21.01.2021, 16:09
Оқылды: 56

Бектілеу қыстағындағы аязды күн

Қаңтардың бірінші онкүндігінде жауған жаңбырдан күрежол  біткеннің барлығы көктайғаққа  айналды. Ақжайық ауданының  орталығы Чапаевтан Мерген  ауылдық округі аумағындағы  Бектілеу қыстағына дейінгі жол да  «көкбеттенген» мұз. Әупірімдеп  «Нива» көлігімен түске таман  жеткенбіз. Жаяу бұрқасын борап тұр.  Ауыл ішіндегідей  емес, сайын далада еркін көсіле соққан аязды жел екі иығын жұлып жеп, құтырына соғады. Қарсы беттен соғып, жүзіңді қарып,  «тіфу»  дегенде түкірігіңді жерге түсірмейді. Қыстақ басындағы  шатыры ескілеу үйдің  алдынан  қазақы тымақ киген, екі иығына екі кісі мінгендей бойлы-сойлы жігіт ағасы қарсы алып, үйге  бастады. Аман-саулық сұрасқан соң, алдын  ала жайылған ақ дастарқан басында әңгіменің тиегі ағытылды.

78BA58F9-2BBB-4F62-B67F-B71383688B33

Әкем Оқас Сисенәлиев өмір бойы «Куйбышев» кеңшарында қой бағып, 1990 жылы дүниеден өтті. Бір кіндіктен тараған сегіз баланың ішінен  әкейдің құтты таяғын ұстап қалдым. Ол кезде мен әскерден келгенмін, басқа  ұл-қыз Оралда оқуда, алды қызметте еді.  Одан кейін кеңшар таратылғанда пайға 80 қой, 6 сиыр, 1 жылқы алып, өз алдыма шаруашылық құрдым. Бұрындары кеңшарда жылқы, сиыр өсіруге рұқсат бермейтін. Сауынға 10 шақты сиыр ғана ұстайтынбыз. Содан бергі уақытта уақ жандық 800 басқа жетті, алайда, – деп өткенді еске алып, аздап күмілжіңкіреп қалды «Оқас» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Уәлиев. Оның сөзін Мерген ауылдық округінің әкімі Жұмабай Ғалымжанов іліп әкетті:

– Қазір қойын азайтып, ірі қара өсіруде, қой бағатын кісі жоқ.

– Екі жыл болды, қойдың басын азайтып, 15-ін ғана қалдырдым. Қазір қой ғана емес, сиыр бағатын кісі табу қиын. Айлығын 100 мың теңге қыламын десем де, ауылда жұмыссыз жүрген жандардың мал баққысы жоқ. Қырдан шошиды осы күнгілер. Сиыр басы 100-дің үстіне шықты, 60 шақты жылқым бар. Бір-екілі түйе ұстағанмын, басы аз болған соң, пайда жоқ, сатып жібердім, – деп ашыла сөйледі Талғат Оқасұлы.

Шаруашылық мал қыстағына қажетті 700 рулон шөпті Бәйтерек, Сырым, Теректі аудандарындағы шаруашылықтардан тасымалдады. Кейіпкеріміз мал азығын дайындауға қажетті «МТЗ-82» тракторын лизингке 7 жылға алған, келесі жылы төлемақысын төлеп бітіреді.  «Мал басын көбейтуге мемлекеттен субсидия аламыз, шүкір. Аналық  мал басына 18 мың теңгеден беретін, қазір тек сиыр басына 10 мың теңге төлейді, төлге бермейтін болды. Асыл тұқымды шаруашылықтан бұқаны 350 мың теңгеге алсақ, соның 154 мың теңгесін мемлекет өтейді. Бұқа екі жыл малға қосылады. Содан кейін аталықты қайта ауыстырамыз. Осы әдістің тиімді екеніне көзім жетті. Он шақты жылдың төңірегінде мемлекеттің қолдау-көмегімен малымды көбейтіп, асылдандырудамын, – деген шаруа адамының әңгімесінен тоқмейілсуі емес, мемлекеттік қолдау шараларына көңілі толатындығы  байқалды.

– Демеуқаржының арқасында округтегі мал басы өсіп әрі асылдануда. 2011 жылы субсидия беру басталды. Тәкең сол кезден бастап субсидия алып келеді. 25 сиырға бір бұқа болуы керек болса, бұл шаруашылық жыл сайын 50 аналыққа, 2 бұқаға субсидия алып отыр, – деп Жұмабай Серікқалиұлы да шаруашылық басшысының сөзін  қоштап  қойды.

Шаруа қожалығы асыл тұқымды бұқаларды алыстан емес¸ іргедегі «Квант», Бударин ауылдық округіндегі «Атамұра» шаруашылықтарынан алады. Бастамада айналасында асыл тұқымды мал өсіретін қожалықтар болмағанда асыл тұқымды бұқаны  Бәйтерек ауданындағы «Шунайбеков» шаруа қожалығынан алып жүрді. Қазіргі уақытта бұрынғы жайын мал бітіп, қазақтың ақбас сиырын өсіруде. Алайда асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін әлі ала қоймады.

Сондықтан бұқаларды өзге шаруашылықтарға сата алмайды.

– Қай шаруашылыққа барсаңыз да, мал бағатын адам тапшы деген мәселе  алдыңыздан анталап шығады. Атаулы әлеуметтік көмек, өзге  әлеуметтік қолдау-көмектер беріле бастаған соң, ауыл тұрғындарының  мал бағуға ынтасы кеміді. Жұмыс сұрап келген адамдарға мынадай тұрақты жалақысы бар, тамақ, жататын орны тегін деп шаруа қожалықтарына мал бағуға барыңыз десек, теріс қарайды. Ал биржадағы жұмысқа барады, онда 37-38 мың теңге алады. Мал бағуға келетін болса, Мерген ауылындағы интернатқа балаларын жатқызып, оқытуға болар еді. Тамағы тегін, оқуға үйлерінен тегін алып кетеді. Бұрын  60 оқушыға арналған интернатта 15 бала жатып оқуда, – деп мән-жайды түсіндірді  округ әкімі.

Отанасы Айгүлдің жайған мол дастарқанынан шай ауыз тиіп, қорадағы ірі қараның жай-күйін көрдік.  Кезінде пайға алынған мал қоралары әзірге жарамды жағдайда. Қысыр жыландай ысқырына соққан үскірік жел көз аштырмайды, ілгері жүрсең, кейінге итереді. Төбесі ашық қорада бағымы келісті ақбас сиырлар күйіс қайырып тұр. Шамасы 20 шақты, қалғандары күннің суығынан жылы қораға тығылған. «Е, сендер ме борандатып жүрген?» деп үлкен көздерін төңкере, маңғаздана қарайтындай. Сирақтары қысқалау көрінгенмен, жұп-жұмыр, ауыр, етті денелерін көтеруге сай жаратылған. «Қатты боран соғардан бір-екі күн бұрын қора маңына қарсақ, түлкі келеді. Соларды көріп, күн райының өзгеретінін болжай қоямыз. Қыстақта мал-жанға деп қазған үш құдық бар. Мына тұстан Бударин су арнасы өтеді. Электр желісі тартылмағанымен, жарықты дизель моторы, күн батареясы арқылы аламыз. Кезінде алғашқылардың бірі болып 12 вольттық күн батареясын орнатқанбыз. Бірақ біздің жаққа жарамайды екен, қыста күн көзі көріне бермейді», – деді қожалық басшысы. Шаруа адамы қыстағына электр желісін тартсам, оған субсидия берілсе деген тілегін білдірді. Электр желісінен қыстаққа дейінгі  1,7 шақырымға желі тартуға 4 млн теңге керек. Мұндай қаржы шығару, әрине, мемлекетке де, шаруаға да тиімсіз. Газ тартуға жер шалғай. Қақаған қыста малды Талғат жұбайы екеуі қарайды. «Қиын емес пе?» деген қисынсыз сұрағымызға «Қашан жеңіл болып еді?» демеді. «Қазір техниканың заманы, жаздың күндері сиырды мотоциклмен бағамыз. Қыста тебіндегі жылқыны трактормен, жеңіл көлікпен  қараймыз. Электронды бақташы дегенге интернет ұстамайды. Біздің жақта шаруашылықтар бір-біріне жақын орналасқан. Содан да шығар, бұрынғыдай мал айдап кету, мал ұрлығы жоқ, тіфу-тіфу», – деген үй иесінің сөзі езуімізге күлкі үйірді. Біз де «ырымы қырын кетпесін» деп ойлап қойдық ішімізден.

Келесі іргелес қорада он шақты он айлық баспақ аязды желден «жақ жүндері» үрпиіп, бос жүр. Барлығы да тығыншықтай. Кейбірінің қазандай басы денесімен үйлесім тауып, сүйкімді көрсетеді. Шаруашылық бұрындары қой семіртетін, енді жыл сайын 10-20 шақты өгізді бордақылайды. «Бұларды 4-5 ай ұстап, одан кейін етке өткіземін. Қораға қойып, алдарына арпа, уатылған жем салып қоямын. Күніне 14 басқа 60 келі жем кетеді. Жемді екі мезгіл саламын», – деп қойды шаруашылық басшысы. Иә, мал бағу ауызға оңай. Талғаттың айтуынша, қой бағу – ең қиын шаруа. Өйткені оның артынан қалмай ілесіп отыру керек.

– Бірақ пайдалысы қой. Жеңіл көлікке салып алып апарып, сата қоясың. Қажет болса, соя қоясың. Атам қазақтың «...қой бағып, құйрық жеген озар» деуі тегін емес. Қой өсіріп, соның арқасында бала оқыттық, қаладан үй алдық. Сиырға субсидия берілгеннен  кейін ғана ірі қараны өсіріп, пайдасын көре бастадық. Субсидия берілмесе, мал басы оны өсіруге кеткен шығынды ақтамайды. Малды етке Атырау қаласына өткіземін. Күзде «Кублей» серіктестігіне өткіздім, жақсы алады. «Батыс Марка Ламб» ет өңдеу кешеніне етке өткізген қойымның 500 мың теңгесін алдым да, 720 мың теңгемді әлі ала алмай жүрмін. Әрі жүгірдік, бері жүгірдік, мында иелері жоқ, айқайыңды кім естиді? Іргемізден ашылды деп қуанып едік, үмітімізді ақтамады, – деп қынжылды  жігіт ағасы сөз арасында. Күн райының келеңсіздігіне қарамай-ақ арқа еті арша, борбай еті борша болып, өсірген ақ адал малының ақысын ала алмаған қиын-ау  шаруа адамына...

Уәлиевтер отбасы екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қызының алды тұрмыста, екіншісі Алматыда қызметте, кенже ұлдың мамандығы – инженер-механик. Орал мен қыстақ арасын жол етіп, әкесіне көмектесіп жүргені. Айгүл дастарқан басында ұлының келін түсіргенін  күтіп  жүргенін  айтқан.

Талғаттың балаң жігіт шағында әкесінің құтты таяғын қолына алып, мал баққанына  отыз жылдан асты. Бастамада көрген қиындығы жайлы айтқысы жоқ. Бірақ бала кезінен әкесіне қолғанат болып, үйренгені, жадына тоқығаны кәдесіне жарады. Еңбегі елеусіз емес, 1996 жылы Құрмет орденін кеудесіне тақты. 2001 жылы ҚР Президентінің алғысхатымен марапатталды. Бала кезде мал бағамын деп армандамаған еді. Бірақ оның бүгінгі өміріне өкпесі жоқ. Барына шүкіршілік етеді. Баяғы кездегідей шөп жұлып, оны шанаға тиеп, тасып жүрмейді бүгінгінің шаруалары. Малға шөпті трактормен салады. Содан да 100 бас ірі қараны жалғыз өзі бағып отырғаны. «Сиырларым күйлі. 50 аналықтан 45 бұзау аламын. Кеңес заманында 100 бастан 90 бас бұзау алынатын.  Сол дұрыс екен.  Аналық малым көктемде төлдейді. Қыста төлдетуге болар еді, бірақ қыстың көзі қырауда қиынға соғады. Жұмысты жеңілдету керек қой», – деп күлді қоштасарда. Бір өзі шаруашылықтың бар шаруасын дөңгелетіп отырған еңбек торысына деген құрмет сезімі әлдилеп, ақ көрпеге оранған қыстақтағы жалғыз  үйден  ат  басын  кері  бұрдық.

Шіркін, маң далада қытымыр қыстағы арқыраған боранмен, жаздың шіліңгір ыстығымен арпалыса жүріп, мал бағып, ауыл мен қаланы мал өнімдерімен қамтып жүрген шаруа адамдарының рухы мықты деген ой айналған ұршықтай санама орала берді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале