14.01.2022, 11:50
Оқылды: 31

Қыстақ жайымен танысты

Қыс қаһарына мінді. Мал тоқтады. Бүгінде шаруалар мал қыстағында жүр. Жалпы ауданда 101 мал қыстағы бар. Ол жерлерде 312 тұрғын жұмыс жасайды. Барлық қыстақ электр желісімен және ұялы байланыспен қамтылған. Сондай-ақ 110 техника қыстақта жұмыс жасап жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінен түскен мәліметке сенер болсақ, осы кезге дейін мал шығыны орын алмапты.

қыстақ (5)

Аталмыш бөлім берген мәлімет бойынша, тұрған малға 108,8 мың тонна шөп қажет екен. Бұл көрсеткіш осы күні артығымен орындалып, шаруалар 155,4 мың тонна шөп дайындап алған. Сонымен қатар қажетті 16000 тонна жем де толық жиналыпты.

Аяз қысып, арты шағын түтекке ұласқан шақта аудан әкімі Марат Тоқжанов қысқа тоқтаған мал жайымен танысу мақсатында бірнеше шаруашылыққа барып, қыстақ тынысымен танысты. Алдымен Махамбет ауылындағы «Шонайбеков» шаруа қожалығына тоқтаған аудан басшысы шаруамен тілдесіп, мал күйін қарады.

Негізінен мал басын асылдандырумен айналысатын шаруашылық жетекшісі Сергей Шонайбековтің айтуынша, қысқа қажетті жем-шөп жеткілікті екен.

-Қыс қорқытпайды. Қажетті мал азығы бар. Басты мақсатымыз – мал сапасын арттыру, ол бағыттағы жұмыстарды да ойдағыдай атқарып жатырмыз, – деді «Шонайбеков» шаруа қожалығының басшысы Сергей Шонайбеков.

қыстақ (2)

Қожалық жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі қар қалың түсіп, келер жылы егіннен жақсы өнім алатындай мүмкіндік бар екенін айтып, тілсіз жау, мал ұрылары мен ит-құстан сақтану шараларына да көңіл бөлу керектігін жеткізді.

-Нәпақасын малдан тауып, жергілікті өнім және мал сапасын арттыруда елеулі еңбек етіп жатқан жандарды қашан да қолдауға дайынбыз. Қазақтың ақбас сиыры мен шетелдік етті мал тұқымын өсіріп жатқаныңыз қуантады. Ең бастысы қыстан аман шығып, ірі қара санын ғана емес, сапасын да жақсартуда атқарып жатқан еңбегіңіз көпке үлгі, – деді.

Одан соң аудан әкімі Дариян ауылдық округіне қарасты Озерный елді мекеніндегі Ерболат Дөкеев басқаратын «Жөкеев Е.С.» шаруа қожалығының қыстағына ат басын тіреді. Жыл сайын мал санын арттырып, ауылға да көмек беруді ұмытпайтын шаруа өткен жылы арнайы қора салып, ісін кеңейткен. Болашақта мал басын асылдандыруды да қолға алмақшы.

Шаруаның ісіне оң бағасын берген аудан әкімі Марат Тоқжанов жаңа технологиямен қора салып, мал санын арттырып жатқан қожалық иесінің бастамасын қолдауға дайын екенін айтты.

қыстақ (4)

Өз кезегінде соңғы жылдары жайылым таршылық етіп жатқанын жеткізген шаруа Ерболат Дөкеев қосымша жер телімі болса деген тілегін білдірді.

Малға жайылым қашан да керек. Жұмыс жасап, елге пайдасын тигізер шаруаның сұрауы жерде қалмайтынын айтқан аудан басшысы округ әкіміне ауыл маңында игерілмей жатқан жерді рәсімдеп беруді тапсырды.

Өткен жазда қыстың қатты болатынын ескерткен аудан басшысы қажетті азықты артығымен дайындауды тапсырған болатын. Соны ескерген шаруалар шөпті артығымен дайындаған. Енді суық ұзамаса игі.

 

Арал Болпышұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале