22.02.2021, 18:08
Оқылды: 334

Ел үшін туған Ерболат еді

Жаңақала – шөлейтті, құмайттау  мекен болса да, асты кенге, үсті  мал –  өсімдікке толы ежелден құт  қонған, бақ дарыған  өңір. Осы құт мекенді түлетумен гүлдендіруде майталман мамандар елінің ертеңі үшін ерен еңбек етті. Солардың бірі – Ерболат Рақымов болатын. Ол – Жаңақаланың төл перзенті. Оған тағдыр бүгінге дейін жер басып жүруге жазғанда биыл 70 жасқа толар еді.

04E0E453-D02C-409B-9574-E178642295C5

Ерекеңмен таныстығым сонау 70-жылдары басталды. Ол менің ауылдас ағам Махамбет Қайыпұлымен Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумында бірге оқып, жатақханада жатты. Махамбет еркін күреспен айналысса, Ерекең бокспен айналысты. Оқу бітіргенше осы спорт түрлерінен өтетін жарыстарда жиі кездесіп жүрдік. Ерболаттың қасиеті – адамды  жатырқауды білмейтін бір көргеннен ежелгі танысындай араласатын.

Біз оқу бітіріп Мәстексайдан С. Меңдешев атындағы орта мектепке жұмысқа келгенде, Ерболат Айдархан кеңшарында «Арай» комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеді. Кейін «Кіші Айдархан» бөлімшесінің меңгерушісі болды. Артынан бас зоотехник лауазымына жоғарылатылды. Онымен жиналыс, семинарларда кездесіп жүрдік. Жылдар өтсе де, баяғыша ақжарқын, көпшіл, кішіпейіл, әңгімешіл мінезі өзгермегені мені тәнті етті. Қазіргі өнер адамдарының «жұлдыз» ауруы сияқты, ол кездегі лауазымды адамдарда жанындағыларға шекеден қарау, көзін адамдардан асыра қарап, тәштиіп қалатын мінез қалыптасатын. Ал Ерекең олай емес, қандай ортада болса да, соған тез бейімделіп, сол топқа сай әңгіме өрбітетін еді. Айдархан ауылындағы Әжібай, Арыстанғали, Хатеп сықылды  замандастары туралы, олардың ел үшін атқарған істерін айтып жосылатын. Арасында маған «Құрдас, әңгіме айтып отыр, Таубұйратта да қадірменді азаматтар бар ғой» дейтін.

Ерболат – елге, халқына  еңбек етудің үлгісін көрсетіп кеткен азамат. Карманов ауылының дәл түбінен өтіп жатқан газ құбырынан ауылға көгілдір отын тарту мәселесін қолға алды. Бұл ісі үшін ол «жоғарыдан рұқсат алмадың, заңсыздыққа бардың» деген бағытта жазықсыз қысым көрді. Үстінен іс көтерілді. Депутаттығынан кері шақыру туралы пәрмен болды. Сол кездегі Меңдешев ауылдық кеңесін өз қолымен құрған Сатыбай Әлмұқанұлы бастаған 15 депутат араша түсті. Олар «Ерболат бұл іске халық үшін барды, еш кінәсі жоқ, кері шақырмаймыз, депутаттығында қалады» деді. Бұл шешімді аудандық кеңес сессиясы да күшінде қалдырды. Бірақ «күштінікі диірмен тартады» деген бар емес пе. Облыстық кеңес бұл шешімді бұзды. Оның үстінен тағы іс көтерді. Он бір ай тектен-тек қамауда отырып, «Ақтың ісін ақымақ өшіре алмайды» деген, ақыры ақталып шықты. Ерекең жақсы ісіне тасымайтын, қиындыққа жасымайтын нағыз ердің өзі еді. Сол 11 ай Ерекеңді жасытудың орнына қайратына қайрат қосты. Елге жасаған еңбегін жұрттың бағалағанына жігерленіп, шыңдала түсті. Қамаудан босаған соң Мәстексай ауылында бас зоотехник болып қызмет атқарып, алғыр азамат, білікті басшы екенін тағы да дәлелдеді. Бұдан соң «Қарасу» совхозының директорлығына жоғарылатылып, елге адал қызмет етті.

Ерболат шапшаң қимылдың, тынымсыз істің адамы болды. Ол көпшіл еді. Қайсыбіреулер сияқты лауазымдылардың алдында бүгежектемейтін. Білім-білігінің жоғары екендігі сырт көзге көрініп тұратын. Жұбайы Тұрсын екеуі бір ұл, бес қыз сүйген ата-ана болды. Қазір екеуі де арамызда жоқ. Жалғыз ұлы Ұлы Еркебұлан көрінгенде Ерекеңнің қуанып ұшып жүргені де күні кеше сияқты. Қазір ұл-қыздарының бәрі өсіп-өнді. Әке-шеше жолын қуып, елде қалып еңбек етуде.

Айтуған Шарафутдин,

зейнеткер,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале