29.07.2021, 12:17
Оқылды: 118

«Биржевиктер» де адам баласы немесе қоқыс төгу мәдениетін қашан үйренеміз?

Ауылішілік көшелеріміздің тазалығына жауапты бір топ жұмысшылармен таңғы сегіз жарымнан бастап бірге шықтым. Мақсатым ─ түні бойына қоқыстың қаншалықты жиналатынын көзбен көру еді. Бөкей ордасы ауданының орталығы - Сайқын ауылдық округі әкімдігі қызметкері Ақлима Хатуллина апамыздың соңынан еріп, бірнеше көшені жаяу араладық. Әр басқан сайын тау-тау үйіндіге тап бола береміз. Суретке де түсірдім, тазалыққа жауапты әкімшілік қызметкерлерімен де әңгімелестім... Көргенімді де, естігенімді де сізбен бөлісейін ендеше...

 Қоқыс жәшігіне нәжіске дейін лақтырады...

         Бей-берекет лақтыра салған қоқысыңыздың машақатын тиынын тірнектеп жинаған биржа қызметкерлері немесе сіздер менсінбей атайтын «биржевиктер»  көріп жүр. Бұл кісілердің жұмыс уақыты таңғы 8.00-ден кешкі 18.30-ға дейін жалғасады. Сондағы қолдарына тиетіні 38 мың 250 теңге. Сіздер ұйқыларыңыздан оянып, шайыңызды баптап ішіп, әдеміленіп, жұмысқа жиналып жатырғаныңызда бұл кісілер өздеріне тиесілі көше-көшеге бөлініп, қоқыс жинауға білек сыбана кіріседі. Айтпақшы ауылішілік көшелердің тазалығына 9 адам жауапты екенін ескеріңіз. Аудан орталығындағы 30 көшенің тазалығын таңнан атысы кештің батысы жинап, реттейтін тоғыз адам ғана. Ауыр Һәм қауіпті еңбек екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Қауіпті дейтініміз, қоқыс жәшіктеріне төгілмейтін нәрсе жоқ...

Ақлима Хатуллина апамызбен әуелі Қазақстан көшесіндегі тазалықты шолып шықтық. Жол бойына шырынның қорабы, бөтелкелер лақтырылғаны былай тұрсын, ағынды суға арналған шұңқырдың іші біраз нәрсеге толыпты. Сушидің, томат пастасының, «Mr.Proper» т.б босаған құтылары, тіпті, ол аз десеңіз пердеге дейін тастапты. Апамыз «Кей адамдарды түсінбеймін, былай қарасаңыз көздері ашық азаматтар, сықиып киініп алып жұмысқа кетіп барады. «Солидный» деген тұрғындардың өздері қолдарындағы «мусор» пакеттерін жолдың жиегіндегі жәшікке тастай салады, көзді ала беріп үйлердің жанына қойып кетеді. Мынаған не дейсің шырағым, «занавесканы» да көшенің қақ ортасындағы шұңқырға лақтыра салыпты» деп кейіді ол.

1-сурет

Ол – ол ма, Ақлима апай орталық көшелерге қойылған қоқыс жәшігіне соңғы кездері нәжіске дейін лақтырып кететінін айтып, налыды.

– Әдеттегідей жәшіктерді тазалауға кірісіп кеттім. Бір кезде қолыма быламық секілді қоймалжың зат ілікті. Жиіркеніп кеттім де қолымды лезде шығарып алдым. Бақсам, адамның нәжісі... Қатты ұшындым, екі күн бойына ауырдым.  Асқа зауқым соқпай, тәбетім жоғалды, қиналдым. Тұрғындардың тазалық қызметкерлерінің еңбегін бағаламайтындары, немқұрайлы қарайтындары қынжылтады. Айдың күні аманында нәжістерін қоқыс жәшігіне лақтырады деген не сұмдық? – дейді.

 

«Контейнерді тазаламақ түгіл, маңына бару мүмкін емес»

Бұдан соң Бисен Жәнекешов көшесіне табан тіредік. Жанымызға ауыл әкімі Нұргүл Омарова да қосылды. Контейнер қоқысқа әбден толыпты. Маңайы да шашылып жатыр. Тұрғындардың бұл контейнерге де қоқыстарды сұрыптап салады деу қиын. Ескі шамадан, әмиян, орамалдан бастап құрылыс материалдарына дейін бар. Фотоға түсіріп жатырғанымда осы көшеде тұратын бір ер адам қоқыс төгуге келіп қалды. Бірден осы мәселеге қатысты назын айта жөнелді. Алайда, аты-жөнін газет бетіне ашық жазуға қарсылық білдірді.

2-сурет

–  Көршілерімді түсінбеймін. Обалы не керек, қоқыс шығаруға жігіттер келіп жатады. Кейде жандарында әдейілеп тұрамын. Мына екі контейнердің ішін тазалап болғанша өзімнің жүрегім айнып, берекетім кетеді. Мүңкіген иісіне шыдас беру мүмкін емес. Бетіндегі үйілген үйіндіге қарап көбісі ылғи құрғақ заттар лақтырылады деп ойлайды. Алайда, астыңғы жағы құрттап, шіріп жатады. Соған қарағанда жуындыларды да осыған төгеді-ау. Бір-екі жұмысшы ішіне түсіп алады да қолдарымен тазалап алады. Жаның ашиды. Контейнер толып қалғанын көрдің екен, шыдай тұр, босатсын, сосын барып салып кет немесе ит-құс аша алмайтындай етіп қоқысты  мықтылау қапқа салып әкелсе қайтеді екен,– деп ренішін білдірді.

-­Контейнерге бола көршілермен жаман атақты болдым. Үйіндегі қоқысты, тамақ қалдығын шелекке жинап әкеліп, қатты қоқысын дағ жуындысын да лақ еткізіп төге салады. Дүкені бар көршім екі-күнде бір дүкендегі бар қоқыс, қалдықты «Уазбен» әкеп салады. Кешегі демалыста контейнер қасына ескі үлгідегі теледидарды қойып кетіпті. Әкеміздей кісілер жалаң қолмен тазалап жатады. «Тазалықшыларды аясаңдаршы, сұйық төкпеңіз, не көп пакет көп, сол пакеттерге салып, аузын буып салыңыз!» десем, «Неге шаршап тұрсың? Сен емес қой жинап жатқан», -  дейді тағы бір көше тұрғыны Әсел Иманғалиева.

Ауыл әкімі Нұргүл Омарованың айтуынша жиналған күл-қоқыстарды ауласыртына үйіп қоятын тұрғындар да аз емес екен.

– Әркім өз ауласындағы қоқысты жинап, полигонға апарып төксе, ауыл ішінде қоқыс мәселесі мұншалықты ушықпас та еді. Әттегенайы, қоқыстарды аула сыртына, рұқсат етілмеген жерлерге үйіп қоятын тұрғындарымыз жетерлік. Олардың арасында лауазымды жерде қызмет жасайтын ағаларымыз да бар. Керісінше сондай ағаларымыз айналасын тазалыққа шақырып, санитариялық талаптардан аттамауға үндеу керек қой. Байқағаныңыздай, бүгін тағы да мына жерге үйіп, жинап қойыпты, – дейді басын шайқай.

 

«Бөтелкенің бағасына қарап-ақ кім ішкенін білеміз...»

Шойын жол бойындағы тазалықты да көзбен көрмекке арнайы келдік. Ұққаным, бұл маң табиғат аясында демалуды хош көретін жандардың «сүйікті» жеріне айналғанға ұқсайды. Тек шырын, ащы сулардан босаған бөтелке ғана емес, түрлі тіскебасарлар, тәттілердің қалдықтарын да кезіктірдік. Осы аумақтың тазалығына жауапты Талиғат Омаров пен Нұртаза Мұханбетқалиевтер көзді ашып-жұмғанша бір қапты толтырып үлгерді.

4-сурет

«Екінің бірі қымбат арақты сатып ала алмайды, бағасына қарап кімнің ішетінін шамалаймыз ғой» деп мырс етті Талиғат ағамыз.

– Дүкенде арақтың бағасы әрқалай. Арзан арақты кім алатыны айтпаса да түсінікті. Тиын-тебені жетсе құрт, қатқан балықты талғажау қылады. Ал, қымбат арақты екінің бірі сатып ала алмайды. Тіпті, «закускалары» да арзан емес. Әрине, арттарынан жинайтын адам болған соң лақтырып жүре береді ғой. Қазіргі заманда кім-кімді аяғандай...,- дейді ашына.

5-сурет

 

Жәшіктер мақсатты қолданылмайды

Түрлі кәсіпкерлік нысандары бой көтерген орталық көшеде төрт секциялы он екі жәшік қойылған. Төрт секциялы дегенді түсіндіре кетейін, қатты заттар, қағаз, пластик, темір тастауға арналған жәшіктер жиынтығы бұл. Әрқайсысы түрлі түске боялған. Демек, көше бойында қоқыс тастауыңыз керек болса қолыңыздағы нәрсеге мұқият зер салғаныңыз жөн. Қағазды жасыл жәшікке, ал, босаған бөтелкеңізді көк жәшікке саласыз. «Элементарно» ғой! Өкінішке қарай, кей тұрғындарымыз осынау қарапайым ғана ережені сақтағысы жоқ.

10

– Мына жәшіктердің ішін тазалаймын деп белім ауырды. Егер ауылдастарымыз әр жәшікті мақсатына қарай қолданса біз осыншалықты қиналмас па едік? Картоп, пияздың аршылған қабығы, тамақ қалдықтары шіріп, езіліп, иістенуде. Қолғабымнан да өтті кетті ғой. Үлкен кісілердің памперсі, сынған ыдыстарға дейін лақтырып кетеді. Сынықтарды жинаймын деп бір-екі рет саусағымды жаралап алдым. Темекінің тұқылын айтпай-ақ қояйын... – деп назын білдірді тазалықшы Женни Үмбетова.

11

 

Ескі наубайхана ─ екінші полигон

         Өтемісов көшесіндегі көп жылдардан бері тұралап тұрған наубайхана ғимараты қоқыс тастайтын орынға айналғалы қай заман?.. Әлгі жердің қолқаны қысатын қоңсы иісін сіздерге фото арқылы жеткізе алмаспын да. Дегенмен, өздеріңіз де сол маңнан күніне бірнеше мәрте өтетін шығарсыз.

14

– Ковид дерті меңдеп тұрғанда осындай қоқыс алаңдарынан тарайтын өткір иіс, инфекция ұшқыны тұрғындарға зиянын тигізе ме деп қорқамын. Алайда ауылдастарымыз сонда да бұл жерге қоқыс тастауларын қояр емес. Бұл жерде химиялық қосындылары бар заттар, ауыр металдар т.б заттардың қоршаған ортаға, адамның өміріне қауіпті улы заттар жетерлік. Тұрғындардың санасы өзгермей, қоқыс тастау мәдениетін меңгермей бұл мәселенің оңтайлы шешілуі екіталай,– дейді ауыл әкімі.

Осы орайда ғимараттың заңды иесі Әлия Меңдалиеваға да хабарласқан едік:

–Наубайхана ғимаратын бірнеше рет өз күшімізбен тазаладық. Есік-терезелерін бітеп көрдік те. Өкінішке қарай, тұрғындар оны да бұзып, ұрлап әкетті. Қанша жерден әлгі жердің аузы-мұрнын жамап, жинап алуға тырыссақ та келесі күні қоқыс толып қалады. Өйткені, ешкімге байқатпай түнделетіп төгеді. Әрине, ғимарат маған тиесілі болған соң ескертулерді де, кей адамдардың теріс пікірлерін де естуіме тура келеді. Алайда ауылдастарымыздың жауапсыздығын немен ақтауға болады? Ескі ғимарат болса да біреудің жеке меншігі емес пе?  Бұл ғимаратты ақылдаса келіп бұзып тастауға ұйғардық. Алайда, ол да қаражатқа тіреледі, қажетті техника да жоқ. Әуелі кранның көмегімен төбесін ашып алу керек, содан соң ғана қабырғасы сөгіледі екен. Бір таңқалатыным тұрғындар кішкентай сәбилерінің  аяқ-киімдерін, ыдыстарын да лақтырып кетеді. Кие, қасиет, обал дегенді түсінбейді ме сонда? – деп таңданысын жасырмады.

Қоқысты белгіленбеген орынға лақтыру фактісі тіркелген жағдайда ескерту жасауға немесе 20 АЕК бойынша айыппұл салу заңмен қарастырылған.  Тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастай беретін тұрғындар ескертуге де құлақ асқылары жоқ дейді Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Салауатов:

– Қоқыс тастау құқықбұзушылыққа жатады. Өкінішке қарай, елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын ескермей, рұқсат етілмеген жерлерді қоқыс төгетін орынға айналдырып жіберген ауылдастарымыз өздерін заңды бұзушымыз деп санамайтын сияқты. Ескертуден нәтиже шықпаса. 20 АЕК бойынша айыппұл салуға міндеттіміз. Қазіргі таңда 32 жеке тұлғаға ескерту берілді. Тазалық  жұмысшыларының еңбегін елемейтіндерге ендігіде айыппұл салатын боламыз, – дейді.

«Кім көріп тұр дейсің?»

         Иә, «кім көріп тұр дейсің?» дейтін ауылдастарымыз көзді ала бере, әсіресе түнгі мезгілдерде қоқысты лақтыра салуға әуес. Әйтпесе, тиісті мекеме өкілдері де, тазалыққа жауапты әкімшілік қызметкерлері де жұмыстарын жасап жатыр. Аумағы 49 гектарды құрайтын ауылдың батыс бетінде орналасқан қоқыс қалдықтарын төгуге арналған полигон да бар. Алайда оны да  бәзбіреулер тым жырақта орналасқан дейді. Арнайы орынға апарып төгем дегенге полигон алаңы иек астында.

– Экологиялық талаптарға сай қоқыс төгетін орындар ауылға тым жақын орналаспауы керек. Сондықтан полигонды барлық экологиялық-санитарлық талаптарға сай деп айта аламыз. Айналасы былтырғы жылы 7 млн. 600 мың теңгеге толықтай қоршалды. Лас суды төгетін жер де мал ішпейтіндей бөлек қоршалып, барынша оқшауланды. Ауылдың тазалығына ай сайын бюджеттен 250-300 мыңдай жұмсалады. Алайда, сонда да қоқысты бей-берекетсіз лақтыра беруден жалықпаймыз,– дейді округ әкімі.

 

«Комхоз қайда қарап отыр?»

Қит етсе, «әкімдік, комхоз қайда қарап отыр» деп айғайға көшіп, дүрлігуге дайын тұрамыз. Бір сәт өзімізден кеткен ағаттыққа да көз жүгіртіп, өзгенің еңбегін бағалап, айналамызды таза ұстауға ұмтылсақ қайтеді? Бұл соншалықты қиын ба еді? Қалағанымызша контейнерлерге қоқыстарды төгудеміз. Үйіп-төгілген күл-қоқыстарды жинап-тазалап, полигонға апарып лақтырғаны үшін біз қалтамыздан бір тиын да төлеп жатқанымыз жоқ. Қоқысты сұрыптау түгілі, оны қоқыс жәшіктеріне апарып тастауға ерінетіндігімізді несіне жасырамыз?

         Аудандық шаруашылық жүргізу құқығындағы «Орда» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның басшысы Нұрберген Болатқалиевті де сөзге тарттық.

– Қоқыс шығару жұмыстары аптасына екі реттен екі ауысымда жүзеге асырылады. Ауыл бойынша орнатылған контейнерлердегі күл-қоқыстарды жинап-реттейтін 5-6 жұмысшымыз бар. Трактордың тіркемесі біреу ғана, сол себептен кейде үлгермей қалатын кездер болады. Өйткені біздің мекеменің қызметі тек қоқыс шығарумен шектелмейді ғой. Айына 82 мың тоннаға жуық қоқыс шығарады екенбіз. Ауыл ішіне шамамен 30-ға жуық контейнер қойылған. Қазіргі таңда облыстық «БатысЭнергоАудит» мекемесі қоқыстарды шығару мәселесі бойынша ақылы тарифтердің мөлшерін қайта есептеуде. Алдағы уақытта таифтер саны нақтыланып, тиісті органдардың мақұлдауынан өтсе, ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге көшеміз, яғни, әр үймен қоқыс шығару бойынша арнайы келісімшартқа отырамыз. Бұл құжат негізінде әр бес үйге ортақ контейнер қойылады. Тек өздеріне тиесілі контейнерге ғана қоқыстарын тастайды және әр ай сайын біздің қызметімізді тұтынғандары үшін белгілі көлемде төлем жасайтын болады. Бәлкім сонда ғана қоқыс төгу мәдениетін иегеріп, мұндай маңызды мәселеге саналы түрде қарайтын болармыз. Қалай десек те, ауыл ішін қоқыстан тазалау ісі оңай емес. Жерлестерімізге жұмысымыз жеңіл көрінетін шығар. Бір күн әріптестеріммен бірге жүріп көріңізші... Әлбетте, тазалық - баршамызға ортақ іс. Біз де өзімізге артылған жауапкершіліктен қашпаймыз, қолымыздан келгенше бәріне үлгеруге тырысудамыз. Тұрғындар ғана кінәлі деп көпке топырақ шашқым келмейді, – деген ол ендігіде кәсіпкерлік нысан иелері де келісімшартқа отыруға міндеттелетінін айтты.

–Дәл қазіргі таңда мекемелермен ғана қоқысты шығарып, төгу бойынша келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта «БатысЭнергоАудиттің» нақты тариф мөлшері шықса кәсіпкерлер де төлем жасауға міндеттелетін болады. Өйткені, олар қоқысты өздерінің көлігімен полигонға апарып төккенімен ол жерді тегістеп, қырып, утилизация жасайтын біздер. Жаңа ережелерге сәйкес ендігіде тұрғындарға арналған бөлек тариф, кәсіпкерлерге арналған тариф мөлшері де бекітілмек. Сонда ғана нақты жоспарларға көшіп, ауыл тазалығын сақтау, жұмыстарын ширату бағытында өзгерістер орын алады деп сенемін,– дейді.

Қоғамдық қызметкерлердің еленбейтін еңбегі ­– тізесі шыққан тақырып. Айта, айта, заржақ болған түріміз бар. «Ал, жаздыңыз, не өзгертесіз?» дерсіз. Бір мақаладан жұрт жаппай ақылды боп кетпес, бірақ ішкі меніңіздің, өз арыңыздың алдында бір ойланып көрерсіз. «Кім көріп тұрсың?» деп үйден үш қадам ұзамай, қоқысты тастай салу арқылы мәдениетіңізді, керек десеңіз адамдығыңыздың тобықтан төмен екенін көрсетіп тұрғаныңызды білсеңіз екен.

Адамдық демекші, жақында бір оқиға болды. Қақпасынан қоқыс ала шыққан әйел адам қарсы келе жатқан «биржевикті» көріп, қолындағысын соның жолына қоя салыпты. Қоғамдық қызметкер де қарап қалмай, айқайға басады. Сөйтсе, «Жұмысың емес пе, байғұс!» деп сөзді қысқа қайырыпты. Әулет анасы боп, немере тәрбиелеп отырған, бір кездері тым жақсы қызметте жасаған апамыздың сиқы осы.

Әлдекімге елеусіз көрінсе де «биржевиктердің» еңбегі өлшеусіз...  Біздің елде бұл кісілер мардымсыз ақшаға алса, шетелде тазалыққа жауапты қызметкерлер, сантехник секілді жұмысшы мамандар ең жоғарғы жалақыға ие және қоғамдағы мәртебесі де әлдеқайда құрметті. Бір кем дүние...

Ауылымыздың ажары сәулетті ғимарат емес, тазалық екенін ұқсақ, игі. Сол тазалықты қалыптастыруы да, реттеуші де, бақылаушы да өзіміз екенін ұмытпайық.

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 Сингапурде тасталған қоқыс түгілі көшеде тамақтанған адамға 1000 доллар көлемінде айыппұл салынады екен.

 

Чехияда тиісті емес жерде сағыз тасталса, 2 доллар төлетеді.

 

 Сауд Арабиясында темекі тұқылы үшін 55 доллар, көшеде түкіргені үшін 27 доллар айып төлейді.

 

Германияда тұрғындарды қоқысты сұрыптап тастауға тәрбиелеу  жұмыстары жақсы жолға қойылған. Берлиндегі жасөспірімдер егер қоқысты жинап, өткізсе қаржылық марапатқа ие болады.

 

Ұлыбританияда қоқыс сұрыптау мен оны лақтыру ісі қатаң қаралады. Тіпті, қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгілсе, қамаққа алу заңмен қарастырылған.

 

Америкада қалдықтар пластик бөтелкелерге жиналып, арнайы контейнерлерге салынады. Арнайы қызмет өкілдері жиналған қоқысты сұраптауға алып кетеді. Іріктеуден өткен қалдықтар қайта өңделеді.

 

Финляндия көшелерінде жәшікке ұқсас арнайы ыдыстар қойылады. Ал аталған жәшіктердің қоқыс сақталатын түбі жердің астында. Кейбір контейнерлерге арнайы вакуумды құбырлар жалғанған. Соның нәтижесінде жиналған қалдықтар бірден қоқыс өңдейтін зауыттарға түстеді. Құбыр арқылы қалдықтар секундына 25-30 метр жылдамдықпен сорылады.

 

Қытайда қоқыс жинау өз алдына бір кәсіп. Тұрғындар күнде таңертең қағаз, шөлмек, пенопласт жинап өңдеуге өткізеді және сол үшін ақшасын алады. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале