23.02.2021, 16:55
Оқылды: 258

«Ауылдың атауын ауыстыру керек»

Теректі ауданы әкімінің халықпен есептік кездесулерінде биыл көтерілген мәселе көп болды. Шағын ауылдар электр мен интернет желісін, ірі ауылдар ауыз су мен жол жағдайын көтерді. Көпке ортақ мәселелердің ішінде екі ауылда – Новопавловка мен Федоров ауылдық округтерінде қойылған бір сұрақ тек осы басшылыққа ғана емес, халыққа да ой салды.

 покатиловка

Сонымен, онлайн режимде өткізілген есептік жиналыста Новопавловка, Федоровка ауылдарының тұрғындары «Ауылдың атауы қашан қазақша атауға өзгертіледі?» деген сауал салыпты. Орынды сауал, уақыты жеткен мәселе.

Биыл Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл. Тарихын ғасырлап санаған мемлекеттер үшін 30 жыл аз көрінгенмен, осы уақыт ішінде іргеміз бекіп, тарихымызды таныдық.

Сөйтсек те, екі ғасыр бұрын қоныс аударушылар атауын «аударып алған», тың игерушілер «тыңнан ойып» жаңа атау «байлап берген» атамекендеріміз әлі өзінің тарихи атауын қайтара алмай жүргені – ащы да болса шындық.

Теректі ауданының оңтүстік бөлігіндегі Сатым шеген, Тасан шеген, Қызылжар, Құтсыйық деген мекендердің атауы ескіден өзгермей жеткеніне көңіліміз марқайса, Подстепное ауылынан солтүстік бөлікке бұрылған соң «шетелге» еніп кетесің. Новопавловка, Покатиловка, Федоровка, Богдановка, Долинное, Приречное, Придорожное деген ауылдардың заты қазақ болғанмен, атауы әлі орысша.

Бір қызығы, сол ауылдардың атауы әбден «бекіп» алған. «Ауылдың атауын өзгерту деген не керек? Менің әкем осы жердікі, өзім де осы ауылда тудым. Сол кезде ауылымның атауы осылай, орысша еді. Өзгертпеңдер, тимеңдер» деушілер табылады. Әлде, көнекөз, ежелден қозғар қариялар қалмағандықтан ба, әлде, расымен де, ауылдардың қазақы  атаулары болмады ма?

Олай дейін десең, кең даласы малға жайлы, су жағасы жер емген диханға жайлы Теректі – ежелден халық қоныстанған құтты мекен. Ендеше, қазір Покатиловка, Богдановка болып жүрген ауылдардың тарихи атауы бар. Ол жерге патша заманындағы қоныс аударушылар табан тірегенге дейін қазақтар жаз жайлап, қыс қыстағаны сөзсіз.

1 (71)

Мәселен, Покатиловка деп аталған ауылдың тарихы тек 1900 жылдан басталады. Ол үшін мұрағат қопарып, дәлел іздеудің де қажеті жоқ. Сол ауылдың ортасында еңселі салынған «Вознесения Господня» шіркеуі бар. Салынған жылы – 1911 жыл. Айтпақшы, «шіркеуді салуға помещиктер Логашкин мен Богданов ұйытқы болды» деген мәлімет бар «Википедияда». Біздің тағы бір ауыл – Богдановканың аталуы да сол помещикке байланысты болуы әбден мүмкін.

Айтпақшы, аудан орталығы Федоровка ауылының да аталу тарихы көмескі. Біреулер осы жерде диірмен ұстаған Федоров деген байдың «құрметіне» десе, біреулер қоныс аударушыларға жер кесіп берген адамның тегіне байланысты деседі.

Жалпы, Столыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде «1906-1915 жылдары аралығында Қазақстанда қоныс аударушылардың пайдасына қазақтардың иеліктеріндегі 21 млн. десятинадан астам шұрайлы жер бөлініп, қазақтар шөлейт, тастақты жерге қоныстана бастады. Стольпиннің аграрлық реформасы негізінде Қазақстанға 700 мыңнан астам орыс және украин шаруалар қоныс тепті». Бұл да сол «Википедиядан» алынған мәлімет.

Қалай десек те, Ресейдің ішкі аудандарындағы жер тапшылығын шешумен қатар, орыс шаруаларын көшіру арқылы шалғайдағы отар аймақтарды игеру көздеген сол кездегі патшалық Ресейдің Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпиннің отаршылдық саясаты жер атауында әлі ізі сайрап жатыр.

Сондай іздің бірі – Новопавловка ауылы.

федоровка

Ауылдың аталуы жөнінде тарихи дерек жоқ. Дегенмен, оның тарихы почталық индексацияда тап осындай атау иеленген 19 мекеннен алысқа ұзап кетпеген сияқты. Столыпиндік реформа кезінде жаңа жерге орныққан қоныс аударушылар сол мекенге өздерінің бұрынғы атақонысының атауын беріп, алдына «ново» деген сөзді қосқан сияқты. Мысалы, Новопавловка ауылы Солтүстік Қазақстан өңірінде де бар екен. Түбінде Павловка деген деревнядан шыққан мұжықтар келіп қоныстанған сыңайлы.  Ал, осы ауыл Новопавловка аталғанға дейін иесіз дала болды деуге еш қисын жоқ.

Сөзіміз негізді болу үшін айта кетейік. Осыдан екі жыл бұрын, газеттің 32 санында елді мекендердің атауы мен аңыздар жайлы айта келіп, осы Новопавловка ауылының атауына да тоқталған едік. «Новопавловтан сәл қиыс жатқан әйдік сай бар. Сай басында кезінде құдық болған. Ол кездері құбыр бойлап ағатын су жоқ кез. Ауыл-жұрт суы бар жерге, құдық басына қарай қоныс тебеді. Шыңырау құдықтарды небір жанкешті қайсар құдықшылар қазатын. Су көзін табатын білгірлер, құдық қазушылар еңбегі  деген сол кездерде  бағалы еді. Шеген құдықты сол жерді мекендеген бай салғызса керек-ті. Есімі ұмытылған. Жер атауында «Аққұдық сайы» атаныпты. Қазір сол жерде тұратындардың бірі білсе, бірі білмес те. Аққұдықты мекен еткен бай алашапқын қызыл төңкерістен соң «халықты қанаушы» тап ретінде қудаланып, жер аударуға кесім шығыпты. Елінен, жерінен айырылып, босып бара жатқан бай өзі салғызған құдықтың қайнар көзін киізбен тығындап, топырақпен бітеп кеткен-мыс. Құдық құлап, иесі кеткен соң ауыл да тарам-тарам болып, тарап кеткен. Өз басым осы әңгімені Новопавлов ауылына барған кезде естіген едім. Күні кеше жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есболат Қабдырахмановтың ауыл үлкендерінің Новопавлов ауылын  Аққұдық атау туралы тілегін аудан әкіміне, одан әрі ономастикалық комиссия қаперіне жеткізу туралы айтып отырғанын округ әкімі Қайрат Жұмақаевтан біліп отырмын. Есболат Сейтқалиұлының айтуынша, Аққұдық – жердің тарихи атауы. Бұл атау  кеңіс үкіметі кезіндегі жер карталарына да түсіпті» деп, дерек келтіріппіз.

Ендеше, ауылдың тарихи атауын неге қалпына келтірмеске?

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, округ әкімінің есептік кездесуінде Федоров ауылының атауын өзгерту жайлы айтқан тұрғын Айгүл Қайырова: «Өзім осы ауданға 1997 жылы диплом алып жұмысқа орналастым. Содан бері еш өзгеріс болмағаны мені қынжылтады. Қашан аудан орталығының атауы қазақшаға ауыстырылады деп биылғы аудан әкімі есебінде сұрақ берген болатынмын.

"Жер тарихы – ел тарихы" дейді атам қазақ. Еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толып отыр.  Бүгінгі күніміз-ертеңгі тарих.  Ел атауын өзгертуден ешқандай астар іздеп ақталудың ия болмаса даттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – бүгінгі күннің талабы.  Еліміздің болашағы жастарымызға бүгінгі аға буын өкілдері қандай іс атқардық, не тындырдық айта аламыз?

Жалпы, ата-бабамыз әу бастан жер-су атын өзгерткен кезде халықпен санасып пікіріне құлақ асқан. Осындай орыстанып кеткен заманда өзгеріске ұшыраған атауларды Тәуелсіз мемлекетіміздің мерейтойы аясында қайта жаңғыртуға басымдылық берілуі керек деп ойлаймын, - дейді.

Аудандағы ауыл-көше атауын беру, жаңарту мәселесімен айналысатын Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Венера Шин: «Ауыл атауын өзгету-жаңғырту жұмысы тоқтап тұрған жоқ. Былтыр Федоровканың дәл түбінде жатқан Донецк ауылына жаңа атау берілді. Жаңа емес, орналасқан жеріне қарай, тарихи атау берілді десек те болады. 2020 жылдың 18 наурызы күні облыстық әкімдіктің қаулысымен Донецк елді мекені Тақсай атанды. Шаған ауылдық округі құрамындағы Социализм ауылына Кемер атауы берілді.

Ономастика саласы – тарихи жадымызды жаңғыртатын ұлттық мәселе. Атау қоюда шығу тарихына, оның мағынасына мән беру - бірінші міндет. Ауыл атауын жаңартуда біз атауды «аспаннан алып» қоя салмаймыз. Бұрынғы атауын қалпына келтіру үшін ізденіп, мұрағатты да ақтарамыз, - деп сол жұмыста жинаған деректермен таныстырды.

Сонымен, қазіргі Долинное ауылы тұрған жер Егіндісай аталыпты. Жолайрықта жатқан Подстепное ауылы кезінде Мүнәй деп аталған дейді  байырғы тұрғындары. «Мүнәй» революцияға дейін осы жерде орын тепкен  Меневой двордың  (Айырбас ауласының)  бұрмаланған атауы. Ауыл жанында Ақкөл өзені, Жаманкөл шатқалы және Шағыркөл көлі орналасқан. Ал Покатиловка осы жерге қоныс аударушылар келгенге дейін Қожантай ауылы деп аталыпты. 1909-1910 жылдары  реформамен Украинадан келіп,  «Приречное» атандырған ауылды қазақтар Шұбарлысай деген. Қара Оба өзенінің бойында жатқан Шұбарлысайда сол кезде  2 мешіт, мұсылман зираты болған. Байбақты, құл, тама руларының қыстауы болған деген деректер бар.

Міне, ғажап. Ғасыр бойы шет атаумен аталып, «қара шекпен» жамылған ауылдарға осы қазақша, ұлттық тарихымызды жаңғыртатын, болмысымызды айшықтайтын атаулар бұйырсын дейміз ендеше. Ал, Федоровка ауылына келер болсақ, тіліміз үйреніп қалған «Теректі» атауы құп келер еді.

Тек, осы іс биыл бола қояр ма екен? Ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі арнайы комиссия 2021 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін  әкімшілік-аумақтық бірліктерді (ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс) құруға, таратуға және қайта құруға, сондай-ақ елді мекендердің құрамдас бөліктерінің атауына және оны қайта атауға байланысты мораторий енгізу мәселесін қарап жатыр деген хабар бар. Олай болса, ауылдардың атауын өзгертуге де уақытша тоқтау салынуы мүмкін.

Бастысы, «орда бұзар» отызға толған мемлекетіміздің іргесі берік болсын. Ел аман болса, ауылдардың да атауы орнына келер.

Осы орайда айтарымыз, ұмытыла бастаған ауызекі аңыздар, өткен-кеткен тұлғалар туралы естіген әңгіме, қариялардың айтқанынан жадыңызда қалған мәліметтер болса, бізбен бөлісіңіз, құрметті оқырман. «Өткендерін ескерген, өскендіктің белгісі» деген. Өткенді ұмытпай, өсе берейік!

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале