18.10.2021, 11:34
Оқылды: 84

Қызылкөлдіктер жол қызығын көрмек

Алып қалалар мен аудан орталығынан тыс шағын ауылдарда да мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көруде. Мәселен, 17 түтіні бар кішкентай ғана Қызылкөл ауылында көгілдір отын, таза ауыз су өткізіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалғаны белгілі. Өткен жылы халықтың сұрауы бойынша көшелер жарықтандырылса, биыл аудан орталығы мен Қызылкөл ауылын байланыстыратын 5 шақырым жолға ағымды жөндеу жұмыстары жүруде. 

IMG-20211018-WA0002

Жергілікті бюджеттен 33 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген жолдың жөндеу  жұмыстарын мердігер «БатысСпецАвтоматика» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Тамыз айында басталған жұмыстар қараша айына дейін жалғаспақ.

Мердігерлердің мәлімдеуінше, жол жөндеу жұмыстарына 15-ке жуық  жергілікті ауыл тұрғыны, 10 техника жұмылдырылып отыр. Мамандар ағымды жөндеу болғанымен, жұмыс барысында жаңа технологияны қолдану арқылы жолдың сапасына аса мән беруде. Құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын қажетті материалдардың 100 пайызы отандық өнімдер.

«Өткен жылы Қызылкөл ауылының тұрғындары әкімдердің есептік жиынында ауыл ішін жарықтандыру, ауыл маңына қар мен жаңбыр суын «ұстап» қалуға бөгет салу және Шыңғырлау-Қызылкөл бағытындағы жолды жөндеу мәселелерін көтерген болатын. Жарық орнатылды, бөгет қазу жұмыстары аяқтала келсе, жол жөндеу жұмыстары да басталып кетті. Сондықтан бүгінде халық көтерген бұл мәселелер толық шешімін тапты деп айтуға негіз бар»,-дейді Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Әділ Қаражанов.

Осындай шағын елді мекен тұрғындарының да қажеттіліктері ескеріліп, тұрмыстық жағдайы  жасалса, қоныс аудару мәселесі де азаяры сөзсіз.

   Аман Ізмұхан,

zhaikpress.kz

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале