9.09.2021, 9:29
Оқылды: 22

"Егемендіктер" елге келді

Бөкей орда ауданына еліміздің бас газеті "Егемен Қазақстан" газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшілері Қазбек Құттымұратұлы мен Наталья Портягина, "Рухани жаңғыру" өңірлік жобалық кеңесінің маманы Айбек Ақмалиев келді. Бас басылымның аға тілшілерінің бұл сапары "Егемен Қазақстан" мен ''Казахстанская правда" басылымдарының ұйымдастыруымен еліміздің киелі жерлерін шарлаған "Атамекен" экспедициясы аясында жүзеге асуда. Сапар біздің ауданнан басқа Ақжайықтан басталып, Казталов ауданымен жалғасқан еді.

ЕК-4

Қонақтарды аудан басшысы Нұрлыбек Даумов арнайы қабылдады. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік ахуалы, даму барысы, туристтік әлеуеті мен соңғы 30 жылдағы жетістіктері тілге тиек болды.

Кездесу "Достық" үйінде жалғасын тапты. Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев тізгінін ұстаған бұл шарада аға буын өкілдері сөз алып, Тәуелсіздік жылдары орын алған елдегі  ілкімді істер мен күрмеуі қиын мәселелерді тілге тиек етті.

Алғаш боп сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, танымал журналист Қазбек Қабжанов:

-Жөн білетін қазаққа қадірі артық Бөкей ордасы ауданының мен үшін орны ерек. Менің ата бабамның кіндік қаны тамған жер. Қияқты деген жерінде туған атамыз Исатай-Махамбет көтерілісінен кейін жан сауғалап, үдере көшкендердің бірі. Бүгін Ақтөбеден бастау алған экспедиция аясында табанымыз тағы бір мәрте осы топыраққа тиіп жатқанына қуаныштымын. Ұзақ жолдың азабын көріп, осы мехнатты кешіп жүрген бөкейліктердің жаны сірілігіне тағы бір мәрте басымды иіп отырмын. «Егемен Қазақстан» арқылы ел мәселесін орталықтың назарына ұсынсаңыз, – деді.

ЕК-3

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева:

-Екі түрлі қоғам, екі ғасырда өмір сүріп отырған буынбыз. Екі қоғамның да игілігін көрдік. Кеңес кезінде керемет өмір сүрдік десек те, ата-аналарымыз көрмеген жақсылықты көріп отырмыз. Ахтубадан келетін суға телмеріп, теміржолмен жететін көмірге таласып, отымен кіріп, күлімен шықсақ, бүгінде сол табиғи отын мен таза ауыз мәселесі елді мекендерімізге дейін оңтайлы шешімін тапқан. Бірақ күн тәртібінде кезегін күтіп тұрған мәселелер әлі де көп, - деп ауданда жоғары білімді дәрігерлердің қаттығы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасында жердің шалғайлығы ескеріліп, облыс орталығынан қашықтағы аудандар үшін коэффицентті басқаша қарастыруды ұсынды. Қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков:

-Елбасымыз Қ.Тоқаевтың қыркүйектің біріндегі Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшері өседі, азаматтық қызмет, кітапхана саласының айлықтары артады деп еді. Екінші қыркүйекте баға құбылып шыға келді. Нанның бағасы 210 теңгеден бір шықты. Кәсіпкерлікті қолдау, мониторий десек те, бұған бір «қой» дер қожа» керек қой. Баяғы Кеңес заманын  мадақтады, жақтады демесін, сол кезде бір қап ұнның бағасы Оралда да, Мәскеу не Харков, Хабаровскіде де бірдей болатын, - деп бағаны бұғаттау жолдарын қарастыру керектігін алға тартты.

Тағы бір айтпағым, жалақыны өсіру еңбек өнімділігін арттырмайды. Байдың асын қызғанған байғұс болмайық, дегенмен, жалақылары айтарлықтай артты, бірақ білім сапасы мен медициналық қызмет сапасы жақсарды ма? Өкінішке қарай жоқ. Айта-айта, жеккөрінішті боласың, бірақ қайрау үшін айтамыз ғой, – деді ақсақал.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Таңатов  су көздерінің тапшылығы, болуы ықтимал су дағдарысының алдын алу мәселесін көтерді.

ЕК-1

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале