18.06.2021, 9:53
Оқылды: 31

Көңілге медеу болған сол бір хаттар...

Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласындағы жауынгерлер мен шалғайда қалған туған-туыстардың арасын үшбу хаттар жалғастырды. Ол хаттар – майдан оқиғаларын, хат иесі туралы нақты мәлімет беретін, уақыт ырқына бағынбайтын құжат. Сол сарғайған бір жапырақ қағаз – бір отбасының жәдігері, ал музейлердің – зерттеуге арналған құжаттары.

F7635447-F4C9-45B8-81E8-1606596A9E0B

Облыстық Хан Ордасы музей қорығының қорында майдан хаттарының бірнешеуі сақталған. Солардың екеуі 1909 жылы Орданың Жетібайында туған ноғайбайлық Батан Еленовтың ұлы Қайырғалидың хаты. Ол 1939 жылы Орда парткомында жұмыс жасап жүргенінде Қызыл Әскер қатарына шақырылып, Орынборда әскери даярлықтан өткен. Сол жағынан 1942 жылы майданға аттанған екен. 11- гвардиялық атқыштар дивизиясының арнайы оқу батальонының атқыштар взводының командирі гвардия лейтенанты Қ.Батанов 1944 жылы хабарсыз кетеді. «Память народа» сайтынан Қайырғали Батанов Мәскеу және оның айналасындағы қалалар мен ауылдарды қорғаудағы кескілескен ұрыстарға, Брянск, Смоленск, Витебск, Минск, Вильнюс шайқастарына қатысқаны анықталды. Майдангер атамыздың қорымыздағы 14.06.1944 жылы деп жазылған хатында:

«Амандық қат! София!!! Уфадан шыққалы ешкімнен де қат ала алмай әбден жабыққан едім, 12/VI-күні Сенің, Жамиланың, Раштің, Сапардың қаттарын алып және Сапардың қабарын естіп өзім ауылға барғандай қуандым. Менде өзің көргендей денім сау, аманмын. Алда не боларын кім білсін, қалайда жақында бір өзгеріс болса керек.

София сенің сұраған сүйіншіңе  қырғыздың өзің сияқты бір қара баласы  гвардия лейтенанты Серікбай Аркарбеков дегенді әзірледім, тіпті, тойыңа дейін өзімізше жасап шыны қағыстырып оңып қалдық. Оның қаты барар мөмкин барып та жүрген шығар. Өзім барғанда ала баратыным өзіңе басқа ғой. Жалғыз оның тілегін тілеп мені ұмытып кетіп жүрме! Сапарға да қат жазғам басқа не айтайын  шешеме, Мершетке, Зұлқарнайға Аюпке, Ұлғанымға, Шотайға менен сәлемде.

София!!! Сирағың да сақтиян етіктің қонышындай сорайып кеткен шығар дегенмен мектеп қасында оқуды жалғастыруың керек. Қатты үзбей жаз. Қош көргенше қолыңды бер! Хайрғали Менің Москвадан жіберген карточкам тарадыма?».

Ст.Сайхин. пос: Урда.Зап.Каз.обл. Урдинский р-н, Суюндукова с/с  к-з К-Маркс. Айтмагамбетова С. От Гвардия Лейтенанте 41186 «б» деп ауылдың мекенжайы көрсетілген. Үшбу хатта дала поштасы мен Орда поштасының мөрлері соғылып, басқа сиямен «30/VII.44 года» деген уақыт белгісі бар.

Екінші хат 24.06.1944 г деп белгіленген. Ол хатында кейіпкеріміз ауылда қалған туғандарының атап айтып, қалдерін сұрап, өз жағдайын баяндаған. Ол өз сөзінде «біздің өміріміз сағат сайын өзгеріп отырады ғой. Ендігі хатты жауды қуып, шаттықта жазуға бұйырсын» деп, бауырларынан фотосурет жіберуін өтінген екен.

Майдангер хаттарынан жезде мен балдыздың арасындағы ілтипатты, әзіл-қалжынды көруге болады. Бұл хаттар балдыздары Сапар, Аюп, Софья Айтмағанбетовтерге жазылған.

Осы хаттарынан кейін майдангермен хат-хабар үзілген. Сол кезде М.Горький атындағы мектеп ұстаздық еткен зайыбы Жәмила апай жұбайының хабарын іздеп, қарулас жолдастарына хат жазады. Көп ұзамай оның атына майдан даласынан жауап хат келеді.

Онда: «Тов Айтмагамбетова. Простите, что ваше имя не знаю, т.к вы не писали в письме. Я тоже из Западно-Казахстанской обл. В Урде неоднократно был в командировке. Уже 2 года в этой части. Жив. Здоров. Добиваем остатков проклятого фрица. Хайргали у меня был с марта по июня м-ца находились в место, а после чего его перевели в другую часть. До августа м-ца имели переписку, а после порвали связь. Причиной этого конечно война. В настоящее время я тоже потерял его адрес. По этому затрудняюсь Вам ответить. Женгей. Пишите письмо как протекает у вас жизнь. Это больше всего интересует нас. Если я не ошибусь, то вы работаете в школе учительницой. В НСШ или СШ и по какому предмету преподаете. Изменение в програме имеется или нет. Года три тому назад я тоже имел понятие по педагогической работа, а сейчас конечно забыл. Больше писать нечего, есть, но время подходить к ... Хат жазыңыз. Хош Усқақов 19.10.44» - деп жазылыпты.

Бұл Жәмила апайдың жұбайы жөнінде алған соңғы мәліметі еді. Соғыс өрті басылса да, қара қағаз келіп, «қаза болды» деген жандар елге аман оралып, «хабарсыз кетті» дегендер күндердің күнінде табылып жатты. Оны көрген Жәмила анамыз жұбайының жолын тосудан күдерін үзбеді. Тылда еңбек етіп, жеңістің келуіне өз үлесін қосты. Жұбайынан келген хаттарды көңіліне медет тұтып, оларды ұқыптап, ұзақ жыл сақтаған. Тек дүниеден озғаннан соң жәдігер болған, оқ-дәрі иісі сіңген хаттар біздің музей қорына тапсырылды.

Әрбір хаттың жолдарынан соғыстың демі, окоптағы қиыншылыққа толы күндер, солдаттың нәзік жүрегі мен Жеңіске деген сенімділігі сезіледі. Шын жүректен жазылған бұл  хаттар – біз үшін өшпес мұра. Сондықтан да олар өткен күннен естелік болып қала бермек.

Лунара Еділбаева,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық

музей қорығының ғылыми қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале