29.10.2024, 17:00
Оқылды: 167

Бөрліде қанша маман мемлекеттік қызметке конкурссыз негізде қабылданды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды»,  «оларға мейлінше қолдау керек» деп атап көрсеткен еді.

ЖП Әкімат

Мемлекеттік қызмет бұл – мемлекеттік биліктің міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің қызметі. Біздің елімізде мемлекеттік қызмет қоғамдық үрдістерді уақытында үйлестіріп отыруға, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге, мәселенің мемлекеттік маңыздылығына басымдылық беруге негізделген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін қорғауға бағытталған.

Соңғы жылдарда мемлекеттік қызметке орналасу  тәртібінде түрлі жақсы жаңалықтар бар. Солардың бірі – жақсы оқыған жас мамандарды жұмысқа конкурссыз қабылдау. Бұл мемлекеттік қызметке талантты жастарды көбірек тарту мақсатынан туындап отыр.

Баспасөз мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік тапсырыс аясында оқыған, жоғары үлгерім көрсетіп, үлгілі студент ретінде өзін көрсете білген қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік түлектері аудандық, ауылдық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға, ал мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектері әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауға мүмкіндік алып отыр.

Биыл ғана қабылданған осы өзгерістер жастар жағынан қызу қолдау табуда. Оның дәлелі мемлекеттік қызметке келген – жастар тобы. Облыс бойынша осы өзгеріс енгізілген уақыттан бастап, аталған тәртіппен 21 жас  маман аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің қатарына қосылған.

Біздің Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік қызметке жас мамандарды конкурссыз қабылдау турасында аудан әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Венера Баймағамбетова  былай дейді:

– «Мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдету мақсатында 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік қызметі  туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге орай 2024 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алып, уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA 3,33) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған алты жас маман Бөрлі ауданының дербес бөлімдері және Ақсай қаласы мен ауылдық округі әкімі аппараттарына Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі  туралы» заңының 15 бабы 6-тармағының 3-тармақшасына сәйкес конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке басшылық емес лауазымдарға уәкілетті органның келісімі негізінде қабылданды.

Ендеше, жақсы оқу үлгерімінің нәтижесінде мемлекеттік қызметке сынақсыз қабылданған аудан жастарымен оқырман да таныс болсын.

Олардың бірі – Нұрхан Нүретов. Ол – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (құрылыс инженериясы мамандығы бойынша техника және технология бакалавры) түлегі, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалды. Екінші жас маман –Санжар Айтуғанов. Ол – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі. (құрылыс инженериясы мамандығы бойынша техника-және технология бакалавры). Маман аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы лауазымына қабылданды. Тағы бір жас маман –Ернұр Құмарғали. Ол да – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі, (құрылыс материалдарын өндіру мамандығы бойынша техника және технология бакалавры). Ол аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы лауазымына жұмысқа алынды. Альбина Абзалқызы болса Алматы технолгиялық университетінің түлегі (биотехнология мамандығы бойынша жаратылыстану бакалавры). Альбина Пугачев ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына тағайындалды. Ал Тілеужан Алмазұлы Ақсай қаласы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімшесінің бас маманы лауазымына қабылданды. Ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі (құрылыс материалдарын өндіру мамандығы бойынша техникалық ғылымдарының магистрі). Халықаралық және ішкі туризм мамандығы бойынша қызмет көрсету саласының бакалавры,  Түркістан «Халықаралық туризм және меймандостық университетінің түлегі Әділбек Қайреденұлы болса Бумакөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы лауазымына қабылданған.

Бүгінде мемлекеттік қызметке, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшті. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу үшін оны саналы тұрғыда сезіну қажет делінеді. Бұл дегеніңіз, аты айтып тұрғандай, ең бірінші кезекте мемлекет мүддесі тұруы керек. Ол ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет етуі қажет. Сондай-ақ оның тұлғалық, кәсіби болмысынан мемлекеттік қызметші екені көрініп тұру керек. Оқуда озат, тәртібі жақсы мамандарды еш конкурссыз жұмысқа қабылдауда осы ұстаным ескерілсе керек.

Яғни, мемлекеттік қызметші осы атқа лайықты тұлға болуы қажет. Мемлекеттік қызметке қабылданған жастар мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастуға міндетті. Ал мемлекеттік қызметшінің оң имиджі өз кезегінде атқарушы биліктің оң имиджіне алып келеді.

Жас мамандардың мемлекеттік қызметтегі алғашқы айлары, алғашқы қадамдары жөнінде білгіміз келді. Аудан әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің  басшысы Венера Серікқызы жас мамандарға жүктелген сенім өз нәтижесін бергенін айтады.

«Жоғарыда аталған жас мамандар  алғашқы күннен бастап өздерінің функционалдық міндеттерін, берілген тапсырмаларды дер кезінде орындап, өз ісіне жауаптылығын, ұқыптылығын танытуда. Мемлекеттік қызмет атқаруда жас мамандарымыз елдің Конституциясы мен заңдарын сақтап, халқымызға адал қызмет етеді деген сенімдеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау кадр мәселесін шешудегі маңызды қадам саналады», - деді ол.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале