26.01.2023, 12:01
Оқылды: 15

Барымен бөліскен мәрт жігіттер

«Қайыры мол адам суаты шалқар көлмен тең» деген. Қолында бар дүниені өзгемен бөлісу, қайырымдылық танытып, мұқтажға қол ұшын созу бәріміздің бірдей қолымыздан келмейтіні белгілі.  Әр қадам ақшамен өлшенетін мына заманда қайырымды  жандар арамызда бар екені, жақсылықтың, ізгіліктің ауылымыздан іргесін алыс салмағаны қуантады. 

IMG_0124

Бұлай айтуға өткен аптаның жұмасында аудан орталығының тұрғындары, шаруа басындағы азаматтар Болат Айтуаров, Нұржан Ғалиматов пен Елдос Серікқалиұлының сауапқа толы игі ісі негіз болып отыр. Олар Чапаевтағы аз қамтылған Нұрсұлтан Өмірәлиевтің отбасын малдандырмақ мақсатында әрқайсысы бір баспақтан берді. Өзі де көпбалалы отбасынан шыққан отағасының бүгінде үш перзенті бар. Жолдасы жұмыссыздар қатарында, анасына да қарайласып отырған өзі.

Аяқ астынан ауылдастарының қамқорлығына кенелген Нұрсұлтанның қуанышында шек жоқ. Жақсылықтың жаршысы бола білген азаматтарға анасымен бірге алғыстарын жаудырып, ырыстары молайып, несібесі арта беруін тіледі.

– Иа, мен көпбалалы отбасында өстім, жастайымнан еңбекке араластым.  Көріп тұрғандарыңыздай, ағайынның бірлігінің арқасында ауладан жаңа үй салдық. Бәрі де еңбекпен келген құт. Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп, дәрігерлерге қаралып жүрген едім. Жолдасым жұмыссыз. Міне, ауылдас жігіттер бүгін бос тұрған қорама мал кіргізіп берді. Мың алғыс, жақсылық жасаған жандардың ізгі істері еселеп қайтсын, – деді отағасы.

Осы кезде тіркемесіне он сегіз дана бума шөп тиелген трактор да жетті. Бұл да – осы жігіттердің биыл қысқа жеткілікті деп тарту еткен мал азығы.  Шарапаты мол сауапты іске ұйытқы болған жігіттерге Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейнуллин де риза.

– Жігіттер осы ойларын бізге айтқанда, қуана қоштадық.  Бүгін сол істің орайы келген күн болды. Жақсылықтың сауабы мол екенін көрген жан осындай жанашыр азаматтардан үлгі алады деп ойлаймыз.

Газет тілшісімен тілдескен Н.Ғалиматов қайырымды әрекетті жүзеге асыру үшін асқан байлықтың қажеті жоқтығын, өзгелерге қолдау білдірудің өзі де жақсылыққа ынталандыратынын айтады.

– Айналамызда ықыласқа, көмекке шын мұқтаж жандар барда, жиған дүние-мүлкіне масаттанып, оның бір мысқалын қайырымдылыққа жұмсай алмайтын тасбүйрек емеспіз. Қайта «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген халық нақылын қағида етіп ұстанып, дәулетіміз асып-тасып бара жатпаса да, замандасымыз Нұрсұлтанға көмектесейік деп шештік. Осылай жылына бір бас ірі қараның баспағын (бұзау болса да) жоқ-жітік жандарға беріп, олардың тұрмысын түзеуге себеп бола алсақ,  нағыз сауап осы деп ойлаймыз. Бұл жерде кішкене балалардың ырыздығы мен несібесі тұр. Нұрсұлтан бауырымыз еңбекқор, үш баспақты көбейтіп, екі-үш жылда қорасын малға толтыратынына сенімдіміз. Біз осыған тілектеспіз, – деген оның сөзін қасындағы жолдастары да қоштай кетті.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале