28.07.2021, 17:36
Оқылды: 85

«Альтаирдан» кейінгі айқай

Теректі ауданы орталығында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Бес әлеуметтік бастамасын" жүзеге асыру мақсатында "Нұрлы жер" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сай тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті табысталғанда бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз. Себебі үш қатарлы тұрғын үйден 36 отбасы баспаналы болды.

aeebab4d-20e4-4333-9cca-9907b3cce774

«Балапанды күзде санайды» дейді қазақ. Айтулы оқиғаның орын алғанына бар-жоғы екі-ақ жыл болса да пәтер алған теректіліктердің қуанышы тез басылды. Әңгіме - тұрғын үйдің сапасында. Құрылысты жүргізген «Альтаир» ЖШС өкілдерін қазір таба алмайтынымыз рас. Кепілдік мерзімі де тек екі жыл деп бекітілген. Миллиардтаған қаржы кеткен құрылыстың кепілдік мерзімін неге сонша аз уақытқа сыйдыра салғанын түсінбей далмыз.

Тұрғындардың базынасын естігенімізбен, жағдайды көзбен көрейік деп «үш қатарға» бұрдық аттың басын. Расымен жағдай көңіл көншітпейді. Үйдің ауласын арамшөп басқан. Жергілікті әкімдік тұрғындарға, тұрғындар әкімдікке ысырып әлек. Жаяу жүргіншілер жолына құдды бомба түскендей. Құрылыстың сапасын осыдан-ақ аңғара беруге болады. Кәріз жүйесіне арналған арнайы орын опырылып түскен. Айналасында кішкентай балғындар асыр салып жүр. Өте сапасыз материалдармен жабдықталған балалар алаңқайын да көрдік. «Арзанның суы татымас» демекші, ойын құрылғылары екі жылдың ішінде тозып біткен. Айналасын баяғы ешкім керек қылмайтын арамшөптер басқан.

Пәтерлерге апаратын кіреберіс (подъезд) жағдайы жаман емес. Тек, электр қуатын бағдарлайтын арнайы жәшіктердің аузы ашық жатыр. Тұрғын үйде көпбалалы отбасылар бар десек, бұны да олқылық деп есептеуге болады. Шатырға шығатын  бөліктің де «иесі» жоқ. Тұрғындардың айтуынша ойын балалары шатырға оңай шығып, одан кейін кері түсе алмай құқық қорғау саласы өкілдерін шақыртқан сәттер көп болған.

Пәтерлердің жағдайы әркелкі. Үшінші қабатта арналасқан пәтерлерден жаңбыр күні тамшы ағады екен. Сарғайып орындары да «менмұндалап» тұр. Қыс мезгілінде пәтерлер суық  болатын көрінеді, себебі терезе мен есіктің орналастырылуы сапасыз. Аязды күні жел үрлеп, көктемде қар еріп, терезені бойлап үйге енеді-мыс.

Аудан орталығында ауыз судың мәселесі өзекті. «Үш қатар» тұрғындарының да зар болғаны сол қара су. Бірінші қабаттағы тұрғындар тамшылап аққан суды жинап күн көрсе, үшінші қабатқа судың келмегеніне де біраз болған. Су келмегесін әжетхананы да қолдана алмайды. Ал тұрғын үй маңында көпшілік қолданатын әжетхана жоқ. Тұрғындар өздері орнатып алуға рұқсат сұрағанымен, әкімдік тарапы келісім бермепті.

-Біздің үйіміздің төбесінен тамшы ағып, қазір ас бөлмеміз бойлай сарғыш кейіпке енді. Сыртқы есіктің сапасы сын көтермейді. Көпбалалы отбасымыз, жаңа есік салып алатын жағдайымыз жоқ. Барымен базар деп күн көрудеміз. Қыстан дәрінің күшімен шығамыз. Терезе мен есіктен жел үрлегенде үй суып, балаларымыз жиі ауыратын болды. Одан кейін телефон сымдарын үйімізге енгізу азап болды. Ғаламтор пайдалана алмаймыз. Онлайн оқыту болғанда ата-ана мен балаларға қиын. Бұл мәселе шешімін табады деп сендіргенімен, әлі сөз жүзінде қалып отыр,-дейді Филиповтар отбасы.

terekti (4)

«Үш қатардың» тағы бір тұрғыны Гүлжихан Наурызғалиева қордаланған мәселелерді талай мәрте аудан әкімі мен жауапты мекеме басшыларына  жеткізгендерін айтады.

-Еденіміздің асты құм. Әрдайым дымқылданып, суланып тұрады. Үйден сосын жағымсыз иіс шығады. Мердігер компания арзан жолына жүгіріп, атүсті жасай салған. Қазір пәтерлердің дені бос. Кейбірі пәтерлерде иелері тұрмайды, жалдап қойған. Расымен, бұл пәтерлерде адам ұзақ тұрақтай алмайды. Біз секілді барар жері, басар тауы жоқ, ұрпақ қамы деп таңнан кешке дейін жүгіріп жүргендердің хәлі нешік болады? Айына 10 мың теңге көлемінде пәтерақысын төлейміз. Оған жарық пен жылуды қосыңыз. Әкімдікке барсақ кепілдік мерзімі өтіп кетті, мердігерді шақырта алмаймыз дейді. Өзіміз ретке келтіруге де болады-ау, бірақ бұл пәтерлер меншікке берілмейді,- дейді Гүлжихан Наурызғалиева.

Міне, гәп осында болып тұр. Жекелеген пәтерлерде үйдің тұрғындары өздері-ақ  істей салатын жұмыстарды мердігерге ысырып тастап отыр. Оған басты себеп – пәтерлердің жалдамалы болуы. Яғни, "Нұрлы жер" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған пәтерлер меншікке берілмейді. Осы тұрғыда тұрғын үйдің «зарын» айтып, Теректі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиевпен тілдестік.

нуртазиев

-Тұрғын үй бөлімнің теңгерімінде. "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы салынған аталмыш тұрғын үйден 36 отбасы баспаналы болды. Өз еріктерімен бас тартқандар болды, қазір үш пәтер бос тұр. Бірақ тізім жасақтадық, бұйырса жетім бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үйдің кілтін табыстайтын боламыз. Пәтердің сапасы мен кепілдік мерзіміне келетін болсақ, біз тұрғын үйді тегістей аралап, акт толтырдық. Кепілдік мерзімін өзгерту бағытында сотқа арыз бердік. Жұмыстар жолға қойылды. Қоғамдық әжетхана салатын жер жоқ. Одан кейін пәтердің жағдайы, әрине, алдымен сапаға байланысты. Бірақ тұрғындар да өздері қоныстанған жерді күтіп-ұстауы керек қой?! Сол жөнінде арнайы келісімшартқа қол қойды. Бәрін әкімдікке ысырып тастауға тағы болмайды,- дейді Миржан Жанғазыұлы.

Бөлім басшысының сөзінің жаны бар. Тұрғындар тым болмағанда тұрғын үйдің айналасын жинақтап, мүмкіндіктері жеткенше кем-кетігін жамап тұруға да болатын еді. Оны жасай да алады, алайда «үй менікі емес, Үкіметтікі» деген пікір қалыптасқан. Тұрғындар бағдарламаның тиімсіздігін айтып безек қақса, жергілікті әкімдік «үйді бердік, күтіп ұстау өз қолдарыңызда» дейді. Бірақ құрылыстың сапасыз жүргізілгендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір тұрғындар мен әкімдік арасындағы тартыс қызғанымен, үйдің жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады...

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале