19.04.2021, 14:44
Оқылды: 59

 Іссапар тың серпіліс берді

Наурыз айының 17-23-і аралығында барлық ауданның Халықтық театрларының режиссерлері және актерлері облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласына іссапармен барып қайттық. Басты мақсат - Шымкент қаласының мәдени тіршілігімен танысып, тәжірибе алмасу, режиссерлардың жұмыс  үрдісін көріп қайту болатын.

FE94C301-317D-4A59-A436-C7A377650343

 Барған күні Түркістан сарайының жұмыс барысы, ішкі тыныс-тіршілігімен таныстық. Көрме орталығында, әлі құрылысы аяқталмаған, биыл академиялық атағын алған Әл - Фараби кітапханасында болдық. Онда көне кітаптар, көне жәдігерлерді көріп, шығыс стилінде жасалған бөлмеде Әл - Фарабидің жүріп өткен жолдарымен, еңбектерімен таныстық. Бұл күніміз республикамызда алғаш ашылған әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығына барумен аяқталды. Орталықтың директоры Сұлтан Сраилов мырза қабылдап, жұмыс барысына бойлатты. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, мәдени мұрасымен танысып, рухани азық алдық. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының үлгілеріне қанықтық.

Келесі күні Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында С.Қасымбектің “Наурыз көне Шымқалада” таңғажайып хикаятын тамашалап, 2200 жылдық тарихы бар Шымқала туралы біраз мағлұматты жадымызға тоқып алдық. Кейін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына барып, осы театрдың режиссері өнер орнының тыныс-тіршілігі, әсіресе қуыршақтар бөлмесі, цехы туралы қызықты әңгіме өрбітті. Шымкент опера және балет театрында қойылған Т.Жармұқаметтің “Домалақ ана” операсы бізді ерекше әсерге бөлегенін айтқан жөн. Батыл да қайсар, бір елге ақылшы бола білген Домалақ ананың образы суреттелген қойылым жоғары деңгейде өтті.

Бұрынғы қаланың орнына салынып жатқан “Цитадельде” болдық. Бұл жерде көне қаланың үлгісімен тұрғызылып жатқан ескі қала қамалдары мен шығыс стиліндегі жәдігерлермен таныстық. Осы күннің соңында Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің Абай атындағы орталық кітапханасында шымкенттік өнер және мәдениет майталмандарымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Ең бірінші пилоттық жобада жұмыс жасап жатқан кітапхана қызметі таныстырылып, содан кейін халық театрларының жандануы, дамыту барысы, әртістердің шеберлігін арттыру туралы ой қозғалды. 

Іссапарымыз Шымкент қалалық сатира және әзіл-сықақ театрында жалғасын тауып, белгілі америкалық драматург Нил Саймонның “Әумесерлер” комедиясын көру мүмкіндігіне ие болдық. Мән-мағынасы өте жоғары қойылымда, әсіресе қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлап жеткізуде әртістердің шеберлігіне тәнті болдық. Қойылым біткен соң театр ұжымы біздер үшін әртістермен пікір алмасу ұйымдастырды. Әріптестік тұрғыда пікір алмасудың өте пайдалы болғандығында сөз жоқ. Өнерлі қаламен танысу одан әрмен жалғасын тауып, Шымкент қалалық орыс драма театрында болып, Григорий Гориннің “Атың өшсін, Герострат” трагикомедиясын тамашаладық. Спектакль соңында әртістермен арнайы тілдесіп, естелік фотосуретке түстік.

Қызықты да терең мағыналы шаралар жалғасын тауып, қала шетінде орналасқан "Қылует” жер асты музейіне де бас сұқтық. Музейдің директоры К.Қарабдалов жер асты мұражайымен таныстырып, осы музей салынар алдында аталардың аруақтары өзіне аян беріп, 9 ай бойы жер астын 70 метр тереңдікте қазып, осындай музей тұрғызғанын және қазіргі таңда бұл музейге Қазақстанның түпкір-түкпірінен туристер көптеп келетінін баяндады. Мұнан әрі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге де ат басын бұрдық. Бұл тағылым алар жерде саяси қуғынға ұшыраған Алаш зиялылары туралы құнды мәліметтерге қанықтық. Экскурсия соңы қуғын-сүргін құрбандарына арналған шағын бейнефильм көрумен аяқталды.

Сапарымыз киелі Түркістан қаласындағы қасиетті жерлерді аралаумен жалғасты. Арыстан баб кесенесі мен Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде болған сәттерімізде ерекше толқыдық. Қожа Ахмет Иассауи мавзолейіндегі құнды жәдігерлер, ортағасырлық құдық, хандарымыздың, батырларымыздың соғыс қарулары, хаттары, әсіресе Абылай ханның жерленген жерінде болып, керемет әсер алдық. Түркістан сапарындағы басты мақсат - қала шетіндегі ұйымдастырылған мерекені тамашалау болды. Қала шетіндегі этноауылда Наурыз мерекесіне арналған театрландырылған мерекелік концертті тамашаладық.

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы ұстанатын оңтүстік өнерпаздарының мерекелік концерті де жақсы көңіл күй сыйлады.

Жұмыс сапарымыз осылайша терең мағыналы, түрлі мағлұматтарға толып, ерекше әсер қалдырғанын айтып жеткізе алмаспыз. Бұл іссапарды ұйымдастырған облыстық халық шығармашылығы орталығына, әсіресе осы орталықтың көркемдік жетекшісі Арайлым Ихсановаға және осы сапарға баруға мүмкіндік туғызған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязовқа, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Сайын Ажғалиевке алғысымды білдіремін. Мәдениеттің рухани орталығы саналатын бұл жер бізге тың идеялар мен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Осындай өнер орталықтарында болу, өзара ой бөлісу театр режиссерлері үшін ерекше қажет деп білемін. Көкірегіме түйіп келген тың ойлар, жаңа ізденістер ауданымыздағы театр саласының дамуында өз септігін тигізеріне сенімдімін.

 Жалғасбек Мырзагереев,

Халықтық “Шаңырақ” театрының режиссері

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале