9.04.2021, 12:11
Оқылды: 9

Грантқа әркімнің ақ бар таласы…

Кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі - сол елдегі жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Сондықтан қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек табуына, өзін-өзі жұмыспен қамтимын деушілерге кәсіп бастауға мол мүмкіндік жасалуда. Әсіресе, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында көрсетіліп жатқан жәрдем көп. Дегенмен, мемлекеттің қолдауы ретінде берілетін грант жұмыссыз азаматтардың кәсібін дөңгелетіп, нәсібін табуға жеткілікте ме? Өткен 2020 жылы аудан бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 162 адамға 90 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бір адамға берілетін грант мөлшері - 585 600 теңге (200 айлық есептік көрсеткішке дейін). Бір жағынан бұл кәсіп ашамын деген шын ниетті жандар үшін үлкен көмек деуге де болады. Көзін тапқандар осы қаражатпен кәсібінің іргетасын қалап, әрі қарай дамытуда. Алайда қаражатты алып, мақсатсыз жұмсап, қайтадан бәз баяғы қалпына түскендер де жоқ емес. Қайтарымсыз қаржы алуға кімдер үміткер бола алады, көлемі қанша, қаржыны мақсатты пайдаланбаған жағдайда не болады?

9E31A258-894A-464E-B11E-989012B70DE7

Мақаланы жазу барысында осы сауалмен Жаңақала аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Айдар Қаресовке жолыққан едік.  

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен грант беру - «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 қаулысымен реттеледі. Осы Қағидада грантты беру тәртібі, жобаларға мониторинг жасау, есептілігін жүргізу ережелері нақтыланған. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында - 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш). «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмағандар ала алады. Бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер мемлекеттік гранттар алуға үміткер болады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жұмыссыздар шаштараз, аспаз, жиһаз құрастырушы, дәнекерлеуші секілді бірнеше мамандық бойынша қысқа мерзімді курстарға қатысуы тиіс. “Бизнес­Бастау” бағдарламасымен тұрғындар 25 күн “Атамекен” кәсіпкерлік палатасында білімін жетілдіреді. Арнайы мамандық немесе сертификат иеленген азаматтар комиссия мүшелерінің алдында бизнес жоспарын қорғап, грант иегері атануына болады.

C46C8C8F-B3D9-41E8-A0A1-B12509BA6792

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында табысы төмен ауыл азаматтары кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын жасап, бизнес-идеяларын жүзеге асыруда. Шағын грантқа ие болған ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығына ден қойып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмыссыз ауыл азаматтары өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп отыр,-дейді орталық басшысы Айдар Қанатқалиұлы.

«Еңбек етсең, көмек көп»

«Әрекет түбі - береке» демекші қазіргі таңда елімізде «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолға алынғалы бері жұмыссыздар саны азайып, керісінше кәсіп ашқандар саны көбейіп келеді. Олардың кейбірі қазір аталған бағдарлама аясында арнайы курстарда оқып, жарты миллион көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, кәсіп ашуда.

- Тігіншілікпен айналысқаныма 11 жыл болды. Өз қаражатыммен тігін машинасын алып, үйде отырып жұмыс істедім. Мен осы бағдарламаның арқасында тігін ательесін аштым. Ең бастысы, тігін машинасын алып, тапсырыстар қабылдай бастадым. Менің ойымша, еліміздегі нәтижелі бағдарламалардың бірі осы «Еңбек» бағдарламасы шығар. Себебі, жұмыссыз, айналысатын ісі болмаған адамға өте қиын мына заманда. Кәсіп ашудың да артықшылықтары көп. Өз-өзіңе жұмыс істейсің, ешкімге тәуелді емессің. Әрине, ісіңді жолға қою үшін көп еңбектену керек. Мен грант алғаныма өте қуаныштымын. Менің ойымша, грант қаржысы аздаған кәсіпті бастауға толық жетеді,-дейді «Рамазан» ЖК тігін ательесінің басшысы Зарина Даумова.

B9F5DCA3-E066-4260-9407-CF642BDB67D9

Еңбек бағдарламасының шарапатын көріп отырған тағы бір жан Қызылоба ауылының тұрғыны Нәпиха Мылқайдарова. Халықты жұмыспен қамту орталығына 2020 жылы құжат тапсырып, бизнес жоспарын жасап, арнайы құрылған комиссия қайтарымсыз грант тағайындайды. Бала кезінен тігін ісіне қызығатын Нәпиха апай кәсіпке қажетті құрал көздерін сатып алып, ұлттық нақыштағы көрпе-жастық тігумен айналысатын жеке кәсібін ашты. Бүгінде грантқа сатып алған екі тігін машиналары арқылы тапсырыстар қабылдап, үйде өзінің сүйікті ісімен айналысып отыр. Болашақта кәсібін кеңейтіп, тігін ательесін ашқысы келеді.

- Үйімнен ашсам да, тапсырыс алып, төсек жабдықтарын тігемін. «Еңбек» бағдарламасының жемісін көрем деген адам қаржының азды-көптігіне қарамай, құлшынып, алға ұмтылып, тынбай еңбектенуі керек,- дейді Нәпиха Мылқайдарова.

2A178934-6EB2-4032-B4FD-8929224A211D

Түйін: «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын түзеу арқылы экономиканы көтеру үшін ел Үкіметі бірқатар маңызды шаралар қабылдап, елде кәсіпкерлікті дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Соның нәтижесінде, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалуда. Жалпы түсінген жанға аталмыш бағдарлама екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Мемлекет осылайша жұмыссыздықты тұншықтырып, жұрт қолына балық емес, қармақ беріп, сұранысқа ие мамандықтарға баулымақ.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале