4.08.2021, 19:02
Оқылды: 23

Ана жауапсыз, заң қауқарсыз

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округі әкімдігінде әйелдер кеңесінің отырысы өтті.

IMG_04082021_185849_(960_x_719_пиксель)
Кеңеске төрағалық еткен ауыл әкімі Нұргүл Омарова:
− Соңғы кездері бала тәрбиесіне жауапсыз ата-ана, балаларынан бас тартқан аналар, ішкілікке салынған әйелдер көбейгені дабыл қағарлық жағдай. «Келін нақсүйерімен кетіп, балалар бағусыз қалды. Бізді тыңдар құлақ жоқ. Қолдарында билік бар ғой. Бір әрекет істесеңдер екен» деп қарт ана үміт артып келеді. Бізде де, заңда қауқар жоқ. Қолымыздан келгені түсінік жұмыстарын жүргізу ғана. Ол түсінік жұмыстары да жүз пайыз нәтиже бермейді. Өткенде балаларынан жаңадан тапқан махаббатын артық санаған анамен сөйлестік. Енесі де, жолдасы да келді. Жолдасы «балалары үшін өткеннің бәріне көзімді жұмайын. Тек келсең болды» деп тұрса да, әлгі ана балаларын бір көрместен, еш келісімге келместен кетіп қалды. Бұл тек бір жағдай емес. Сайқын ауылы бойынша сегіз отбасы арнайы есепке алынған. Әкесі ішкіш, анасы таяқтан көз ашпайтын отбасында баланың тағдыры, ертеңгі өмірі, мінез-құлқы елеусіз қалып жатады. Ең бірінші жәбірленуші бала екенін ұмытамыз. Күні ертең сол баланың ұядан көргенін айнытпай қайталап жататынын ескермейміз, − дейді.
Кеңес отырысына қиындық көрсе де, масылдыққа бой алдырмаған, балаларын аяғынан тұрғызуды басты парызы санайтын аналар арнайы шақырылыпты. Сол қонақтардың бірі Қарлығаш Қадерова:
−Басымыздан талай қиындық өтті. Бастысы, балаларым бірінші орында, ішкіліктен аулақ болдым. Жағдайдың қиындығы, азаматының таяқтауы емес әйелді түзу жолдан тайдыратыны. Жетесінде жоқтығы ғой. Үлкен қаладағы сияқты дағдарыс орталығы, психолог кабинеті керек. Естір құлақ, шағымданар жан таба алмағандықтан бар қызықты да, алдамшы жылуды да қолындағы ұялы телефоннан табады. Сондықтан қиналған жанға қолдау көрсетер орталық керек, − дейді.
Бақытжамал Ғабдуллина:
− Әйел адам жағдайының нашарлығынан ғана жеңіл жүріске салынбайды. Барлықтан да бұзылады. «Қызға қырық үйден тыйым» жоқ. Үлкені де, кішісі де «шаруаң болмасын, өмір өзімдікі» дейді. Бұрын «елден ұят» деген бір сөзден аспайтын едік қой, −деді.
Ауылдық округ бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы Бибігүл Бектелеуова:
− Баласы үшін отқа түсіп, ішкілік жақындау азаматын адам қылған тырысатын әйелдеріміз бүгінде «өзі үшін» өмір сүргенді жөн санайды. Өзін бірінші орынға қоятын батыс менталитетіне бой алдырғанымыздан ғой. Аналық құқықтан айыра салуға болады. Бірақ салдарын ойлауымыз керек. Анасы қандай болса да баласы үшін ең аяулы адам сол. Өткеннен мысал айтсам, бізде бір оқушы болды. Анасы ішкілікке жақындау. Анасының өзіне дұрыс қарамайтынын жасыру үшін саудаға деп әкелген көйлектің бірін кииіп, «міне, қараңыз, мамам тап-таза ғып жуып берді» деп бізді алдауға тырысатын. Бүгін баласына қарамай, өткінші сезім жетегімен кеткен ана ертеңгі күні үлкен өкінішке қалады. Соны жақсылап түсіндірсек, − деп өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
«Нарын шуағы» ҚБ төрайымы Гүлжиян Бисекенова:
− Мұндай жағымсыз үрдістің бәрі ұлттық тәрбиеден, тамырдан алыстағанымыз. Бар мүмкіндікті пайдаланып, арнайы есептегі отбасыларды бақылау, керек кезде қолдау көрсетуді естен шығармауымыз керек. Пандемия деп кей шараларымыз кейінге қалып жатыр. Жұмысымызды жағдайға қарай ширата түссек,− деді.
Кеңес мүшелері алдағы уақытта тиісті сала мамандарымен рейдке шығып, арнайы есептегі отбасылармен жұмысты күшейтуге, қиын ситуацияға тап болған аналармен жұмысты жандыруға, тығырыққа тірелген әйелдерді қолдау мақсатында мүмкіндігінше психологиялық кабинет мәселесін шешуді жұмыс жоспарына енгізді.

Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале