12.08.2023, 15:56
Оқылды: 46

Ғұмырлы Ғұмар елі

Облыстың талай дарындарының өнерін көкке өрлеткен, шынайы қошемет пен өнерге құрметтің шаңырағы іспеттес «Атамекен» өнер ордасында Жәнібек ауданының өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Туған жерім - тұғырым» халық шығармашылығының облыстық фестивалі аясында өткен  «Ғұмырлы Ғұмар елі» атты концерттік бағдарламасын ұсынған жерлестердің шабыты көрермендерді баурады. Ыстық ықыластан толастамаған кеште ине шаншыр орын болмады.

IMG-20230812-WA0094

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған басшылар мен Ақжайықтың игі жақсылары, ауданымыздың құрметті азаматтары мен Жәнібектің топырағынан түлеп, күллі қазаққа еңбегі сіңген зиялы тұлғалар арнайы келді. Қонақтар әуелі көрмемен танысты. Құнды жәдігерлер мен қолөнер шеберлерінің еңбегіне таңдай қаққан қауым сұм соғыста жанкештілік танытқан батырлардың өмір жолына үңілді. Әр парағы өткенді көз алдыңа әкелетін энциклопедияға көз жүгірткен жұртшылық таңданысын жасырмады. Батырлар мен қайраткерлердің ғұмырына қанығып, Жәнібектен ел үшін қызмет ететін осынша тұлғалар шыққанына таңданды. Әрине, қаладан шалғай жатқан киелі мекеннің кешегі ерлігі мен бүгінгі жетістігі барша халыққа жетпейді. Осы орайда олар ауданның баһадүрлерге бай, дарындарға кенде емес екенін ұқты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің экскурсовады Әсел Жәрдемғалиева Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу Төрешов, Бекер Жүнісов, Сұлтан Бисекенов, Қабылқай Дүйсенов сынды ерлердің қолсағатын, бізі мен әскери билетін, дәл сол тұстағы пайдаланылған заттарын жиналған қауым жаттап алардай таныстырды. Уақыттың аздығына қарамастан әр жәдігердің тарихына бойлай бергісі келген елді  немістің мырыштан құйылған бөшкесі одан сайын таң қалдырды. Салмағы шамамен 1 тонна болатын зілдей бөшкені біраз шақырымды артқа тастап өңірдегі ағайын үшін алып келудің астарында тарихқа шексіз құрмет жатыр деп есептедік. Аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығы шеберлерінің көз майын тауысып жасаған бағалы дүниелері таңдай қақтырды. Әсіресе, Асылханым Буршина, Ұлдай Ғұмарова, Жанар Көшербаеваның еңбектері елді сүйсіндірді. Одан өзге суретші Төлебек Есімғалиевтың, грант арқылы кәсібін өрлеткен Ләззат Айтасованың туындыларына облыс басшысы жоғары баға берді. Көркем көрмені көзбен көрген Нариман Төреғалиұлы:

IMG-20230812-WA0097

-Кешегі зұлмат соғыстың зардабын тартып, нағыз ерлерінен айырылған, топырағы киелі, қаймағы бұзылмаған Жәнібектің тарихы тереңнен үн қатады. Соны бүгінгі ұрпаққа жеткізуде аянбай тер төгіп еткен еңбектеріңізге сәттілік тілеймін,- деді өз сөзінде.

IMG-20230812-WA0096

Әрмен қарай, тамашалаған сайын тарих сөйлеп тұратын көрме маңынан кеткісі келмеген қауым өнер ордасының көрермен залына адымдады. Лық толы залда туған жерін аңсап келген оралдықтар мен лауазымды тұлғалардың қатары көп болды. Жасырын емес, ауылдан көшкен көп ағайын қалада тұрады. Дәл осы сәтте олардың көзінен сағыныш байқалды. Жақыны мен ауылға деген сарыны бөлек сағыныш залды мейірімге толтырды. Қылтимаға дейін бос орын қалдырмаған кіндік қаны Жәнібекте тамған жандар бұл концертті асыға күткені белгілі. Абайдан кейін философ һәм ақын Ғұмар Қараш бабаның мұрасын қадірлейтін жұртшылықты Амангелді Нәсіпов серпілтті. Сахна шымылдығы кемеңгердің кемел жыр жолдарымен ашылып, «Аққайың», «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің мың бұралған билерімен өрнектелді. Елге сәлем беріп, ауылдың сәлемін ала келген Айнара Нұртаева «Амандасу» әнін орындады. Мағынасы мен мәні жоқ музыкалардан шаршаған жұрт бұл кештен ұлттық әндер мен жанға жылы сөздер, жанды дауыста ғана орындайтын әншілерді күткені сөзсіз. Оны әсте естен шығармайтын «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі «Қолбасшы» күйін тарту етті. Арқаланған ұлттық өнердің жанашырлары әр нотадан рух сезінгені көрініп-ақ тұрды.  Шынар Қаюпова «Ауылдастар» әнін шырқап, тағы да елдің қошеметін алды. Күй тартыста алдына қара шығармаған күйшілер де қара домбыраның мәртебесін биіктетті. Абай күнімен тұспа-тұс келген айтулы шарада ұлы ақынның өлеңдері оқылып, әндері айтылды. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» өлеңі көрермендерді терең ойға батырып, «Көзімнің қарасы» әні әуеледі. Үкілі Ыбырайдың әні «Гәккуді» орындаған Әсем Ғайнуллина Жәнібек ауданына қарап айтылатын «қаймағы бұзылмаған жер» деген жып-жылы сөзді дәлелдеді. Жүздерінен нұр көрінген «Асыл арна» әжелер ансамблі халық әні «Әриайдайды» шырқап, елдің ыстық ықыласына ие болды. Кеште тәжірбиелі дарындармен бірге өнерге енді ғана тәй басқан бүлдіршіндер өнер көрсетті. Фатима Жұмабек, Айлин Биболат есімді жас өнерпаздардың үлкен сахнада тұсауы кесілді. Замануи бағытты да естен шығармай, классикалық әндерді де асқан біліммен орындаған жәнібектіктердің өнеріне ел дән риза. Аудан топырағынан түлеп, бар қазақтың сүйікті әншісіне айналған Ерген Айтымбетов те төбе көрсетті.  Ұзынкөл ауылында туған әнші өз жоспарының көптігіне қарамастан, туған жерге тағзым етті. Облыс орталығында өнерімен көпке сыйлы Данабек Үмбетәлі мен Ақтоты Ешматованың шексіз дауысына еріксіз қошемет білдірген халық қастерлі топырақта дүниеге келген дарындарға таңдай қақты. Белгілі композитор Қуаныш Хисметов «Көрерменге тілек» әнін Р.Қуанышәлиевамен бірлесе айтты. Бұл жолы көрерменде риза болғаны соншалық, қошеметпен бірге бір құшақ гүлдерін берді. Жәнібекке деген махаббаты шексіз дүйім жұртшылық орынынан түре келіп, Е.Дүйсенғалиевтың «Жәнібегім» әнін асқан ынтамен тыңдады. Осы әнмен шараның нүктесі қойылып, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы ықылас гүлін сыйлады. Кеш соңында аудан әкімі Тимур Шиниязов сахнаға көтеріліп, ағынан жарылып, алтын уақыттарын бөліп келген дүйім жұртқа лебізін білдірді. Ол өзге басшылардай қағаздан көз алмай, жаттанды сөзді айтпады. Ол жүрек түкпіріндегі алғысты, санасынан өшпейтін тарихты еркін, қарапайым жеткізді.

IMG-20230812-WA0093

-Әр адамның атамекен-алтын бесігі жаһандағы барша асылдан қымбат. Өйткені туған жер – тұнған қазына, ен байлық, таңғажайып тарих. Тарихтың дүбірлі дүрмегіне өзіндік үлесін қосқан, қойнауы құт, тарихы шежіреге бай, ұлылар мен жайсаңдарды киелі топырағына бас идірген, оғландар мен жампоздарды тарту еткен қасиетті Жәнібек ауданының тарихы тамырын тереңге тартқан. Жәнібек ауданы Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік жасаған батырларды тудырған, Сталинград майданының ең жақын тылы ретінде соғыстың ізі қалған республикамыздағы екі ауданның бірі. Аудан Батыс Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. Бүгінгі күні он бес мыңға жуық тұрғын өмір сүруде. Құт дарып, кие қонған Жәнібек өлкесі – ақын, ойшыл-философ, көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қараш, лирик әрі философ ақын Шәңгерей Бөкеев, заңгер, публицист Ғабдолғазиз Мұсағалиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұстақым Ықсанов, ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі Рахметолла Егізбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хамит Чурин, қоғам қайраткері Ғабит Сарыбаев, Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Ерденбек Ниетқалиев, Николай Чуриков, полк комиссары Хаби Халиуллин, батальон командирлері Шәкір Мәжитов, Әжіхан Дүйсенов, Социалистік Еңбек Ерлері Ғұсман Абдуллин, Төлеш Әбдірахманов, Иманғали Жұмаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Халима Өтеғалиева, симфония жанрына тұңғыш рет қалам тербеген ұлы дарын иесі Қапан Мусин, көрнекті композитор Мансұр Сағатов, күйші, дирижер Ғабдұлман Матов, күйші-домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтағанов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Ғақаш Бияшев, профессор, академик Шмидт Айталиев, профессор Пангерей Шолақов, геология - минералогия ғылымдарының докторы, Ғаппар Ерғалиев, халық мұраларын жинаушы, зерттеуші ғалым Мұстафа Ысмағұлов, әскери қайраткер, генерал-майор, Сәбит Тауланов, генерал-лейтенант Евгений Чураев, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарған юстиция полковнигі Ғалихан Бапахов, ҰҚК саласының ардагері, полковник Телағыс Темешевтей саңлақтардың дүниеге келген жері,- деп, кеудесін мақтаныш кернеп айтты.

 

IMG-20230812-WA0098

IMG-20230812-WA0095

IMG-20230812-WA0100

IMG-20230812-WA0101

Ақтілек Әлібекұлы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале