес, керісінше өңірде әжептәуір атақ-дәрежесі бар делінетін тұлғалар екендігі. Дұға дастарқан жайып, имам молдаларға Құран оқытып, бет сипауға рұқсат етіп отырған зал иелерінің іс-әрекеттерін де ақтап алуға қиын-ақ. Не десең о де, олардың ойларында тек бір ғана өздеріне пайда түсіру мақсаты тұрғанда бұлай болмағанда қайтеді.

Жоғарыда аталған еске алу мен ас беру рәсімдерін Салтанат сарайын айтпағанда, тіпті өзге кафемейрамханаларда өткізудің өзі де ылғи ыңғайлы бола бермейтіні өмірде байқалып қалып жүр. Ең дұрысы, мұндай салт-жоралғыларды атқару үшін арнайы орындардың жасақталуы жөн секілді. Осы орайда бұған бір оң мысал келтіре кетудің де орайы келіп тұрғандай. Яғни Ақтөбе қаласында дұға дастарқандары мешіттердің жанында немесе оның тұп-тура ішінде орналасқан арнайы асханаларда жайылатынына талай рет куә болғанбыз. Бұл ең дұрыс шешім  десек,  қателесе  қоймаспын.

Салыстырма ретінде тағы бір ескеруге тұратын жәйтті оқырмандар назарына бере кетсек, Оралдағы Салтанат сарайында өткізілетін садақаларда қойылатын дәм мәзірі аста-төк той дастарқанынан кем болмаса, Ақтөбе қаласындағы мешіт асханаларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында бекітілген ет, шелпек, сары май, жент, құрма секілді жеті дәм түрлері қойылады.

Әңгімеміздің түп-төркіні мынада – «Ковид-19» деген індеттің заты түгілі, аты да естілмеген кезеңде жоғарыда айтылғандай, Салтанат сарайында садақалар қалай өткізілсе, қазіргі күні де оның сап тыйыла қойғаны шамалы. Орал өңірі арасында бір апта «сары» аймаққа енгенімен,  негізінен биылғы ақпан-наурыз айларынан бері «қызыл» аймақтың  қатарын босатпай келеді. Соған қарамастан, Салтанат сарайындағы көрініс әлгіндей. Бұған бас санитар дәрігер мен құзырлы құрылым  өкілдері не дер екен?!

Темір Құсайын,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале