24.08.2020, 9:28
Оқылды: 55

Казталовта "Ет индустриясы" ЖШС мал азығын дайындауда тамшылата суару әдісін қолға алды

Ауыл шаруашылығы саласында тың технологияларды қолдану ресурстарын тиімді пайдаланып, күтілетін өнімді еселеуге мол мүмкіндік алуға әбден болады. Осы тәсілді толық түсінген іскер шаруалар өнімнің мол болатынын көпке дәлелдеп, алқаптарды тамшылатып суару әдісімен кеңірек жұмыстануды енгізуде.

Tamshylatu (3)

Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңірлер үшін бұл ең тиімді әдіс. Бүгінгі таңда іскерлігімен танылған жергілікті қожалықтар өнімнің көлеміне емес, оның сапасының артуына көп көңіл бөліп, шаруаларын толығымен игеруде.
Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округінен жер алып, асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарын жетілдіре бастаған "Ет индустриясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құнарлы мал азығын дайындау мақсатында тамшылата суару әдісін қолға алып, елімізде алғашқылардың қатарында дала алқаптарын суаруға арналған RKD SL 1000 агрегатын іске қосты.

Tamshylatu (5)
– Қазір заманауи техниканың дамыған уақыты. Тиімді технологиялардың тың әдістерімен жұмыс істеу – заман талабы. Алғашқы кезеңде, әрине, ішкі нарық толығып содан кейін ғана экспорттық мүмкіндіктер бағамдалуы қажет. Қазіргі таңда біздер қолға алған шаруаларымыздың мейлінше дамып, серіктестігіміздің табысы молаюы жолында барлық тиімді әдістерді жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бүгінде біздің серіктестігіміз нарық бәсекесінде ел аузына ілігіп, әріптестері арасында кеңінен танымал болуда. Биыл ерекше маркалы арнайы агрегат машинасын сатып алып тамшылата суару әдісін аудан бойынша бірінші болып бастап кеттік.
Тиімді технологияны пайдаланып, тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы еселенген табысқа жетуге әбден болады. Оған кеткен шығынның өзін-өзі ақтайтынына сенім мол. Осындай әдіс су көзін үнемдеуден басқа, өсімдіктердің тамырына тыңайтқыштарды, зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді дала қосында жүріп, шетелдік агрегаттың тілін меңгерген жас оператор Жасқайрат Сариев.
– Біздің серіктестік жерге түскен ылғалды сақтау жолында тамшылатып суару жүйесін енгізе бастады. Ол бау-бақшадан басқа техникалық дәнді-дақылдарды өсіретін шаруалар үшін де тиімді болып тұр. Әзірше бұл әдісті аудан бойынша біздің шаруашылық қана қолға алды. Болашақта қатарамыздың көбеюі де әбден мүмкін. Жаңадан әкелінген RKD SL 1000 агрегатынының жалпы ұзындығы мың метр. Өндірістік қуаттылығы бір сағатта 875 текше метр жерге су бүркіп, 308 гектар аумақты толық қамтиды. Испаниялық агрегат дизельді электр генератормен жұмыс жасап, интернет (смартфон) арқылы да еркін басқарылады. Оның басты тиімділігі суды үнемдеп қана қоймай, жұмыс қолын да азайтады. Салыстырмалы түрде айтсақ, осыншама жерді бір адаммен де суара беруге болады, – дейді жергілікті серіктестік басшысы Сергей Горовой, бізбен болған қысқа әңгіме барысында.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале