8.08.2022, 10:45
Оқылды: 23

Краншы Әлфия

Кейбір мамандықтарды тек ер адамдарға арналған деп санаймыз. Олар ауыр физикалық еңбекпен, төзімділікпен және батылдықпен біте қайнасып жатады. Алайда нәзік жандардың да бойынан табылатын бұл қабілеттер олардың ер-азаматтардан еш кем түспейтінін дәлелдеп келеді. Және көпшілігіміздің түсінігіміздегі «ерлерге арналған» мамандықтар арқылы әйел адамдар да табысқа жете алатынын өмір көрсетуде.

женщина (1)

Біздің кейіпкеріміз Әлфия Яхинаның да жас кезінде жасаған таңдауы өмірін түбегейлі өзгертті. Ол Орынбор облысында туып-өскен. Мектепті бітіргеннен кейін кондитер мамандығын меңгерген. Мамандығы бойынша үш жыл жұмыс жасаған соң басқа салаға ауысуға бел байлады.

– Бұрын салынып жатқан үйдің жанынан өтіп бара жатып, кран кабинасына жерден көз салып, сонда отырған және осы үлкен көлікті басқаратын адамды көруге қатты құмарттым. Ол жерге мені бір нәрсе тартып тұрды және сонда жұмыс істеу керек екенін сезіндім, – дейді Әлфия Ғатауқызы.

Әлфияның жанұясы оның таңдауын құптамайды. Бірақ кедергілерге қарамастан, ол кран машинисі курсына оқуға түседі. Алғашқы жылдары темір-бетон зауытында жұмыс істейді. Кейін тұрмысқа шыққаннан соң Шыңғырлауға көшіп, сүйікті  ісін  сонда  жалғастырды.

– Алғашында күйеуім де менің бұл әрекетімді құптаған жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе ол үйреніп кетті, тіпті мұнара кранының машинисі курстарына баруға рұқсатын берді, – дейді ол.

Әлфия ПМК-да жұмыс істей бастағанда басшысы мұнара кранының машинисі мамандығын қайта меңгеруді ұсынады. Ол ойланбастан келісімін береді. Курсты аяқтағаннан кейін Виктор Лукьяновтың командасында жұмыс істейді. Бригадамен бір­ге көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды, олар бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастыруда. Сол жылдары Әлфия Яхина крандағы жалғыз әйел болды. Оның  айтуынша, ер адамдармен жұмыс істеу әйелдерге қарағанда  әлдеқайда  жеңіл.

– Ер-азаматтармен жұмыс істеу оңайырақ. Олар маған әрқашан құрметпен қарайтын, ешқашан дауыс көтерген емес. Барлық мерекелерде құттықтап отырды. Әйелдермен тығыз жұмыс жасаудың орайы түспегенімен, ара-тұра келіспеушіліктер туындап тұратын, – дейді Әлфия.

Қанша жерден жұмысын сүйсе де, әр мамандықтың өзіндік қиындықтары бар. Өзі мойындағандай, кранда жұмыс істеген кезде демалыс күндері, оның ішінде декреттік демалысы да болған жоқ. Әлфияның мұндай еңбекқорлығына көпшілік таңғалды.

Олар тәуліктің кез келген уақытында вагондарды түсіру үшін жұмысқа шақырылуы мүмкін еді. Үнемі қысым үстінде жүретін және бір орында отырып атқарылатын жұмыс денсаулығына әсер етіп, арқасы мен аяқтары ауыра бастайды. Кранда жұмыс істеу – аса мұқияттылықты талап ететін ауыр жұмыс.

– Кранда жұмыс істеу құрылғыларды басқарып, жүк көтеру ғана емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, өйткені жаныңызда басқа да адамдар жұмыс істейді, осы тұрғыда аса мұқият болу керек. Сонымен қатар шудың арасында барлық командалар мен нұсқауларға құлақты түріп, сақ отыру қажет. Тағы бір ауыр тұсы – ауада қалқып тұрған күйде жұмыс істеу.

Желді немесе боранды күндері жұмысқа шыққан кездер болды. Кабинаны жел әрлі-берлі шайқағанда бойыңды үрей билейтіні өтірік емес. Бірақ солай екен деп қалған жұмысшыларды жолда қалдыруға болмайды, өзіңнен талап етілген нәрсені соңына дейін жеткізу керек, – дейді Әлфия Ғатауқызы.

Ол жастық шағы мен бүкіл өмірінің жұмыспен өткенін айтады. Бірақ барлық қарбалас жұмысқа қарамастан аяулы жар және ана ретінде айналасына мейірім төгіп келеді. Жұбайымен бірге Радик және Ринат есімді қос ұлды тәрбиелеп өсірді. ПМК ыдырағаннан кейін де қол қусырып, қарап отырмай, кез келген жұмысқа білек сыбана кірісті. Қиындықтарды да еңсерді.

Бүгінде ұлы Ринат, келіні Альбина және немерелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Әлфия Ғатауқызының қолтаңбасы қалған үйлерде ауыл тұрғындары тұрып жатыр. Ал немерелері болса, өздері білім алатын мектепті әжесі салғанын  мақтанышпен  айтады.

Екатерина Кива

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале