30.07.2021, 8:54
Оқылды: 278

Траншея түбіндегі ой

Көршім дөкей.  Дөкей болғанда да «екі көзі аспанданың» өзі.  Бір есіктен кіріп-шығатын болған соң кейде қарсы,  кейде бір бағытта кездесіп қаласың ғой: сәлем берсең, алмайды. Бөтен ұлт болғасын, бәлкім, қазақша сәлемдескенімді қаламай жүр ме деп, әдейі  орысша да айтып көрдім «іздрәсти» деп.   Байқамаған болып аса береді.

20210728_185917

Бұрында,  әлде бір жиын-жиналыстарда кездесіп қалғанда керім амандасатын еді, қолын бермегенмен, басын қайта-қайта шұлғып. «Танымай жүрген шығар, жә»  деп қоя салдым да,  мен де танымаған болып аса беретінге көштім. Сонымен бұл үйге көшіп келгелі де жарты жылдай өтті. Бір күні қарасам,  көршім амандасатынды шығарды. Амандасқанда да бар ғой,  шығып келе жатқанымды көрсе,  мәшинесіне мінбей, күтіп тұрып  сәлемдескеннің мезіретін жасайды ғой кәдімгідей. Мен де сөйтем,  нем бар енді,  өзі адам құсап басын изеп тұрса. Бұл – жаздың  басы еді. Содан күздің орта шамасында көппәтерлі үйдің алдындағы  салынғаннан бері жабайы күйінде қозғалмастан  жатқан  атшаптырым алаңда бір қарбалас  басталды. Күрілдеп-сарылдап тракторлардың не бір түрлері келді де, әлгі алаңды олай да бұлай қопарып, тегістеп, тапап-жаншып «жанын шығарды». Одан кейін  қораптары шалқайған  қызыл самосвал керек пе, тұмсықтары сорайған кран керек пе толып кетті. Ішінде тырқылдап,  ковышы мен бульдозерін кезек жұмсап,  кәдімгі өзіміздің «Беларусь» та, жер-дүниені басына көтеріп шынжыртабан «ДТ»  да жүр. Құм тасиды, топырақ, цемент тасиды – әйтеуір  тыным жоқ бәрінде. Кішкентай жиенім екеуміз  жоғарғы қабаттың терезесінен қараймыз да тұрамыз. Сағатпен жүреді ғой, сағатпен! 9-дан 9 мүйнет кешікпейді. Ешкім бақылап,  бағып, ұрсып, зекіп тұрған жоқ (терезеден әйелі қарап тұрмаса), әр кім өз жұмысын біледі, келеді де кіріседі.

Түскі үзіліс те солай, ерте кету, кеш келу жоқ. Кешкі жұмыс  уақыты біткен соң қалып, зорыққанша шаршап тирақсып жатқан да ешкім жоқ.   Содан кейін қол жұмысын  атқаратын адамдар келетін болды. Жаяу жүргін жол төсей ме, жиектерін сәндей ме, әлдебір жоспармен жүгіріп жүреді 5-6 адам. Бұларда да сол темірдей тәртіп. Кеңсеге келіп жүрген мемлекеттік қызметкер сияқты дәл уақытпен жүреді-ау.

Жұмыс біткенде күрек, қалақ, шелектерін тап-тұйнақтай қылып  подвалға жинап, сыртынан құлыптап кетеді. Күздің аяғы, жаңбыр да жауып, қырау да тұрып  жатты арасында, оған қарап жатқан бұлар жоқ. Айналдырған  жарты айдың ішінде жабайы алаңда жұтынған керемет балалар «шәһары»  пайда болды. Ертегі сияқты. Аққу құсы иілген аппақ һауызы,  әлденеше түрлі әлпеншегі,  өрмелеп шығып, зырғанап түсер  жасанды төбешіктері,  аспалы, баспалы не бір құрылғылары,  орындық, сәкілері бар,  керім тыныс алып,  дем басып отыратын жер. Бұл үйде бала көп екен ғой, білмей жүрсем. Бала баққан кемпір де көп екен. Бәрі қыбырлап есік алдына шығатын болды, келіп қалған қыстың деміне қарамай.

Су беріліп үлгірмеген һауызды жағалап жастар да жүреді түнге қарай. Айтуға ұмытып барады екем, алаңның бедері біліне бастағанда кербез көршім дәу сағатына қарап, дәу мәшинесі келгенше есік алдында жиірек тұратын болды. Олай-бұлай жүріп, жұмысшылармен сөйлесіп, көршілермен амандасып...

Не керек, көршімнің кілт өзгерген көмейін сезсем де,  мен сол кезде жазбадым бұл туралы. Жазғызбады бір нәрсе. Айтқандай қаңтарда парламент сайлауы болды да, көршіміз сонда сайланып кетті. «Жұмыс ырғағын да, өмір ырғағын да тап басып ұйымдастыра алатын адам екен, депутаттықты да солай оқсата алса, «жақсы ғой»  деп іштей ойладым да қойдым. Сонымен қалды. Жаз шықты. Балалар алаңы тіпті сәніне кірді.  Ішке кірмейді жұрт кеш болса.

Мен басқа  үйге көштім, солай қажет болып. Тағы да тереземнің тап түбінен тарылдап-парылдап  қазу жұмысы басталды. Ат көпір қылып қазу, трактор-техниканың  қуатты қимылы тау-теке қылып топырақты үйді де тастады. Айнала айрыла қазылған  айлапат шұңқыр, екі жағы тік жар, астында ұзын-ұзыннан қос қатар болып сұлаған жуан түтіктер,  екі жағында шұңқырдың бетін жапқан үй орнындай жалпақ тас плиталар, қысқасы,  қызу еңбектің көрінісі екі күнде пайда болды ғой.

«Әп, бәрекелді, кіл қазақ екен!» деп сүйсініп қоямын терезеден қарап тұрып. Үйге кірген көк шаңды да, түтінді де елегенім жоқ, болады ғой ондай-ондай. Қауырт бастады, тез-ақ бітірер...».

... Екі күннен соң, тіпақ, адам жоқ. Сол жоқтан бір ай ешкім келмеді ғой бұл «жұмыс алаңына». Шыдамай, әлеуметтік желіге жаздым, «окоп» ойнап, түсіп-шығып жүгірген балалардың бірі құлап, майып бола ма деп. Суретімен салдым, қазір суреттің заманы ғой. Содан  бір-екі күн өткенде  там-тұм біреулердің төбесі көріне бастады. Шамасы, бастықтары білем, тендор ұтқандардың. Тағы бірер жұманың төңірегінде қимыл білініп, қараң-құраң адамдар жүретін болды.

Жүргенде, қалай – сағат  10-нан кете  сылбырап каскалы жігіттер келеді. Бірдеңе істеп жатқандай болады, «е-е» дейсің үміт қылып. Содан соң шылым шегу басталады. Неше қарасаң да, жүрелеп отырып алып, бұрқыратқанды көресің. Сөйтіп отырып,  түс болады, түстен кейін кеш болады... Қай уақытта не істеп жатқанын ұстай алмадым ғой, ақыры. Көк түтінін бұрқыратып газбен дәнекерлейтін техника үзбей үш күн қатар  жұмыс істеді, әйтеуір.  Бұл кісілер де контор қызметкерлері сияқты, обалдары не керек.

Сенбі, жексенбі демалады, 5-тен қалмай тарайды дегендей... Түскі үзіліс ұзақтау, кейде түстен кейін келмей-ақ қойса да  болатындай.

Өздері біледі ғой, жә, тек ана тентек балалардың кешке қарай «соғыс» ойынын күшейтіп бара жатқандары болмаса. Шөпшек қыздардың да осы шұңқырға түсіп-шығып ойнауға әуестігін қайтерсің  және.  Айтпақшы, кеше қолдарында бір буда қағазы бар үш-төрт адам жүрді «траншея» жағалап. Комиссия сияқты, ішінде бір әйел адам бар. Тексеріп жүр ме, қабылдау үшін қарап жүр ме, білмедім. Арасында адамның кеудесінен келетін терең «окоптардың»  түйетайлылау жерлерінен, бригадир (өзім солай шамалағам)   баспаны әкелгенше шыдамай,  өздері жорғалап түсіп,  өрмелеп шығып,  қолдарын шошаңдатып, шұқып  көрсетіп  қояды  әлденелерді.

Құдайдың кереметі, күн сайынғы  жайбасарлықтарына өзім ренжіп жүрсем де,  «біздің жақтың» (жұмысшыларды айтам) тілегін тілеп, соларға жақ болып тұр екем  іштей. Сөйтетін әдетіміз ғой... Комиссияның не деп кеткенін білмеймін, бүгін таң атқалы жұмысқа ешкім келген жоқ.

Жайраған  айра-дайра ұзыннан шұбақ «траншея»  мен тау-төбе топырақ шебіне терезеден қарап қойып,  шай ішіп отырмын.

Күз де келіп қалды. Жауын-шашын басталса «траншеяның» жиектері  опырылып, мына топырақөбелердің үстіне шөп шығып кетер ме екен?!

Мұз қатқасын кесектермен жауып, төбесінен бір сипап, «бітіре» салатын шығар  жылдың аяғына қарай. Ондайға таңғалмаймыз ғой. Өткен жылғы армяндардың жұп-жұмыр жұмыс ырғағына неге таңғалғанымды енді түсіндім. Олар солай жүгіріп жүріп іс  тындырып, қожайындарын парламенттен бір-ақ шығарды. Мыналар қайдан шығарар  екен?!

Дариға Ғазезқызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале