18.05.2022, 10:45
Оқылды: 35

48 жыл біргеміз!

Отбасы – мемлекет негізі. Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылдық округінде осы ұранды берік ұстанатын Қуанышқалиевтер әулеті тұрады. «Берік ұстанады» деуімізге үлкен себеп бар. Отағасы Төлеген Қуанышқалиев пен жары Маруа Молдағалиеваның бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандарына биыл тура 48 жыл.

9

Жанұядағы алты баланың үлкені Төлеген Икрамұлы 1949 жылы Еңбек совхозының бөлімшесі Абай ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абайдағы 7 жылдық мектептің табалдырығын аттап, хат таниды. 8-10 сыныпты Еңбек совхозындағы мектепте жалғастырған. 1971 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша бітірген. Содан қазіргі күнге дейін Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаз. Жан жары Маруа Атанбозқызы да математик. 1950 жылы Чапаев ауданы Шалқар балық цехында дүниеге келген. Ол да Абай ауылындағы мектепте білім алған. 1972 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын аяқтап, еңбек жолын дәл Төлеген Икрамұлы секілді Ақжайық ауылындағы мектепте бастаған. 1972 жылдан 2010 жылға дейін шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, зейнетке шыққан. «Қазақстан Республикасының білім озаты» атағына ие болған жоғары санатты математиктер 1974 жылы отбасын құруға бел байлайды. Бүгінде 4 баланың ата-анасы, 4 немере мен 2 жиеннің ата-әжесі. Ұстазадар династиясынан құрылған Қуанышқалиевтер әулеті – ұстаздар арасындағы облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі сайыстардың жеңімпаздары. Сонымен қатар, 2018 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде ІІ орын, облыстық кезеңде ІІІ орынды қанжығаларына байлаған үлгілі жанұя.

- Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Бір сөзбен айтқанда, кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған. «Тектілік тәрбиеден басталады» деп, бала тәрбиесіне жіті мән берген. Біз жолдасым екеуміз 48 жыл бірге өмір сүріп келеміз. Балаларымызға жақсы тәрбие бердік деп есептеймін. Төртеуі де екі-екі оқу орнынан бітірді. Бәрі жоғары білімді. Жанұяда балаға дұрыс тәрбие беру үшін әкенің рөлі аса маңызды. Отанасы бауыр еті балаларына әкелерін құрметтеуді үйретсе, өзі де ерекше сыйласа, барлығы өз орнында болады. Біз «Тәрбие отбасынан, тамақ ішетін үстел басынан басталады» деген ұстанымды қатаң сақтаймыз. Жақсы ұстаз болу үшін әуелі өз балаң, ұрпағың тәрбиелі болуы керек. Сонда ғана өзгенің баласына білім бере аласың. Біздің ең алғашқы шәкірттеріміздің өзі 67 жасқа толып отыр. Әрдайым көрген жерлерінде құрақ ұша сәлем беріп, сыйластық танытып жатады. Соның өзі біз үшін үлкен қуаныш. Қазір зейнетте болған соң, немерелерімді тәрбиелеуге атсалысып жүрмін. Оларды қосымша саз мектебіне оқуға бердім. Домбыра, қобыз, гитара аспаптарында ойнауды меңгерді. Біз, әсіресе, мен ауылда болатын мәдени шараларға жиі қатысамын. Кітапханамен де байланыстамын. Театрға да жиі барып тұрамыз. «Жусан», «Томирис», «Жағалаудағы махаббат» т.б. қойылымдарды тамашаладық. Жанұяның үлгілі болуы ене мен келіннің татулығына да байланысты. Мен 22 жылдан бері келіндік қызметін атқарып жүрген Ләззатжанымды қатты құрметтеймін. Тіл көзім тасқа, осы уақыт аралығында бір қабақ шытқанын көрген жоқпын, - деп Маруа Атанбозқызы отбасында бақыты болудың сырымен бөлісті. 48 жылдан бері бір шаңырақтың түтінін түтеткен ана ер азаматын сыйлап, бағалап, құрмет көрсеткен әйелдің әрқашан озатынын түсіндірді.

 Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале