7.05.2021, 11:45
Оқылды: 91

Майдангер. Ұстаз. Қаламгер

Иә, Ұлы Отан соғысындағы неміс фашист басқыншыларына қарсы күрестің Жеңіспен аяқталғанына 77 жыл толып отыр. Содан бері қанша ма жел соқты, су ақты, уақыт өтті.

87735700-9C14-451E-9671-F921BCB36B3A

Заманына қарай қоғам өзгерді, қоғамына қарай адам өзгерді. Қазір миллиондаған адамның құрбандығымен келген Жеңісті мақтаушылар да, сұқтаушылар да бар. Өз отбасыларынан бір адамның бір тал шашы түспегендер үшін бұл бір киноның көрінісіндей шығар. Ал мыңдаған, миллиондаған жесірлер мен жетімдер үшін бұл орыны толмас қасірет. Мысалы, әкесі мен екі бірдей ағаларының сүйектерінің қайда қалғанын білмейтін, жары өмірден өткенше соғыс салған жараның зардабын тартып өткен анам үшін Жеңістің бағасы тым қымбат еді. Сондықтан да Жеңіс күні адамзат тарихында қасіретті де қасиетті күндердің бірі болып қалмақ.

Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласындағы сұрапыл шайқастарды бастан кешкендердің бірі – жаңақалалық Рахим Құдайбергенов еді. Отызыншы жылдардағы ойранды басынан кешіріп, алапат аштық пен елдің бас көтерген азаматтарын баудай орыған қырғынды көзімен көріп, әке мен анадан айырылып, соның салдарынан үш бірдей оқу орнын амалсыз тастаған Рахим неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыс майданына өз өтінішімен аттанды. 1942 жылдың қаһарлы күндерінің бірінде Жаңақазан ауылынан майданға аттанған жиырма алты жасар жігіт бастапқыда 61-ші атқыштар полкінің құрамында жаумен шайқасып, кейін Венгрия, Чехословакия жерлерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады. Осы елдерде ну ормандарда паналаған дұшпан әскерлерімен болған ауыр ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады. Ұлы Жеңісті Чехословакия жерінде қарсылайды. КСРО Жоғарғы Кеңесін Президиумының 1945 жылғы 25 қыркүйектегі Жарлығымен әскер қатарынан босап, елге оралады.

Майданнан оралған жауынгер ешқайда бұрылмастан өзі қызмет жасаған Жаңақазан ауылындағы С.М.Киров атындағы мектепке келіп, мұғалім болып орналасады.

Еңбектен қол үзбей жүріп, А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып, тәмамдап, 1957 жылы математика мұғалімінің дипломын алады. Осы киелі шаңырақта үзіліссіз еңбек еткен ұлағатты ұстаз 1977 жылы еңбек демалысына шықса да қызметін 1985 жылға дейін жалғастырды. Рахим Табылдыұлы аудандағы «Республикаға еңбегі сіңген мұғалім» атағын алған санаулы ұстаздардың бірі болды. Бұл марапатқа Рахаң әбден лайық еді. Себебі ауыл мұғалімінің алдынан кейін алты алашқа танымал болған арда азаматтар дәріс алған еді. Олардың бірқатарын атап өтсек, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ВАСХНИЛ-дың мүше-корреспонденті Ізтілеу Әбуғалиев, тарих ғылымдарының докторы Хамит Маданов, филология ғылымдарының докторы Әбділхамит Нарымбетов, заң ғылымдарының докторы, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясының авторларының бірі Калимолла Халиқов, медицина ғылымдарының докторы Әліпқали Жәрдемов, ұшқыш Қабдол Бектасов, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев, техника ғылмдарының докторы Жасқайрат Жалмұқамбетов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әмірхан Қарасаев, математика ғылымдарының докторы Жамал Құбатаева, техника ғылымдарының докторы Гамиль Хожин, ғылым кандидаттары Серікқали Шарабасов, Нәсіпқали Дәулетов, Амангелді Ғалымов болып жалғаса береді.

Ұзақ жылдар ауданның, шаруашылықтардың басқару саласында еңбек еткен Төлеген Мерғалиев, Ұзақбай Рахматуллин, Алма Жалмұқанова, Ғабдірашит Қарменов, Серік Сүндетқалиев сынды азаматтар да Рахаңнан дәріс алған.

Осыдан кейін Рахаңа республика халық ағарту ісінің озаты, «Аға мұғалім» атақтарының берілгеніне риза болмасқа лажың жоқ.

Рахим аға туған елінің тамыршысы еді. Ұстаздық қызметін қаламгерлерік қасиетімен шебер ұштастырған Рахаң туған өңірінің тарихын кеңінен толғап жазған адам. Әр кезеңде болған оқиғалар, сол оқиғалардың кейіпкерлері туралы толғамды ойларын кейінгі ұрпаққа қалдырған қайраткер ағаларымыздың бірі – Рахим Табылдыұлы. Ел аузындағы шешендік сөздер, өзі өскен өңірдегі ақын-жазушылардың жыр-толғауларын қағазға түсіргендердің бірі де Рахаң еді.

Жаңақала өңірінен шыққан С.Меңдешев, Ғ.Шоланов, М.Буткин, І.Еділбаев, Н.Залиев, әскери қайраткерлер Б.Шайхимов, Ә.Молдағалиевтер жөнінде жазған естеліктері ешуақытта мән-мағынасын жоймайтын құнды еңбектер болды.

Рахаңның көп жазып, көп жоқтаған шәкірттерінің бірі – Нағи Байғұлов еді. Зерделі шәкіртінің мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ математика пәніне жүйрік болғанын сағынышпен еске алады. Нағидың 10-сынып қабырғасында жүргенде-ақ стереометрияның орта мектептің жоғарғы сыныптарына арналған әйгілі ғалымдар Д.В.Гангнуспен Ю.О.Гурбицтің оқулықтарының кейбір формулаларын оңай тәсілмен қорытындылап, өзінің дәлелдемесін Алматы қаласындағы университетке жібергенін, кейін Саратов қаласына университетке түскенін тарқата жазып, осыншама талантты қыршын жастың майданнан оралмағанына өкінеді. Рахаң жұбайы Әсима апаймен бірге өз балаларына да терең білім, саналы тәрбие берген жан. Ұлы – Кандрат медицина ғылымының дәрігері, Гамлет – дәрігер, қызы – Сәуле де жоғары білімді көз дәрігері болды. Рита – өзінің жолын қуып, математика пәнінің мұғалімі, ұлы Әлмарат инженер мамандықтарын таңдады.

«Халқы сүйген тұлға естелік болып мақталады, ескерткіш болып сақталады» дегендей, осынау Жеңіс күні қарсаңында толарсақтан қан кешкен майдангер, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер ағамызды бір мәрте еске алғанды жөн көрдік, қадірменді ағайын.

P.S. Оқырман жерлестердің қаперіне! Көп ұзамай Рахим бабамыздың немересі Айгүл Әлмаратқызы Рахимованың ұйымдастыруымен шығатын ардагер азамат туралы жазылған, оның көптеген еңбектері енген «Туған елдің тамыршысы» деген жинақ қолдарыңызға тиетін болады.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Суретте: Ұлы Отан соғысы және білім саласының ардагері Рахим Құдайбергенов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале