12.04.2023, 19:52
Оқылды: 48

Кеңестегі басты мәселе − мал ұрлығы

Тілеген Арыстанбековтың төрағалығымен аудандық кеңес отырысы өтті. Аталмыш жиынға кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері және тиісті мекеме қызметкерлері қатысты.

WhatsApp Image 2023-04-12 at 16.37.39 (2)

Кеңес отырысында мал ұрлығының алдын алу бойынша аткарылған жұмыстар, ауылішілік жол жүру ережелерін сақтау, оқушылардың қауіпсіздігін камтамасыз ету, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, аудан аумағында санитариялық-экологиялық айлық өткізу туралы және аудан мәслихатының «Бөкей ордасы ауданы бойынша шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы» туралы мәселелер талқыланды.

WhatsApp Image 2023-04-12 at 16.37.39 (3)
− Өткен аудан бойынша барлығы 12 мал ұрлығы тіркелсе, биылғы жылдың өткен үш айында алты мал ұрлығы тіркеліп отыр. Округтерге таратып айтсақ, Бисен ауылында бір қылмыс фактісі тіркелсе, қалған ұрлық фактілері Сайқын ауылдық округінің аумағында орын алған. Мал ұрлығын және малдың қатысуымен жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында барлық ауылдық әкімшіліктерге малды бағып ұстау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жіберілді. Сонымен қатар, бағымсыз жүрген малды қамайтын орындар белгілеу туралы да ұсыныстар берілген болатын. Алайда, қазіргі таңда мал қамайтын орын тек Сайқын ауылында бар. Қалған ауылдық округтер әкімдері аталмыш қоймаға қаражат жоғын жеткізіп, мал бағу кезегін ұйымдастыруға адам шықпайтынын айтуда. Сондықтан полиция кызметкерлері жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен бірігіп бағымсыз жүрген мал бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабымен ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабы бойынша 42 хаттама толтырып 244 950 теңге көлемінде айыппұл салып, соның 234 600 теңгесі өндірілді, − деді өз баяндамасында жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің бастығы Дәурен Сертеков.
Өз кезегінде аудандық кеңес мүшесі және аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева аталған жайттарға орай пікірін ортаға салды.
−Жоғарда көрсетілген айыппұлдың басым бөлігі малын бақпайтындарға емес, шаруа қожалық жетекшілеріне салынғаны бәрімізге мәлім. Дегенмен, аталмыш заң жергілікті жерге келеді деп айтуға қиынға соғады. Далада жүрген малды бағып ұстау оңай емес. Ендігі кезекте назарымызды мал ұрлығына аударсақ. Өткен және биылғы жылы орын алған мал ұрлығының нешеуі ашылды? Сөздің ашығы керек, сараптап көрсек, аудандық ішкі істер бөлімі мүлдем жұмыс істемейтін секілді болып көрінеді. Сол шаруа қожалықтардың малын ұры қоймаса, «сендер малды бақпайсыз» деп сіздер келіп айыппұл саласыз. Бұл әділдікке жатады ма?−деді Лариса Қайырғалиева.
Сонымен қатар мәслихат төрағасы аудан депутаттар атынан жоғарыда аталған заңнаманың орынсыз екенін, жергілікті полиция қызметінің сын көтермейтінін айтып, тиісті сала басшыларына хат жазылатынын ескертті.
Аудандық кеңес мүшесі және аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев те мал ұрлығы туралы өз пікірін білдірді.
−Қазіргі таңда аудан тұрғындарының бәрі де кімнің ұры екенін, кімнің сол ұрыларға қалқан боп отырғанын жақсы біледі. Бұл масқара ғой. Аталмыш мәселе бойынша, нақты заң қызметкерлерін тексеруге арнайы топ жіберуін талап етуіміз қажет. Қоғамдық кеңес мүшесі болып тиісті органдарға арызымызды жеткізу қажет деген ойдамын, − деді Мейрамбек Аққалиев.
Ал, жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің бастығы Дәурен Сертеков:
− Иә, қазіргі таңда нақты мал ұрлығы ісінің қаншасы ашылғанын айта алмаймын. Жалпы бүгінгі баяндаманы аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Жангелді Салауатов жасау керек еді. Дегенмен, нақты мал ұрлығы қатысты іс жүруде. Ал бұл жағдай қызметтік құпия, − деді Дәурен Сертеков.

Еркебұлан Рахметолла,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале