Оқырманға белгілі, қаңтарда өткен «Бүгінгі еңбек – ертеңгі табыс» жұмысшы мамандықтар форумына «Сәтимола» кен орнының негізінде калий тұздарын өндіруге кіріскелі тұрған «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясынан бас экономист Тілепберген Ғабдоллин қатысып, өндірістік кешен салу жұмыстары, болашаққа жоспар жөнінде ақпарат беріп кеткен еді. Осы жиыннан соң компания өкілімен жеке сұхбаттасып, калий тыңайтқышы бойынша әлемдегі ең бай кен орнындағы қам-қарекет туралы бірқатар сұрақтар қойдық. Аз-мұз дерек: «Сәтимола» кеніші алғаш 1960 жылы ашылған. Кенорны Базаршолан ауылынан 40, Дендерден 70 шақырым шығысында орналасқан. Геологиялық зерттеулерге сүйенсек, осы жерде калий кенінің қоры 3 млрд. тоннадан асып жығылады.
– Тілепберген Ғабдоллаұлы, Ақжайыққа қош келдіңіз! Сіз қызмет ететін «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясы «Сәтимола» кен орнында калий тыңайтқыштарын өндіруге кіріспекші. Қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылды осы бағытта? Сол жөнінде дерек бере кетсеңіз.
– Ақжайық қонақжай мекен екен. Осында келгелі, аудан басшыларымен жүздесіп, компанияның кен орнына қатысты жоспарларын бөлісіп, бірқатар мәселелерді талқыладық. Біз қолға алған жобаның атауы – «Сәтимола» кен орны негізінде калий тұздарын өндіру үшін байыту-өндірістік кешенінің құрылысын салу». Аталмыш жоба халықаралық стандарттарға сай калий тыңайтқыштары мен бор қышқылын өндіру саласына тың серпін бермек. Яғни Қазақстанда алғаш рет осы минералдар өндіріледі.
Мысал үшін мына ақпаратты айта кетейін. Калий тыңайтқышы – өсімдік қорегі ретінде қолданылатын минералды заттар. Калий тыңайтқыштары табиғи калий тұздарынан алынады. Ол суда жақсы ериді, өсімдіктердің түрлі ауруға төзімділігін күшейтеді және дақылдардың өнімін арттырады. Яғни бұл тыңайтқыш ауыл шаруашылығына ауадай қажет. Былтыр делік, мысалы бүкіл әлем бойынша 86 млн. тонна калий хлориді сатылған. Ауыл шаруашылығының жыл сайынғын даму қарқынын есепке алсақ, 2035 жылға бұл қажеттілік 97 млн. тоннаға жетеді дейді ғалымдар. Бүгінде бұл тыңайтқышты Қытай, АҚШ, Бразилия, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері көп импорттайды. Ал өндіретін мемлекеттерге келер болсақ, бірінші орында жылына 27 млн. тонна калий тұзын өндіретін Канада тұр, одан кейін 15 млн. тоннамен Ресей, үшінші орында 12 млн. тонна өндіруге қауқарлы Қытай. Беларусь мемлекеті үздік төрттікке енеді. Өзіңіз айтып кеткендей, «Сәтимола» кеніші аталмыш тыңайтқышқа өте бай, кәсіпорын ашылып, толық қуатында жұмыс істеген уақытта Қазақстан әлемдік нарықтағы өндірістің 8 пайыз үлесін қамти алатын үздік бес мемлекетттің қатарына кіреді. Байқап отырғаныңыздай, бұл керемет мүмкіндік.
Негізі жобаны іске қосу процесі 3 кезеңнен тұрады. Қазір алғашқы кезеңге көздеген жұмыстарымыз тәмамдалды. Дәлірек айтсам, тау-кен өндіру және қалдықтарды жою жоспарлары түзілді, қоғамдық экологиялық тыңдаулар өткізілді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жобалаушы серіктестерді іріктеп алдық. Сәуірдің соңы-мамыр айында кен байыту ісінде негізге алынатын JORC стандарттары бойынша кеніштегі пайдалы қазба қорын бекіту жұмыстары аяқталып, банктік-техникалық-экономикалық негіздеме дайын болады деген үміттеміз.
Биыл тағы атқаратын негізгі жұмыстарымыз – кен орнында инфрақұрылымдық жұмыстарды қолға алу. Көпшілікке белгілі, кеніште қазір жұмыс жасауға ешқандай жағдай жоқ. Сондықтан газ бен су жеткізіліп, жол салу бойынша бірқатар іс басталады. Жоспарда тұрған келесі бір мәселе – технологиялық жабдықты дайындау және жеткізуге тапсырысты қазірден бастап беру керек. Пайдалы қазбаны өндіруге қажет құрылғылар біздің елде, немесе жақын шетелдерде жасалмайды. Сол себепті озық технологиялар шығаратын мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, жеткізуге тапсырыс бердік.
Кешендегі жұмысты бастау үшін, әрине, мол қаражат қажет. Қазіргі таңда шетелдік банктен несие алу бойынша шешім мақұлданды.
2025-2027 жылдар аралығында кеніш басында шахта қазылып, зауыт, қосалқы цехтар құрылысын аяқтау, технологиялық жабдықтарды орнатып, 2027 жылдың соңында «Сәтимола» кен орны негізінде калий тұздарын өндіретін кешенді толық іске қосу жоспарланды.
– Кешен құрылысын инновациялық жоба деп атайды? Неліктен? Жаңа технологиялармен калий өндіріле ме?
– Біріншіден, шахтадан калий мен бор тұздары жерасты әдісімен өндіріледі. Бұл әдіс өз кезегінде мейлінше зор қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл кешенде әлемдік озық технологияларды пайдалану көзделген, зауытта орнатылатын жабдықтардың бәрі де техниканың соңғы үлгілері болмақ. Тағы бір айта кетерлігі – минералды шикізат флотациялық әдіспен байытылады. Пайдалы қазбаларды өндіруде флотация – ең көп қолданылатын әдістің бірі. Оның әмбебаптығы сонда – ол минералдардың физика-химиялық қасиеттерінің айырмашылығына негізделген.
Жобаны инновациялық деп атайтын себептердің бірі – Каспий маңы ойпатының табиғи байлығын игеру мәселелерін зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда. «Сәтимолада» тек калий ғана емес, бірнеше химиялық элементтер бар, соның ішінде қайсысы пайдалы, соны келешекте зерттеу үшін осындай орталық ауадай қажет.
Жобаның жалпы Батыс Қазақстан өңірінің экономикалық тұрғыда дамуына оң әсері де мол болмақ. Біріншіден, бұл – тек аудан, облыс емес, бүкіл Қазақстанда алғашқы тау-кен калий өндіретін кешен. Сонымен қатар өңірге мол инвестиция тартылады. Бұл жобаға қарастырылған 2,4 млрд АҚШ доллары басқа еш өңірге кетпейді, осында қалады – тұтас кешен жұмысқа кіріседі. Өңірдің жалпы өнімнің өсу қарқыны ұлғаятыны айтпаса да, түсінікті. Келешекте кешенге теміржол тартылып, автожолдың салынатынын да ауданға құйылатын инвестиция деп қабылдағанымыз жөн.
– Осы жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Соған сай, кешенде қызмет ететін мамандарды дайындау мақсатында қандай жұмыс қолға алынды.
– Өте дұрыс сұрақ. Кешен өздігінен жұмыс істемейді, өзінен өзі калий тыңайтқышы өндірілмейді. Жоспарланған ауқымды істі жүзеге асыру үшін, ең алдымен, жұмыс күші қажет. «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясы кен өндіруге қажет мамандар санының жоспарын алдын ала дайындап қойды. Соған сүйенсек, биыл кен орнының басында 500 адам жұмыс істесе, келесі жылы құрылысшы, техник, геолог-зерттеушілер, өзге де мамандықтарды қоса есептегенде 2000-ға тарта маман керек болады. 2027 жылы бұл сан 2500, 2028 жылы 3000-ға жетеғабыл. Кешен максималды өндірістік қуатына жететін 2030 жылы 4000 маман кен орнында жұмыспен қамтылмақ.
Қазіргі жоспар бойынша жерасты шахтасының өзіне 22 түрлі жұмысшы мамандық қажет. Ұңғыма бойынша техник, түрлі техникаларға машинистер, өрт сөндіретін жұмысшылар, электрослесарь, жер астында кен өндіретін жұмысшылар, т.б. осы мамандықтар қатарында. Біздің салада кәсіби стандарттар бар, соларға сәйкес өңдеу зауытында 20-ға тарта техникалық жұмысшы мамандықтар қызметке тартылады. Олар – кенді байыту аппаратшысы, басқару пультінің операторы, байыту қондырғыларының машинисі, диірмен машинисі, флотатор, өзге де мамандықтар.
Шахта мен зауыттар бір бөлек, оған қоса қосалқы бөлімдер бар. Жаңағы екеуінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін осы цехтарға да электротехникалық жабдықтардың шебері, электромеханик, электромонтер, слесарь, техник, оператор, жүргізуші сынды білікті жұмысшы мамандар қажет болады. Форумда Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде оқытылатын мамандықтар туралы толық ақпарат берілді. Байқағаным, аудан орталығындағы осы оқу орнының кешенге жұмысшы дайындауға шамасы келеді. Сонымен қатар форумға облыс орталығынан келген колледждер өкілдерімен жүздесіп, аудан басшылығымен кеңесіп, болашақ мамандарды қазірден бастап дайындау жөнінде келісімге келдік. Ең алдымен, осы кешенге жұмысшы техникалық мамандарды қабылдағанда ерекше басымдық Тайпақ, Сарытоғай, Базаршолан ауылдық округтерінің тұрғындарына берілмек. Содан соң аудан және облыс тұрғындарын жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Сонымен қатар бұрынғы Тайпақ колледжі базасында мамандарды дайындау және қайта даярлау бойынша оқу орталығын ашу да жоспарда. Жұмысшы мамандықтардан бөлек, кешенге жоғары білімді инженер, техниктер де қажет болады. Осы мақсатта «Qazaq Kalium LTD» басшылығы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен кәсіби кадрларды даярлау саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға отырып, Атырау қаласындағы FSSA рекрутинг агенттігімен халықаралық жобалар бойынша техникалық мамандарды оқыту тәжірибесін талқылап, келісімге келді.
Біз үлкен тарихи сәттің қарсаңында тұрмыз. Осыған дейін айтып кеткенімдей, Қазақстанда алғаш рет калий тыңайтқыштары өндірілмек. Кен орнында жылына 6 млн. тонна калий хлоридін өндіру жоспарда тұр. Осы межеге жетсек, әлемде осы минералды экспортқа шығаратын үздік бес мемлекеттің қатарына енеміз. Алдағы уақытта Ақжайық ауданының тұрғындарын жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қосамыз. Бұл жұмыстар алдағы бес жылға жоспарланып отыр. 5 жыл – өндіріс үшін қас-қағым сәт. Сондықтан жасөспірімдерді бүгіннен бастап бағыттап, кәсіби бағдар берген абзал.
– Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Ә.Серікқызы
Ақжайық ауданы