30.07.2021, 9:38
Оқылды: 304

Шикізат тапшы, жүктеме 20 пайыз

Ғаламтордан «сүт белдеуі» деген сөзді іздегенде ең алдымен ауыздарын айға білеген АҚШ пен Канада елдері шыға келеді. Өйткені  Канаданың оңтүстік-шығыс және Америка Құрама Штаттарының солтүстік-шығыс аумағын  сүт белдеуі алып жатыр екен. Яғни ол жерлерде сүт өнімдеріне мамандандырылған  фермалар орналасқан. Ондағы  жазық дала да сүтті сиырларды  жаюға, оларға жем-шөп дайындауға арналған. Ал негізінен мал шаруашылығына бағытталған біздің өңірде сүт белдеуі бар ма? 

6a861f9ec72ae5cc046adc0f15e2c56b-800x

 Сүт белдеуі құрылды ма?

Облыста сүт белдеуін құру, яғни өңір халқын сүт және сүт өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру мәселесі  көптен бері айтылып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке жүгінсек, биылғы  1 қаңтарда  өңірде  650,4 мың ірі қара малы тіркелген. Соның ішінде сүтті бағыттағы  – 102,1 мың бас. Жалпы облыс бойынша сауылған сүт көлемі 236,9 мың тоннаны құрап, 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 0,2% өсім байқалған. Өндірілген сүт негізінен халықтың ішкі тұтынуы үшін пайдаланылады. Өңделетін сүт көлемі – 15-20 мың тонна. Бұл жалпы сүт өндірісінің 10-15%-ы деген сөз. Бұдан байқағанымыздай, өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 20 пайыз ғана.  Себебі   шикізат, яғни  сүт  тапшы. Ал  қалған 80%-ы республиканың басқа облыстарынан  және  көршілес  Ресей  мен Белоруссия мемлекеттерінен әкелінуде. Осы ретте «Облыста сүт белдеуін құру мәселесі қалай шешілуде?» деген сұрақ туындайды.

Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың сөзінше, облыста сүт және сүт өнімдерін тұтынушылардың басым көпшілігі қала халқы болып отыр. Сүт өңдейтін ірі кәсіпорындар да облыс орталығында орналасқан. Сондықтан  шаһар маңында шоғырланған сүт өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Тасқала аудандарындағы сүтті мал шаруашылығы сүт өңдеу мен өндіруге бағытталуда. Әсіресе, Бәйтерек және Теректі аудандарында сүтті бағыттағы кооперативтер құрып, сүт өңдейтін кәсіпорындарға шикізатты  үздіксіз тапсыру жолға қойыла бастады.

– Облыс тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен  толық  қамтамасыз ете алмаудың бірнеше себебін айтуға болады. Ең алдымен, қолдағы сүтті бағыттағы мал басының өнімділігі төмен. Сонымен бірге сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басының  аздығы, малдың сүттілігін арттыруда ерекше орын алатын шырынды мал азығы өндірісінің төмендігі де әсер етуде. Мәселен, шырынды мал азықтары суды көп қажет ететін мал азықтық дақылдардан дайындалады. Яғни оның құрамындағы ылғал оннан жеті бөлігінен асады. Олардың қатарына көк шөп, жайылым мен шалғын оты, екпе шөп, бір жылдық әрі көп жылдық астық және бұршақ тұқымдас өсімдіктер, сүрлем және басқалары бар. Жалпы шырынды мал азығы сүтті арттырып қана қоймай, малдың зат алмасуын үдетіп, ас қорытуын жақсартады. Соңғы жылдары құрғақшылық және трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемінің аздығы да бұл саланың қарқынды дамуына кедергі келтіруде. Мәселені шешу үшін өнімділігі жоғары сүтті бағыттағы аналықтарды импорттауда мемлекеттік қолдауды бұдан әрі жалғастыру  қажет. Сондай-ақ  мал басын қолдан ұрықтандыруды жетілдіру және суармалы жем-шөп өндірісін дамыту да күн тәртібінде тұр, – дейді Сатқан Ержанұлы.

Мәселен, www.primeminister.kz сайтының жазуынша, елдегі сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен – 500 мың тонна. Молықтыру мәселесін өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларының қуатын арттырып, кеңейту және отандық сүт зауыттарының жүктемесін арттыру  есебінен шешу жоспарлануда. Сондықтан елде жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу көзделген.

 Сүт өндіретіндерге қолдау

Елде сүтті мал шаруашылығын дамытқысы келетіндерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз субсидиялар беріледі. Мәселен, жеңілдетілген несиелер сүтті-тауарлы ферма құруға, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын сатып алуға бағытталған. Сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малдың отандық аналық басын сатып алғаны үшін – 200,0 мың теңге, ТМД, Украина елдерінен импортталса, 225,0 мың теңге, Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа елдерінен әкелініп, 400,0 мың теңгеге демеуқаржы  қарастырылған. Ал сүт өндіруші шаруашылықтар өндірген 1 кг сүт үшін бағымдағы сиырларының саны 600 бастан жоғары болса – 45 теңге, 400 бастан жоғары болса – 30 теңге, 50 бастан жоғары болса 20 теңге  төленеді. Сол сияқты ауыл шар-уашылығы кооперативтеріне  20 теңгеден мемлекеттік қолдау беріледі.

Сондай-ақ сүтті және сүтті-етті тұқымды бұқаның бір жынысты ұрығын сатып алғанға 10,0 мың, қос жынысты ұрығы үшін 5,0 мың теңге қолдау бар. Шаруа қожалықтарына және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолдан ұрықтандыру қызметін көрсеткені үшін дис-трибьютерлік орталықтарға 5,0 мың теңгеден демеуқаржы төленеді. Бұдан басқа сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіруге арналған объектілерді құрғаны және кеңейткені, сүт қабылдау пункттері мен сүт өңдеу кәсіпорындарының жабдық пен техника сатып алғаны үшін инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу қарастырылған.

Бүгінде облыста 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі  тіркелген. Сүт өндіру бағытындағы аталмыш кооперативтерге де мемлекет тарапынан демеуқаржы беріледі. Егер олар өз мүшелерінен немесе жеке қосалқы шаруашылықтан сүт қабылдап, оларды сүт өңдеуші кәсіпорындарға өткізетін болса, әр литріне 20 теңгеден субсидия төленеді.  Бұрын  бұл баға  10 теңге болған. Өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап, 20 теңгеге көтерілді. Сонымен қатар жалпы кооперативтердің  мал азығын дайындауға қажетті техникаларды лизингке алу мүмкіндіктері бар. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы трактор және далалық жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды (орақ) лизингке ала алады. Ол үшін кооперативтің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері мен малы болу керек. Алған техниканың негізгі сомасының 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, қалған қаражатты жеті жылға бөліп төлейді. Ал алынған жаңа техника кепілге қойылып, мақсатты түрде пайдаланылуы шарт.

Былтыр  сүт өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеу үшін  сатып алу шығындарын субсидиялауға облыстық бюджеттен 34,1 млн теңге бөлінген. Бұл демеуқаржы  қайта өңдеуші 3 кәсіпорынның 45,4 тонна сары май өндірісіне қажетті 1022,4 тонна сүт сатып алуына төленді. Орташа нормативі – 33,3 теңге. Ал сатып алынатын ауыл шаруашылығы өнімінің бірлігіне арналған демеуқаржы нормативі 42,0 теңге екен.

Сүт өндірушілер кімдер?

Бүгінде  облыста  сүтті бағыттағы 16 асыл тұқымды  мал өсіретін шаруашылық бар. Оларда 2297 бас асыл тұқымды ірі қара мал тіркелген. Шаруашылықтарда негізінен голштин, қызыл ала және симментал тұқымдары бағылуда. Сондай-ақ өңірде  20 сүтті тауарлы ферма  сүт өндіреді. Ірі кәсіпорындар ретінде  «Береке» ЖШС, «Агрофирма Акас» ЖШС, «Валентина» ШҚ, «Агро комплекс Жастық» ЖШС, «Нұр» ШҚ, «Каверин» ЖК, «Сары Бел» ЖШС-ны атап өту қажет. Кәсіпорындардың  жалпы қуаты – 49 мың тонна.  Жоғарыда айтып өткендей, шикізатты көбейтуде Зеңгі баба малының асыл тұқымды болуы зор ықпалын тигізеді. Мысалы 2019 жылы облысқа  шет елден сүтті бағыттағы симментал тұқымдас 110 ірі қара малы әкелінген. Биыл Сырым ауданының «Берекет» ШҚ-ы 120 бас, Жаңақала ауданының «Ғабдығали» ШҚ-ы  40 бас қара ала голштин тұқымды ірі мал аналығын импорттаған.

– Облыстағы сүт импортын төмендету мақсатында ірі кешендер іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, Бөрлі ауданы Пугачев ауылында орналасқан «Аманат» шаруа қожалығы 600 басқа арналған сүт фермасының құрылысын аяқтады. Өз қаражатына жоспарланған жоба құны  – 2,5 млрд теңге. Бұл шаруашылық қазір сүтті бағыттағы 91 сиыр сауып отыр. Сондай-ақ Теректі ауданында «Ringo Milk» ЖШС-ы 600 басқа арналған заманауи технологиямен жабдықталған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 3,9 млрд теңге. Бұл тауарлы сүт фермаларының өнімдері алдын ала өңдеуден өткізіледі. Яғни тұтынушыға сүт өнімдерін толық өңдеп, тиісінше орап, жоғары  сапамен  жеткізу көзделіп отыр. Ал Орал қаласында орналасқан «Uralsk Trade Company» ЖШС-ы тәулігіне 130 тонна, майлылығы 2,5 және 3,2 пайыз сүт өндіретін кешенді биылғы 2-тоқсан соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Осылайша облыстың өңделген сүтке деген қажеттілігін жабуды көздейді.

Өңіріміз негізінен етті мал шаруашылығына ден қойған өңір болғандықтан, сүтті мал шаруашылығының өрісі енді кеңейіп келеді деп айтуға болады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жоба тұжырымдамасын» әзірлеген еді. Онда  сүтті мал шаруашылығы қарқын алуы үшін АӨК-ті табысты дамыту қажеттігі айтылған. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар осы тұжырымдама  негізінде атқарылады, – дейді Сатқан Ержанұлы.

Әрине6 қазір облыс тұрғындарын өңделген сүт және сүт өнімдерімен толық  қамтамасыз етуге мүмкіндік болмағандықтан, бұл өнімдердің экспорты туралы айту әлі ерте. Осы ретте ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтқаны еске түседі. Оның сөзінше, қытайлық «Luqioa Food Company» ірі компаниясының құрғақ түйе сүтіне деген жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 16 тонна екен. Бұл елдегі түйе өсіретін шаруашылықтардың жұмысын ширатуға, оларға  көрсетілетін қолдауды арттыруға серпін берсе керек. Алайда біздің облыста  сиыр сүтін өндіруді тиімді жолға қоюдың өзі өзекті болып тұр.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале