23.09.2021, 16:28
Оқылды: 247

Таулы Қарабақтағы қыл үстіндегі күндер

Адамзат тарихында тоқымдай жер үшін жанжал жиі болғаны мәлім. 1988-1994 жылдардағы Таулы Қарабақтағы қақтығыс ұлтаралық кикілжіңге ұласты. Армян мен әзербайжан қарулы қақтығысқа ұрынған қасіретті оқиға кезінде 30 мыңдай адам қаза тапты. Таулы Қарабақтағы әскери ұрыс қимылдарын көрген, бітімгерлік операцияларына қатысқан Бауыржан Досқалиев пен Ерболат Қабиев «Орал өңірі» газетінің редакциясына келіп, басынан кешкен оқиғаларды баяндап, Тәуелсіздікті қадірлеп, бейбіт заманды бағалап, тағылым, сабақ алу керек екенін айтты.

4C832C43-2550-44C9-A2CD-49538D4F6524

 Сайыпқыран сарбаз

Таулы аймақтағы соғыс жалыны шарпыған тағдыр иелерінің айтары көп. 1990 жылы Шыңғырлау аудандық әскери комиссариаты арқылы армияға алынған Ерболат Қабиев Украинаның Донецк қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Одан кейін оны әскери бұйрықтың негізінде тағдыр соқпағы Таулы Қарабақтағы қақтығыс ошағына алып барды. Ерболат Мақсотұлы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын нағыз соғыс жалыны шарпып тұрған кезең деп санайды. 1991 жылдың 10 наурыз күні әскерилермен Арменияның Степанакерт қаласына келгені оның жадында жатталып қалды.

Таулы Қарабаққа келген арнайы жасақ құрамында шыңдалған, сайдың тасындай іріктелген жігіттер болды. Ертеңіне дабыл қағылып, бәріміз өре түрегелдік. Адамдар қанжоса болған алғашқы көрініс көз алдымызда. Екі қаскөй автоматпен жолаушылар автобусына оқ сеуіп өткен. Қаланың кіреберісінде он шақты мүрдені көріп сілтідей тындық. Біз қастандық жасаушылардыңізіне түстік. Бірақ өзеннен кейін олардың сорабы ізім-қайым жоғалды. Қатар-қатар жерге қойылған мәйіттер қасына әзербайжан ақсақалдары келіп жатты. «Енді елге аман-сау оралу жоқ шығар» деген күдік тұманы көкіректі ұялап алды сол күні. Бірақ «Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» деген рас екен. Майданда қаза тапқан кісілерге де, атылған оққа да, жарылған мина даусына да етіміз үйренді. Сол кезде «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, Қазақстанда соғыс болмаса екен» деген тілек көкейде маздап тұратын, – деп еске алады Ерболат Қабиев.

FE33EE15-F659-45FA-98A0-61ED376A39FC

Арнайы жасақ арасында «Күрең берет» иегері Ерболат Қабиев 1991 жылы жүргізілген «Шеңбер» операциясына қатысқанын да айтты. Операцияның мақсаты тау-тасқа жасырынған заңсыз қарулы жасақтарды қарусыздандыру. Олардың бой тасалаған жерлері анықталғасын, яғни координаттары айқын болғасын, бізге хабар келеді. Бірден тапсырманы орындауға аттанамыз. Қарауылда тұрған топты бірден құрықтап, қару-жарағын түгел тәркілейміз. Қауіпті операцияларға қатысқан талай жауынгер минадан көз жұмды. Бір оқиғаны айта кетейін. Қанат есімді қазақ жігіті БТР тізгінін ұстады. Ауыр техника колоннаның қақ маңдайында болып, ылғи көш бастайды. Алда жақпар-жақпар жартасты айналып өтетін бұралаң жол жатыр. Бір кезде алда келе жатқан көліктің құзға құлдилағаны туралы хабар жетті. «Еһ! Қазақ жігіті...» деген өкінішке толы оператор даусын құлағым шалды. Кімнің опат болғанын бірден білдім. Содан қалай да қандасыма қол ұшын созуым керек деген ессіз түйсік санамда жарқ етіп, бірден жүгіре жөнелгенім есімде. «Кабиев, қайт!» деп саңқ еткен командир бұйрығы тоқтатты мені. Тамағыма тас тығылып, көзімнен жас сорғалап жатты. Құдайдың құдіреті-ай, кейін мәлім болғанындай, тап сол күні Қанат ауырып қалып, оның орнында басқа механик-жүргізуші екен. Кездейсоқ апат зәре-құтымды алғаны соншалық, есіме түссе, әлі күнге дейін аза бойым қаза болады», деді ол.

Қатардағы жауынгер №3395 әскери бөлімшеде қызмет еткен. Арнайы мақсаттағы рота командирі, майор Владимир Ногтев Ерболат Қабиевті жауынгерлік медальға ұсынады. Бірақ бір айдан кейін жоғарғы жақтан оның ұсынысы қабылданбағаны туралы хабар келеді. 1991 жылдың тамыздың 1-і күні командир ротаны сапқа тұрғызып, Қабиевке алға қадам басуға әмір етті. Содан кейін «Рядовой Кабиев, назначается инструктором по рукопошною бою спецроты!» деп хабарлады. Құрыш білекті, арыстан жүректі, әбжіл қимылды 120 сарбаздың арасынан қазақ жігітін нұсқаушы етіп тағайындағанына жауынгердің өзі таң-тамаша болды. «Командир әскери операциялардың ең күрмеулі, шешуші сәтінде өзісенім артатын жауынгерлерді ғана ертіп алып кететін. Андрей деген досым мен Роман есімді осетин жігітімен барлау тобында бірге болдық. Әрі-беріден соң «Бізден басқа ешкім жоқ па?» деп қынжылып та аламыз. Командир сол кезде басқа қаруластарының тапсырманы мүлтіксіз орындайтынына сенбейтінін өзіме ашық айтатын. Ал ротадағы 120 жігіттің 116-сы – Ресей және Украинадан шақырылғандар еді» деп әңгімеледі Ерболат Қабиев. Арнайы мақсаттағы ротаның ұрыс қимылын ресейлік «Бірінші канал» телеарнасы «Адам және заң» атты бағдарламасының түсірілім тобы таспаға басқан. Кейін бағдарлама мұрағаты сақталған кассета жауынгердің қолына түседі.

 Тұтқындағы тағдыр

...Таң сібірлеп атып келе жатыр. Таудағы үңгірдің іші ызғар еді. Армян жасағының тұтқынға алғанына бір аптадай уақыт өткен. Суық жүзді тергеуші сұрақтарымен әбден мезі қылып бітті. 1991 жылдың қараша айында Степанокерт пен Агдам арасындағы блокбекетте тұрғанда жеті адамдық қарауылды армян жағы басым күшпен жеңді. Алдымен рота командирі оққа ұшты. Одан кейін қаруластарын да жусатып салды. Әскери казармадағы жәшік-жәшік қару-жарақ пен оқ-дәріні түгел тиеп алды. Атыс кезінде аман қалған Ресейдің Саратов облысынан әскерге алынған Александр Недопекин мен Батыс Қазақстан облысынан әскерге шақырылған екеуін тұтқынға алып кетті. Екі жауынгерді ұрып-соғып, зәбір көрсетіп, аяқ-қолын сындырады. Қашып кетпесүшін табандарын өкшемен қоса тіліп, тұз салып, целофанмен орады да, үңгірге әкеліп тастады. Тұтқындар арасында әзербайжан тұрғындары да бар. Азапты күндерді үнсіз ойлап жатқан Бауыржан мылтық дауысының жаңғырығынан елең ете қалды. Ол құтқару жасағы келіп жеткенін түсінді. Әскерилер көздеп атқан оқтан үңгірді күзеткен тоғыз армян бірінен соң бірі қаза тапты. Өкінішке орай, атыс кезінде кеудесінде үміт алауы тұтанған Александрға да оқ тиіп, ол сол жерде көз жұмды. Тұтқындалған әзербайжандар мен қазақ жігіті күннің шұғыласы мен  бостандық дәмін қайтадан сезді...  

B1A109F0-A20B-4116-9686-B922FFC0F937

Бауыржан Досқалиев 1990 жылдың 19 қазан күні Бөкей ордасы аудандық әскери коммисариаты арқылы Орал қаласына шақырылған. Ол Ресейдің Пятигорск қаласында екі ай әскери курстан өтті. Одан кейін жас жауынгерлерді Ростов қаласында жекпе-жек ұрыстың әдіс-тәсілдеріне, тікұшақтан парашютпен секіруге, сұр мерген болуға баулиды. «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» демекші, жауынгер бір жылдан соң №5471 арнайы рота құрамында әскери қызметін Таулы Қарабақтағы Степанакерт қаласында жалғастырады. Арнайы жасақ үшін нағыз әскери өмір осында басталды. Блокбекетте кірпік қақпай күзетте тұру, арнайы колоннаны діттеген жерге дейін жетуіне бас-көз болу, кешкі сағат жетіден таңғы сағат сегізге дейінгі аралықта коменданттық тәртіпті қадағалау – Қарабақтағы әскердің бұлжымас міндеті болды. Әскерилер оқтан қорғайтын кеудеше, дулыға, қанжар, автомат – барлық қару-жарақты тастамай, сақ жүретін. Бірнеше күн тұтқында болып, небір азап пен қорлауды басынан өткерген  жігіттің денсаулығы оңбай сыр берді.

Алдымен, Степанкерттегі әскери лазаретте емделдім. Одан кейін Бакудегі госьпиталға түстім. Содан бері соғыс тақсіретін бір кісідей тартудамын. Бас сүйегіме зақым келді. Қазіргі кезде ІІ топ мүгедегімін. Бұлтты күндері аяқ-қолым сырқырайды. 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» заң шығарды. Осы заң бойынша Таулы Қарабақ, тәжік-ауған соғысына қатысқандар «әскери қимылдардың ардагерлері» болып танылды. Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарына қатысқанымыз туралы құжаттарымыз жеткілікті. Бірақ 1988-1990 жылдары әскери қызмет еткендер ғана ардагер санатына енеді екен. 1991 жылы қақтығыс аймағында болғандарды санатқа енгізу мәселесі әлі талқылану үстінде. Жуырда осы мәселе шешімін тауып қалар. 2020 жылдың ақпан айында облыста «Таулы Қарабақ ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестік құрамында 100 шақты майдангер бар, – дейді өңірінде «Қызыл жұлдыз» орденімен қоса бірнеше медаль жарқыраған Бауыржан Досқалиев.

 Елбасының ерлігі

Тарихи деректерге көз жіберсек, өткен ғасырлардың қойнауына кететіндігіне көз жеткіземіз. Таулы Қарабақ үшін болған ұлатаралық қақтығыс кезінде Осман империясы мен Патшалы Ресей тарихи жерді өз мүддесіне пайдаланған. Әртүрлі себеппен Таулы Қарабаққа қоныс аударып, одан кері көшкен армяндарға әзербайжандардың ен жайлауы аса ұнай қоймады. 1918-1920 жылдары армян-әзербайжан соғысы орын алды. Кеңестік кезеңде Таулы Қарабақ автономиясы Әзербайжан КСР-на қарасты болды. Бірақ Совет Одағы ыдырай бастаған тұста қырғи-қабақ жанжал қайтадан басталды. Сол себепті 1991 жылдың 20-23 қыркүйек күндері Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин Қап тауын мекендеген қос халықты татуластыруға келді. Көшбасшылардың ара ағайындығы арқасында қарулы қақтығыс жалыны әжептәуір бәсеңсіді.

Баку қаласында Әзербайжан мен Армения басшыларымен келіссөз жүргізген соң, Ельцин мен Назарбаевтың Степанакертке келуін оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлер нағыз ерлікке балайды. Себебі ол кезеңде қауіп-қатер, атыс-шабыс сейілмеген еді. Бауыржан Досқалиев делегацияны Степанакерт әуежайынан қарсылауданбастап, жеке күзет ісіне атсалысқан жауынгердің бірі. «Қос президентке қақтығыстан қажыған халықтың қошеметі ерен болды. Елбасы жергілікті тұрғындардың арыз-мұңын, ұсыныс-пікірін мұқият тыңдады. Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы жауынгерлермен кездесті. «Орал облысынан келген қазақ едім» деп арнайы қол алысып амандастым. Мемлекет басшысы жылыұшырай қарап, «Қазақты ұятқа қалдырма, Отан алдындағы міндетіңді абыроймен атқар» деді. Сол сенім маған ерекше қанат берді. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маған жасаған шарапаты шексіз. Мен Стапанакерт қаласывнда емделіп жатқанда, журналист Болат Оңғарбаев «Халық кеңесі» газетіне мен туралы мақала жазды. Әкем Мұқамжар осы газетті қолына алып, Елбасы қабылдауына барған. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен генерал-майор Орынәлі Боранбаев мені Стапанакерттен Баку қаласына, Бакуден Алматыға алдыртты. Одан кейін әскерипрокуратура саласында жауапты қызметтер атқарған, қазіргі кезде доғарыстағы полковник Сағынтай Рашқалиевтің де қамқорлығы зор болды. Рашқалиев арқылы он жылдан кейін Алматы қаласына барып, генерал-майор Орынәлі Боранбаевпен және  журналист Болат Оңғарбаевпен жүздесіп, ол кісілерге алғысымды жеткіздім. «Хабар» арнасы арқылы Таулы Қарабақтағы Елбасы сапарынан репортаж дайындаған тележурналист, марқұм Нұртілеу Иманғалұлына 2002 жылы сұхбат бердім, – деді Бауыржан Досқалиев бізбен әңгімесінде. Оның айтуынша, «Таулы Қарабақ ардагерлері» ұйымы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты бәсеңдетуде, бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтіруде Елбасының еңбегі зор болды деп есептейді.

Біреулер «Ол жерде соғыс болмады» деп жүр. Бұндай көзқарас түбірімен қате. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері саяси көрегендік танытып, біздің Отанымызда, қазақстандық қоғамда этносаралық сыйластық пен дінаралық татулықты нығайту жолында, мемлекет тұрақтылығын сақтауда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбек сіңіріп, қажымас қайрат көрсетіп келеді.  Соғыс жалыны шарпыған жерді көргесін, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы жөнінде жиі ойланамын. Таулы Қарабақта әскери қызметімізді атқарып жүргенде, басқа ұлт өкілдерінің «Біздің елімізде сіздің мемлекет басшысы сияқты көсем болғанда, мұндай соғыс болмас еді» дегенін талай естідік. Төрт жылдың ішінде қақтығыс аймағында 20 шақты тікұшақ отқа оранды. Соған қарамастан, жанжал өршіп тұрған жерге Елбасыныңтікұшақпен келуін саяси батылдық, көрегендік деп есептейміз. Халықтың шат-шадыман, бақуатты, емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасаған Елбасына ардагерлер атынан алғыс айтамыз. Тәуелсіздік тұғырын енді бекітіп жатқан кезде, мемлекетті керітарпта саяси күштерден қорғап, қоғамдық-саяси дағдарыстан аман алып шығуда саяси тұрғыдан стратегиялық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрегенділік танытқаны ақиқат, – деп қорытындылады сөзін Ерболат Қабиев.

 Нұрлан Ғаппар,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале