18.10.2021, 10:24
Оқылды: 84

«Jastar kerueni» -  Жаңақалада

Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші. Оны уақыт та, өмір сүріп отырған қоғам да әлдеқашан дәлелдеп берген болатын. Қазан айының 15-і күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауыл жастарын қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты «Jastar kerueni» жобасы Жаңақала ауданына ат басын бұрды. Рухани орталық ғимаратының мәжіліс залында өткен кездесуде облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров келген мақсаттарын айтып, спикерлерді таныстырды. Сонымен қатар аудан әкімшілігіне алғысхат табыс етті.

IMG_6734

Айтыскер ақын, талантты жерлесіміз Орынбек Меңдіқұлов жастарға сәттілік тілеп, өзінің өнер жолы туралы ақпараттарымен бөлісті. Теректілік ақын Дәурен Шамұратов та ортаға шығып, киелі Жаңақала жеріндегі әсерлі естеліктерін айтты.

- Жаңақала ауданы келген сайын таң қалдырудан жалықпайды. Бұл жерде менің достарым, бауырларым, ағаларым бар. «Қазақ даласындағы күй астанасы – Жаңақала» деген Әбіш Кекілбай атамыздың сөзі бұл ауданның мерейін асырып тұр. Күйшілік өнерден бөлек, ақындардың да ордасы дер едім. Жаңақаладан шыққан біз қатарлас жас ақындардың барлығы дерлік Қаһарман Зинуллин ағамыздың әңгімесін тыңдап, рухани мектебінен дәріс алған. Жаңақалалық ақын бауырларымыз республиканы, Ақ Жайық өңірін мойындатып, түрлі мүшәйра, айтыстарда жүлде салып сіздерді қуантып жүр. Өздеріңізді көргеніме, осындай жақсы кездесуде болғаныма сондай қуанып тұрмын,-деді Дәурен Ибатұлы.

IMG_6816

«Назар аудар» театрының актері, жайдарманшы Самат Қабдиев: - Бізді ешкім танымайтын кезде, эфирге шықпаған кезде концертімізге келіп, барынша қолдау білдірген 3 аудан болса, соның бірі - Жаңақала. Жаңақалаға келсем құдды бір өз ауданымда жүргендей сезінемін. Таланттылар молынан шоғырланған киелі мекен. Өрлей берсін, өсе берсін, жаңарып, жайнай берсін! - деді.

Кездесу барысында ауданымыздың белсенді жастары көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін айтты.

Одан кейін жиналған жастар «Жас отбасы және отбасылық құндылықтар», «Жас көшбасшы» атты семинар-тренингтерге қатысты.

IMG_6848 (1)

Жоба соңы концерттік шараға жалғасты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әртісі Жаңылсын Хасанова бастаған өнерлі жандар аудан халқына әдемі әсер сыйлай білді.

IMG_6821

Мерекелік концерт аяқталған соң аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Қобыланды Сапиуллин аудан жастарының атынан және ұжымының атынан «Jastar kerueni» жобасымен келген барлық жанға алғыс білдірді. Кеш соңы естелік суретке түсуге ұласты.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале